«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Таңат БЕЙСЕНБАЕВ: “РУХАНИЯТТАН АЛЫСТАҒАН АДАМ ДАҒДАРЫСҚА ҰШЫРАЙДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Таңат Ошыбайұлы, әңгімені әріден бастайық, Арқаның сал-серілерін үлгі тұтқан жасқа атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті атанып, Батыс ән мектебінің мақамын меңгеру оңай болмаған болар.

– Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс дәстүрлі ән мектептері барын жақсы білерсіз. Арқада тұрып, бұл жақтың ән айту стилі бойымызға сіңгендіктен Ғарифолла ағайымның дәрістері оңай тие қоймады. Әскер қатарынан келген соң Алматы қаласындағы Республикалық эстрада-цирк өнер студиясындағы Батыс ән мектебінің өкілі, сәйкесінше мақамы да өзгешелеу Ғарифолла Құрманғалиевтің мектебіне түстім. Оны абыроймен бітірдім.

Оқуға түсерде бірнеше кезеңнен өтесің. Ғарекең мені көрді де, бірден “Мен мына баланы аламын. Маған келетін болса, әрі қарай сынақтан өтудің қажеті жоқ”, – деп комиссияға турасын айтты. Ғарекеңнің осы сөзінен кейін бас тарта алмадым. Алдағы кезеңдердің қалай болатыны бір Құдайға мәлім. Ғарифолланың көзіне түскенім – бағымның жанғаны. Ал Арқа ән мектебінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебеков емтихан кезінде іссапарға кеткен екен. Бала жасымнан басталған өнер жолым осылай жалғасты.

– Жақында интернетте “1987-жылғы терме жарыс. Асылмұрат Аханов пен Таңат Бейсенбаев” деген бейнежазбаны көзім шалды. Бұл қандай байқау еді?

– Сол кезде республикалық айтыс ақындары мен жыршылардың командалық байқауы өтетін. Талап бойынша 5 ақын, 4 жыршы қатысу керек. Облыстан Кеңес Тынымбаев, Есіл ауданындағы Заградовка кеңшарында тұрған ақын Қонысбай Әлжанов, Нұрлан Қасымов, Ерік Асқаров, Бүркіт Бекмағамбетов, Баян Темірбаева сынды өнерпаздармен бірге өңір намысын қорғадық. Команданың басшысы – Бүркіт Бекмағамбетов.

Сонда Жәнібек Кәрменовтің толғауын айттым. Қазіргі айтып жүрген толғау – әбден өңделген нұсқасы. Ал менің айтқаным жаңа шыққан, бастапқы жеті шумақ еді. Кейін Ж.Кәрменовтің өзі жолдарын өзгертіп, өзгерістер енгізген болатынды. Алматыда “Солтүстіктегі халықтың небәрі 9 пайызы ғана қазақ, бізде Атырауда 90 пайыз. Біз бұлармен шықпаймыз”, – деп менсінбей дау шығарған атыраулықтарды, Қарағандыда өткен айналымда көршілес жатқан Қостанайды жеңсек, Павлодар қаласында өткен финалда жезқазғандық өнерпаздардан жеңілдік. Сіздің көрген бейнежазба сол Жезқазған өңірінің термешісімен жарысып отырғаным болар. Сол байқауда 19 облыстың ішінде төртінші орынға тұрақтадық.

– Терме демекші, облысымызда қазір термеші жоқтың қасы. Термешілер мектебі неге қалыптаспаған?

– Жоқтың қасы емес, мүлдем жоқ. Біздің өңірде терме, жыр – кенже қалған өнер. Бізде көбінесе әнге ғана көңіл бөлінеді. Жыр, терме деген батыс өңірлерде жақсы дамыды. Терме көбінесе батыс стиліне ұқсас.

Бізде термені Амангелді Рамазанов, Есіл ауданындағы Тоймырза Абашов, Ақжар ауданындағы Мейрамгүл Здуалиевалар ғана айтады. Ал жастар жағында терме айтуға құлшынып тұрған бір жан көрмейсің. Бұрын Кәмила Әлібаева апаңыз екеуіміз терме айтатынбыз.

– Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінде тәлімгер болғаныңызды білеміз. Алайда ашылғанына бес жылдан астам уақыт өткенімен ауыз толтырып айтарлықтай жетістік жоқ. Неге?

