«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗДІҢ ЖАРЫ ЫРЫСБИКЕ ЖАЙЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың киелі жерлерін ара­лау, тәу ету, тағзым жа­сау мақса­тында тарих тарлан­боздары құн­дақталған киелі ме­кен Қызыл­жарға келдік. Сапар ба­рысында атақты Қожаберген жы­раудың жат­қан жеріне барып, Сегіз се­рінің ұрпақтарымен кездес­тік. Та­рихын зерделеп, тере­ңірек та­ныстық. Қанша деген­мен, кітап­тан оқыған бір бөлек те, өз көзің­мен көрген мүлдем бө­лек дүние ғой. Сезінесің, тере­ңірек ұғына тү­сесің.

Сегіз сері біздің Ырысбике деген апа­мызға үйленген, яғни туыстық жа­ғынан жезде болып келеді. Се­гіз сері әрі батыр, әрі ақын, әрі композитор болған өз зама­нының озық ойлы адамда­рының бірі еді. Ол жайында Бек­сұлтан Нұржекеұлы: “Өзінің өлең­дері мен замандастарының айтуына қара­ған­да, оған Сегіз сері деген ат өте ерте қойылған. Ол он жа­сында Омбы медресесі­не ба­рып, онда алты жыл оқы­ған. Орысшаны оқытушы жал­дап үй­ренген. Мен атақты ба­тырлардың, әйгілі адамдардың ұрпағы­мын деген ұғым оны бала кезінен баулыған. Сондықтан ол өзінің жү­ріс-тұрысына, ісі мен сө­зіне жас кезінен жауапкер­ші­лікпен қа­раған. Соның нәтиже­сінде Ом­быдағы медреседе оқы­ғанға дейін-ақ ол домбыра шер­тіп, қо­быз тартып, садақ атып, найза түйреп үйренген. Батыр ба­бала­рына ұқсап киініп, бес қа­руын асынып жүретін болған. Сондық­тан оған “Сегіз жасар сері”, “Сегіз қырлы, бір сырлы бала” деген сөздің екеуі де жа­расымды еді. Мұхаммед-Қанафия атының ай­тылмай, Сегіз сері деген атау оған ерте берілуі осы екі сөздің бір арнада тоғы­суынан да бол­ған шығар деп ой­лаймыз. Өйт­кені, ол медресе қа­бырғасында жүргенде-ақ солай аталған”, – де­п жазады. Жа­зу­шының “Айқын” газетінде жарық көрген осы мақаласында оның әкесі Баһ­рам жайында көп айты­ла бер­мейтіні тілге тиек еті­леді. Деген­мен, баласының атын Мұ­хам­мед-Қанафия деп қоюына қа­ра­ған­да, өзіндік білімі бар, ата жо­лын ардақтаған азамат екені кө­рініп тұр. Атасы Шақшақ та ба­тыр болған. Оның Қаншайым де­ген қызынан әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің анасы туған. Де­мек, Сегіз сері – Ғабеңнің наға­шы жұрты. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың “Ерлігін Исатай­дың жырға қосқан”, Нәбиден Әбу­тәлиевтің “Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов”, тарих ғылымдары­ның докторы, профессор Зұлқарнай Алдамжардың “Тарих: пайым мен тағылым” атты ең­бектерінде Сегіз серінің атасы Шақ­шақтың шешесі Ақбота әйгілі Сырым батырдың туған апасы деген мәлімет келтіріледі. Де­мек, ол да Даттың қызы. Бұл де­ректерге қарағанда Сегіз сері өзін “атақты батырлар мен әйгілі адамдардың ұрпағымын” деуі заңдылық.

Бір ғана “Гауһартасты” алайық­шы. Бұл – жазушы-драматург Дулат Исабековке көркем шығарма жазуға сеп болған, ша­быттандырған, қанаттандырған ән. Қазақтың алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің көңіл түкпі­ріндегі сағынышын басқан, Ұлы далаға деген махаббатын есе­лей түскен туынды. “Гауһартас­тың” қаншалықты бағалы екенін біз айтпай-ақ қояйық. Бірақ халық мұрасына айналған қазына өмірге қалай келді? Ол кімге ар­налды? Қай жерде шықты? Міне, осыны айтайық. Сегіз сері Баһ­рамұлы Сыр бойын мекен ет­кен Наймандардың Мақпал атты қы­зына ғашық болған. Оның бұл сұ­луға арнап шығарған бірнеше өле­ңі бар. “Гауһартас” – со­ның бірі. Бұл әннің тарихын зерт­теу­шілер шын ғашық бол­ған, құлай сүйген адамның жүрегінен шы­ққан жыр екенін айтады. Екеуінің махаббаты тіпті аңызға айнал­ған. Ажары да, қы­лығы да көңілін баурап алған сері қызға арнап әуелі “Мақпал” атты ән шыға­рады.

“Ақша жүз, бота көзді, қасың қара,

Шашыңды түнде жуып, күндіз тара.

Ниязбенен екеуіміз келген шақта,

Мақпалжан, бұлғақтамай бізге қара”, – дейді. Бұл Сегіздің Мақпалға жаңа ынтыққан кезінде шығарылған ән секілді. “Алып қа­шып кетуге келер шамам” деп, қыз­ға өзінің түпкі ойын түгел ашады. Бұдан серінің қызды құ­лай сүйгенін аңғару қиын емес. Ға­шық сері кейін Мақпалға әйгілі “Гау­һартас” әнін арнайды. Б.Нұрже­кеұлы: “Бұл ән – адам шығарды деуге қимайтын ән. Әлдебір құ­дірет адам түсінбейтін әсермен ту­дыра салғандай. Ол құдірет, әрине, ғашықтықтың құдіреті. Ауыздан шыққан сөз қандай, жү­ректен төгілген әуен қандай?!” – деп өз бағасын береді. Мақпал сұлудың әдемілігіне қарақалпақ Жабы деген де тәнті болып жү­реді екен. “Қызыңды маған бер!” деген Жабы Бақтияр байдың әб­ден мазасын алады. Ақыры Дәу­қара деген досымен бірге Мақ­палды алып қашады. Оны естіген Сегіз сері оларды қуып жетіп, жекпе-жекке шығады. Махаббат үшін болған шайқаста Сегіз мық­тылық танытады. “Маған бұйыр­маған сұлу саған да бұйырма­сын” деген Жабы Мақпалды са­дақпен атқан екен. Қат­ты жараланған Мақпал ауыл­ға жетемін дегенше қайтыс бола­ды. Бұл туралы Нұржан Науша­баевтың “Сегіз сері баһадүр” дас­танында айтылған. Ол Сегіз Жабы мен Дәуқараны найзамен шаншып өлтіргенін баяндайды.

Осы тұста мына бір дерек­тер­ді алға тартқым келеді. Мақ­пал­дан айырылған Сегіз Ырыс­бике есімді қызбен бас қосады. Бір қызығы Мақпал да, Ырыс­би­ке де Найманның Сарысынан тарайтын рулас адамдар еді. Осы Ырысбике апамыздың үйіне барып, бес ай бойы бүкіл шы­ғар­масын көшіріп алған Нұржан Нау­шабаев: “Най­манда Бақтиярдың қызына ар­нап шығарған көпке әй­гілі “Мақ­пал” әнін”, – деп жырла­са, “Дәл үш жыл Сегізге шәкірт бол­дым”, – деген Жаяу Мұса “Ер Сегіз” дас­танында: “Шығарған Мақ­палға ар­нап, “Гауһартасты”, – деп тебі­ренеді. Сегізбен дәм­дес болған Шынияз Жұбайұлы: “Шығарған Мақпалға арнап “Гауһартасты”, Балқытқан өлеңімен тауды, тас­ты”, – деп кестелі сөз­бен өрнектейді. Қа­лай десек те Сыр бойын­да өмір­ге келген, Сыр сұлуына арналған әннің халық мұрасына айнал­ғаны шындық.

