Тамыздың бірінші жексенбісі – көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада салтанатты шара өтті. Өзінің де, өзгенің де өміріне жауапты қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүргендер марапатталды.
Салтанатты жиында 8 білікті маман марапатталды. Бауыржан Құсайыновтың осы салада жүргеніне 12 жылдан асыпты. Ол еңбек өтілін қарапайым жүргізушіліктен бастап, қазіргі таңда “Qyzyljar Buses” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметіне дейін көтерілген. Білікті маманға Көлік министрлігінің “Үздік автокөлікші” төсбелгісі табысталды.
– Серіктестікте 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Қаладағы автобустардың 50 пайызы біздің серіктестікке тиесілі. Еңбегім еленгеніне қуаныштымын. Бұл – менің ғана емес, бүкіл кәсіпорын қызметкерлері еңбегінің жемісі – деді “Qyzyljar Buses” ЖШС-ның директоры Бауыржан Құсайынов.
Жиын соңында жиналған мамандар маңызды саланы дамытуға қатысты ойларын айтты. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаевтың айтуынша, биылғы жылы аталған салада атқарылған жұмыстар аз емес. Шымкентке аптасына 2 рет тікелей ұшақ қатынай бастады. Жақын арада Петропавл – Шарм-Эль-Шейх әуе рейсі қайта ашылмақ. 2019 жылы теріскейден тікелей Мысыр елінің Шарм-Эль-Шейх қаласына қатынайтын әуе рейсі болған. Алайда халықаралық әуежайдың қаржылық жағдайына байланысты бұл бағыт тоқтатылды. Енді араға 5 жыл салып, рейс қайта жанданбақ. Қазіргі уақытта туроператорлармен келіссөз жүргізіп жатыр.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.