– Мен ол жерде көп жұмыс істеген жоқпын. Бастапқы кезде ән мәтінін үйрету бағытында тәлім беріп, екі айдай еңбек еттім. Кейін негізгі жұмысымның ыңғайы келмей, бұл ісіті дәстүрлі әнші Амангелді Рамазанов қолына алып, әрі қарай жалғастырды. Бұл игі істі қолға алған інілеріме қол ұшын беріп, ұйымдастыру кезінде қолдауымды көрсеттім.

– Облысымыздың намысын қорғап түрлі байқауға шығатындар не сәні мен салтанаты жарасқан шапанға, не жөні түзу аспапқа жарымай жүреді. Бұл өнерге деген немқұрайдылықтың салдары емес пе?

– Қазақ өнеріне биліктегілердің көзқарасы оң болу керек. Біз қазір қайта жоғары деңгейге көтерілдік. 1978 жылы оқу бітіріп, филармонияға әнші болып жұмысқа орналасқанымда концерттерде домбырамен сахнаға шығып ән орындасаң, көрермендер залда күліп отыратынды. Қазақ труппасы болмаған соң орыс труппасымен көптеген іссапарларға шықтым. Александра Рязанцеваның “И смех, и песня, и любовь” ансамблінің ұжымында ән айтып жүрдім. Жұрт мазақ қылып, келеке етсе де, әнімді айтып жүре бердім. Сол уақытта жылтың-жылтың күлетін көрермендер қазір домбыраның үні шықса, арқаланып шығатын дәрежеге жетті. Соның өзі – мерей.

Биліктегілер өнерпаздар қауымына көңіл бөлсе, өнердің шығар биігі асқақтай түседі. 1989 жылы Қызылордада байқау өтіп, соған қатыстым. Сол кезде оңтүстік өңірлердегі жігіттердің бір басында сахнаға киіп шығатын үш-төрт киімнен болатын-ды. Қазір де солай. Оңтүстік өнерпаздары өте бай. Ал біздікілер әлі де жұпыны киінеді. Мысалы, дәстүрлі ән айтып, күй тартатын замандастарымыздың үстінде үш-төрт шапаннан болуы тиіс. Қзір бір-бірінен асып түсетін шеберлер бар. Солар тігіп береді ғой қажет болса. Бір жылда бес домбыра, бес шапан алып берсе, келесі жылы тағы соны қайталаса, ақырындап ұлттық өнеріміздің келбеті оңалар еді.

Қалада өткен қаншама іс-шаралардың басы-қасында жүрдім. Сонда басшылық басында құттықтау сөз айтса, екі-үш нөмірден кейін, кетіп қалатын немесе марапат беретін кезде, яғни концерттің аяқталуына екі нөмір қалғанда келе қоятын. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қала күніне арналып қойылған концерттің соңына дейін тапжылмай отырғанын көріп қуандым. Концерт біткен соң ғана орнынан тұрып кетті. Артында отырған мамандар телефондарын шұқылап, ойлары басқа әлемде болып отырды. Сондай мамандар руханияттың жайын ойлай ма? Өңір басшысы келесі күні үздік аудандық Мәдениет үйлерінің галаконцертін басынан-аяғына дейін тамашалап, үздіктерді марапаттап, концертті аяқтап кетті.

Биыл Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанның айтыс ақындары мен жыршылардың командалық кездесуі өткізіледі деп жоспарланған еді. Су тасқынының салдарынан бұл ой жүзеге аспай қалды. Әйтпесе Жарқын Жұпархан бауырымыз қуанып, сүйінші сұраған еді. Облыс әкімі домбырасын да, шапанын да әперетінін айтқан болатын. .

– Оразкей Шарапиденов есімді автор жақында жарияланған “Мұсаның қонысы” мақаласында Есіл ауданының орталығы Явленканың байырғы атауын қайтарып, Мұса деп өзгертуді ұсынды. Осы ауданның тумасы ретінде өз ойыңызды айтсаңыз.

– Мені өнерге алып келген ұстазым – Қытайдан қоныс аударған қазақ Сыдық Мұсақожаұлы болатын. Керемет өнерпаз. Жеті тілде еркін сөйлейтін. Ойнамайтын аспабы жоқ. Ұстазымның әке-шешесі бір келгенінде “Облыс орталығынан Бұлақ ауылына автобуспен келе жатқанда Явленка деген жерге тоқтадық. “Явленка біз алғаш рет 1954-1955 жылдары осы жаққа келгенімізде Мүсін еді. Көзімізге оттай басылды. Аудан орталығы екен”, – деді.

Мұсаның қонысы екенін жазушымыз Сәбит Мұқанов “Өмір мектебінде” де жазған еді. Расында қазіргі жастардың көбі Явленканың бұрынғы атауын біле бермейді. Сол мемуарлық шығармадан орыстардың Мусин, қазақтардың Мүсін деп атағаны жайлы мәліметтерді кездестіре аласыз. Оның сыры – Явленка Мұсаның жері болғандықтан орыстар “Мусино имение” (Мұсаның қонысы) деп атап кеткен.

Қазақтың байырғы атауын қайтаратын жалғыз Есіл ауданының Явленкасы емес. Бұл – облыстағы өзекті мәселелердің бірі. Әуелгі атауларын қайтару керек қазақтың небір тамаша жерлері бар. Көбеш, Ақжар, Жекекөл, Бақырілген, Қаражар деген атаулар естігенде құлағыңның құрышы қанады. Ономастикалық комиссия өкілдері дұрыстап жұмыс істеуге тиіс.

– Зиялы қауымның ортасына түсе қалсақ, руға бөлініп, әңгімелері Керей, Уақ, Арғынның төңірегінен әрі аспайды. Қашан рулық деңгейден шығып, ұлттық болмысымызға назар аударамыз?

– Әркім өзінің атасын, шыққан тегін білгені дұрыс. Бірақ орта қазақ болу керек. Біздің ұлтымыз – қазақ, ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш екенін ұмытпауға тиіспіз. Жүрегі қазақ деген азаматты “Өй, Арғын”, “Әй, Керей”, “Ей, Уақ” деп кеудесінен итеретін болсақ, ешқашан ел болып оңбаймыз. Ойлау жүйеміз ру төңірегінде қалса, көлденең көк атты билеп-төстеп, төбемізге шығып алады. Тәуелсіздігімізді ауызбіршілік, ұлттық мақсат арқылы сақтай алатынымызды қаперден шығармайық.

Ел болу үшін ұлттық мүддеге қызмет етуіміз керек. “Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Шеге қақсаң кірмейді, балталасаң жарылмайды, ал өз-өзіне соқсаң, бытшыты шығады. Қазақтарды дәл осындай әдіспен құрту керек”, – деп Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М.М.Сперанский патшаға жазған хатындағыдай қазақтар ру-руға, жүз-жүзге бөлініп, қырылып қала жаздады. Рулық сезімнің мемлекетімізді төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры анық ел қылмайтынын түсініп, “Ата тегіміз – қазақ!” деген ортақ ұранмен жүрер болсақ, биіктерден көрінеміз.

– Жұмыста жүрген адам қоғамда болып жатқан көп нәрсеге мән бермеуі мүмкін. Қазір зейнет демалысындасыз. Бос уақыт көп. Көкейіңізде қандай ой жүр?

– Кітапханада, театрда өтетін іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Адам өз-өзін жоғалтпау үшін руханияттан алыстамауға тиіс. Руханияттан алыстаған адам міндетті түрде дағдарысқа ұшырайды.

Байқасам, мәдениетімізде жеңіл-желпі дүниелер қаптап кетіпті. Біздің кезімізде сахнаға шығаратын туындыларды филармонияның ішіндегі, басқармадағы, министрліктегі көркемдік кеңестен өткізіп барып, елге ұсынатынбыз. Концерттік бағдарламаға ену үшін екінші рет емтихан тапсырғандай әсер қалдыратын. Қазір кейбіреулер фонограмма жаздырып, сахнада қолына микрофон ұстап алып, селтең-селтең жүреді. Одан қалды халықтың билетіне байып алған шоу бизнес өкілдері көрермендерін балағаттап, ыржың-ыржың етіп халықтың өзін мазақ қылады. Өнердің қадірі кетіп, сахнаның берекесі қаша ма деп алаңдаймын.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Оймақтай ой

Әркім өзінің атасын, шыққан тегін білгені дұрыс. Бірақ, орта қазақ болу керек. Біздің ұлтымыз – қазақ, ұранымыз –Алаш, керегеміз – ағаш екенін ұмытпауға тиіспіз. Жүрегі қазақ деген азаматты “Өй, Арғын”, “Әй, Керей”, “Ей, Уақ” деп кеудесінен итеретін болсақ, ешқашан ел болып оңбаймыз. Ойлау жүйеміз ру төңірегінде қалса, көлденең көк атты билеп-төстеп, төбемізге шығып алады. Тәуелсіздігімізді ауызбіршілік, ұлттық мақсат арқылы сақтай алатынымызды қаперден шығармайық.

Өмірдерек

Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Бұлақ ауылы.

Туған жылы: 27 қараша 1955 жыл.

Марапаты: Мәдениет саласының үздігі.

Мамандығы: дәстүрлі әнші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp