«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫРОЙ БИІГІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кезінде заңғар жазушы Ғабиден Мұстафин “Жасында көр­ге­ні жоқтың, өскенде айтары да жоқ”, – деген екен. Еңбекпен есейіп, егемендікпен еңсе тіктеп, жауапты қызметте де абырой биігінен аласармай, осы күнге кісілік пен кішіліктің қалпын бұзбай жеткен Амангелді Балмұқановтың жастарға айтары аз емес. Кейінгі ұрпаққа жөн сілтеп, ақылшы болып отырған абыз ақсақалдың мәнді де мағыналы ғұмыры өнегеге толы.

Ішкі мәдениет – адам болмы­сының айнасы ғой. Амангелді Қо­найұлының жүріс-тұрысынан, сөйле­ген сөзінен-ақ ішкі мәде­ниеті жо­ғары адам екенін аңғару қиын емес. Ішкі мәдениет дұрыс қа­лыптаспай, сыртқы сұлба да сұлу болмақ емес. Ақ қырау шалған ша­шын әдемілеп артқа қайыруы да өзіне сондай жарасымды. Бү­гінде 80 жастың биігіне же­тіп отыр­ған ақсақалдың өмір да­риясы қазақылықтың қаймағы бұ­зыл­­маған ауылдан басталған еді.

Ол 1944 жылы тамыз айында дүниеге келді. Әкесі ауылнай бол­ды, бұ­рынғы Көкшетау облысына қарасты Қызылту (қазіргі Уәлиха­нов) ауданындағы Социализм ұжымшары мен ауылдық кеңесті басқарса, анасы үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты. От­ба­сын­да 6 баланың кенжесі Амангелді ағай өзге бауырла­рындай емес, еркін өсті. Киім­нің тәуірін, тамақтың бар дәмдісін ал­дына тосқан олар кенжеле­рінен зор үміт күткендей. Сенім де ақ­талды.

Ұялы ауылындағы 10 жыл­дықты үздік тамамдаған бозбала Петропавл қаласындағы К.Д.Ушинский атындағы педаго­гикалық институтқа оқуға түседі. Сөйтіп, география-биология пәндерінің мұғалімі болады. Қолына дипломын алған бойда бірден кір жуып, кіндік кескен жеріне орал­ды. Ауылдағы мектепке мұғалім бо­лып орналасқаны сол еді әс­кер қатарына шақырылады. Отан алдындағы парызын өтеуді аза­мат­тық борышы санайды. Әс­керден келген бойда өзі туған ау­дан­дағы білім ошақтарының бі­рінде ұстаздық қызметін жалғастыр­ды. “Адамның айтқаны емес, Алла­ның дегені болады”, – деген­дей ұстаздықтан аудандағы комсо­мол ұйымының бірінші хатшысы қыз­­метіне ауысады. 23 жастағы жі­гіттің мұндай жауап­ты қызмет­ке ұсынылуы керек болатын. Кейін Ал­маты­дағы жоғары пар­тия мек­тебін қы­зыл дипломмен тамам­дауы да азаматтың зеректігін, ал­ғырлы­ғын, іскерлігін аң­ғартады. Партия мектебінде бі­лім көкжие­гін ке­ңейтіп, біраз тәжірибе жи­нақ­та­ған соң, қызметін қайта жал­ғастырды. Елінің, өзі туып-өскен жерінің гүлденуі үшін бі­лек сыбана еңбек етті. Аудан­дық партия ко­митетінің үгіт және на­сихат бөлі­мінің меңгерушісі, кейін жаңадан ашылған Уәлиха­нов аудандық ат­қару комитеті тө­рағасының орын­басары, Қызыл­ту ауданы әкімінің орынбасары сынды бірталай жауап­ты қызметтер жүктелді.

Ел егемендікке қол жеткізген соң бұрынғы Көкшетау облыс­тық мәдениет басқармасының бас­шы­сы қызметін абыроймен ат­қар­ды. 1997 жылы бұрын­нан ауы­лы аралас, қойы қоралас Сол­түстік Қазақстан мен Көкшетау облыстары біріктірілді. Сол тұс­та көрші өңірден талай азамат жұмыс бабымен Қызылжарға қоныс аударғаны белгілі. Елдің ше­тінде, желдің өтінде тұрған өңірге қоныc аударған Амангелді Бал­мұ­­қановқа облыстық мәде­ниет департаменті басшысының орын­­­басары, кейін осы саланың басқарма басшысы сияқты лауа­зымды қызметтер жүктелді. Об­лысты әр жылдары басқарған Да­ниял Ахметов, Қажымұрат Нағы­манов, Анатолий Смирнов, Тайыр Мансұров сияқты әкімдер­мен қоян-қолтық жұмыс істеген оның өмірде көргені көп, түйгені де мол. Жаңа мыңжылдыққа қа­дам басқан тұста елдің эконо­микасын ғана емес, мәдениет саласын да бірізді ету оңай бол­мады.

– Жұмысты жан-тәнімен сүйіп істеген адам қиналмайды. Егер кө­ңілің қаламаса, тиіп-қашып іс­тейсің. Мұндай жұмыстан ләззат алмайсың. Сон­дықтан жастарға өз мамандығын, кәсібін жақсы кө­руге кеңес бере­мін. Әрине, өмір болған соң түрлі кедергілердің орын алуы заңды­лық. Бірақ сы­наққа сынып кетпеу керек, – де­ген Амангелді Қонайұлы атал­мыш салада атқарған жұмыста­рымен аз-кем бөлісіп өтті. Бір кез­дері гаст­рольдік сапармен Үндістанға дейін барған өнерпаздарға барынша жағдай жасаған басшының бұл салаға сіңірген еңбегі аз емес. Апта сайын аудандарды аралап, шығармашылық ұжымдардың жағдайын назардан тыс қалдыр­мады. Ұлттық мәдениетімізді, құн­дылықтарымызды дәріптеу мақсатында “Әдемі-ау” би ансамблін құруға мұрындық болды. Бұған дейін қазағынан қонағы көп Қы­зылжар қаласындағы шығармашылық ұжымдардың арасында бірде-бір қазақи нақышта би ан­самблі болмағанын ескеру қажет. Облыстың мәдениет саласына жетекшілік еткен кезеңде үш мәр­те республикалық театр фести­валін, екі рет ақындар айтысын өткізіп, кенжелеп қалған салаға жан бітірді.

Ел ауқымында жыл бойы, ап­таның жеті күнінде түрлі ауди­то­рияларда, кітапханалар мен му­зейлерде, мәдениет сарайла­рында, стадиондар мен қала алаңдарында үздіксіз өтіп жататын сан түрлі мазмұндағы, ірілі-ұсақты, алуан сипат-көріністі мәдени іс-шараларды, кон­церт­тер мен қойылымдарды, көр­мелер, шығармашылық кештерді, кездесулерді асқан жауапкер­шілікпен, көпшіліктің көңілінен шығатындай тап-тұйнақтай атқа­рып шығу – мәдениет саласы қыз­меткерлерінің әдепкі жұмысы, сан-салалы қызметінің бір сәті ғана. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Оның артында басшылықтың ұйымдастырушылық қызме­тінен, қызметкердің орындаушылық жауапкершілігіне дейінгі қаншама күш-жігер, төгілер тер жатыр. Міне, мәдениет сынды жауапты саланың осыншама қиын­дығына қарамай Амангелді Қонайұлы аптаның әр күнінде еш тын­бай еңбек етті. Әл­бетте, жүй­ке тоздырар сәттер де болды. Оның бәрі атпалдай азаматтың денсаулығына кері әсе­рін тигізгені анық. Соң­ғы жиырма жылы аурумен арпалыста өтуде.

“Шаршадым, қолымнан іс кел­мейді” деп айтуды білген жоқ. Еңбекқорлық, ізеттілік, мәдениет­тілік – бұл ата-ананың тәрбиесімен берілген қасиет. Әке өсиетін, ана тәлімін көрген ол әрқашан адалдықты ту етті. Өмірде басты ұстанымы да осы. Әйтпесе, әлдеқашан зәулім сарай тұрғызып, үлде мен бүлдеге оранып отырар еді ғой. Бірақ ол абыройды бә­рінен биік қойды.

– Әкем жауапты қызметте жұ­мыс істесе де, ата-анамыз өте қа­рапайым, кішіпейіл адамдар бо­латын. Анамның дастарқаны еш жиылмайтын. Өйткені үйден қонақ үзілген емес. Өнерпаздар жиі келетін. Әкеміз балаларының құ­лағына біреудің ала жібін аттамауды құйып өсті. Осы сөз менің жа­дымда мәңгі жатталып қалды. Жауапты қызметтерде жұмыс істегенде, әке өсиетін жадымнан шығарған емеспін. Мемлекет меншігіне қол сұғудан құдай сақ­тасын. Зайыбым екеуіміз де адал еңбек еттік, – деді ол.

Үйден қонақ арылмауының бір себебі әкесі де өнерге жақын адам болған екен. Кезінде қоңыр дау­сымен ән шырқаса, марқұм ағасы Совет те жас күнінде облыстық, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты болғанын біреу білсе, біреу білмес. Негізі бауырларының барлығы өнерден қара жаяу емес.

Адами қалыптан ауытқыма­ған, ардан аттамаған азамат қызметтен кетсе де, әлі де өңірдің мәдениет саласына алаңдап отырады. Аға буынның өнегесін көрген әріп­тес­тері де жанашырлықпен қарап, түрлі кездесулерден қалдырмайды.

Асыл жары Шолпан екеуі бір шаңырақ астында жарты ғасырдан астам тату-тәтті өмір сүріп, 4 бала тәрбиеледі. Марал, Ай­гүл, Мереке, Батыр есімді ұл-қыз­дарының бәрі – жоғары білім иелері. Қазір түрлі салада еңбек етуде. Өкінішке қарай, құдай қосқан қосағы әлемді жайлаған індет салдарынан төрт жыл бұрын кел­местің кемесіне мініп кетті. Қар­тайғанда сыңарынан айрылған аққудай жарына деген сағынышы бір бөлек. Ақсақалдың ендігі ең басты тілегі – елдің тыныштығы, бала-шаға­сының амандығы.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp