Петропавлда 19 қыркүйекте “Сенім” жобасының жаңа маусымы басталады. Әйелдерге арналған жобаның мақсаты – күнделікті күйбең тірлік соңында жүріп, өзін ұмытып, тіршілік тауқыметіне беріліп, өмірде өз орнын таба алмай аласұрған әйелдерге көмектесу.
Екі айға созылатын бұл бағдарламаға қатысу үшін өтінім беру 20 тамыздан басталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға 15-тен астам серіктес демеушілік көмек көрсетеді. “Атына заты сай” дегендей, жоба нәзік жандардың ішкі жан дүниесінің, сыртқы келбетінің өзгеруіне үлес қосып қана қоймайды, қыз-келіншектердің бойына батылдық пен сенім ұялатуға да ықпал етеді.
– Әйел бақытты болса ғана отбасы бақытты болады. Біздің мақсатымыз – өмірде өздеріне көңіл бөлуді ұмытып кеткен қыз-келіншектерге көмектесу. Себебі сұлулық – әйел адам үшін, ең алдымен, көтеріңкі көңіл-күйдің, табыстың кілті. Өз-өзіне сенімді әйел отбасында да шуақты атмосфераны қалыптастыра алады. Ал жаны мен тәні сұлу әйел – қоғамға қажет. Өйткені өзіне сенімді қыз-келіншектер жақсы ана, ақылшы, салиқалы, мәдениетті, сапалы да білімді ұрпақты тәрбиелейді, үйдің береке-ырысын арттырады, – деді “Сенім” жобасының ұйымдастырушысы Мөлдір Пилалова.
Жоба барысында қатысушыларға медициналық көмек көрсетумен қатар, психолог, заңгер, стилист мамандар да қолдау білдіретінін айтып өту қажет. Нәзік жандардың өмірін жарқын жаққа өзгертуге кәсіпкерлер де өз үлесін қоса алады. Осыған дейінгі маусымның сәтті аяқталғанына көңілі толған ұйымдастырушылардың келер күннен де үміті зор.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.