Ырысбике апамыздың төркі­ні, дәлірек айтқанда, жақында­рының ұрпағы Ұлытау облысы мен Қызылорда облысының Шиелі-Жаңақорған аудандарын­да тұрады. Осы ретте Ырысби­кенің шыққан тегіне, ата-бабасына тоқтала кетейін. Арғы атасы Са­ры Жәнібек ханның ұстазы болған деген де дерек бар. Алғашында Жәнібек ханның ұстазы болды дегенде қазақ хан­дығын құрған Әз-Жәнібек пе деп те ойладық. Аныққанығына жету мақсатында басқа да зерттеуші­лердің еңбегіне зер салдық. Нәтижесінде біз іздеген Жәнібек әз-Жәнібектен басқа адам болып шықты.

Содан тарихи еңбектерді ақтарып отырып, Қазақ хандығының хандар шежіресін сүзіп шық­тық. Бұл жерде Есімнен кейін оның ұлы Жәнібек сұлтанның хан болғаны жазылған. Бірден та­рихи және ауызша деректерді са­лыстырып, тағы бір қарап шық­тық. Шежірелік деректерге де үңілдік. Ұлытау жерінде Бағана­лы­дан тарайтын Сары батырдың шыққан тегіне, өмір сүрген уақы­тына ден қойғанда, оның Есім ханның тұстасы екенін аңғардық. Бұдан ел аузындағы Сары батырдың Жәнібек ханның серігі болған деген деректің де шын­дыққа біртабан жақын екенін бай­қауға болады.

Бізге жеткен шежірелік дерек­терде Сары батырдың Жә­ні­бек ханның ұстазы екені, ал оның іні­сі Сарғалдақтың жекпе-жекте дес бермеген хас батыр болғаны айтылады. Өзі тәр­биелеген хан­за­да билікке жет­кен соң оның ке­ңесшісі қызметін ат­қарған. Қыз­меті хан тағының мұрагеріне би­лік технологиясын және әске­ри өнерді үйретумен шектелген жоқ. Құрбанғали Халидидің мәлі­метіне сүйенсек, оның билік құ­зыры қатардағы уәзірден жоғары болған. Тіпті оның жарлыққа хан құқығындай мөр қоюға да құзыры жеткен. Демек ханның аса ық­пал­ды жақын кеңесшіле­рінің бірі болса керек. Өкінішке қарай, атал­ған тұлға жөнінде деректер жоқтың қасы. Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық мұрағатында ға­лым Ақселеу Сейдімбектің жеке қоры сақтаулы тұр. Осы мұ­рағаттағы №167 қор, №1 тізім, 179-іс, 26-бумада сақталған құ­жатта Жәнібек ханның соғысқа Сары батырмен бірге барғаны жа­­зылған. Бұл дерек те біздің сөзімізді айғақтай түседі.

Ырысбикенің тікелей бабасы Тауасар да, оның ұлы Барлыбай да – саналы ғұмырын келешек ұр­пағына арнаған, “ұлым құл, қы­зым күң болмасын” деп жанын бәйгеге тіккен батырлардың бірі. Нақтырақ айтатын болсақ, Сары бабадан Жауғашты, одан Тілеке, Тілекеден Тауасар, одан Байұлы (Барлыбайдың бауыры), Бай­ұлынан Елғұн тарайды. Ырыс­бике – осы Ел­ғұн атаның қызы. Міне, Сегіз се­ріге жар болған Ырысбике апа­мыз осындай текті әулеттен шық­қан.

Оразхан СЕИТОВ,

тарихшы, өлкетанушы.

Қызылорда облысы.

СУРЕТТЕ: О.Сеитов Қожаберген жыраудың кесенесінде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp