ХІХ ғасырдың тарихи-әлеуметтік жағдайы қазақтың өмір сүру деңгейінің көрінісі еді. Дәуір тарихы бұл ғасырда қазақ даласына қоңыраудың сылдырын алғаш болып естірткен ағартушы, педагог, ақын, гуманист Ыбырай Алтынсаринді, белгілі саяхатшы, этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановты, философ, ақын, аудармашы Абай Құнанбайұлын тарту етті. Қазақ даласын әнімен әлдилеген сал-серілерді сыйлады. Олар қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыздары еді. Әрқайсысы дарқан даланың төсінде мал бағып, бейқам өмір сүріп жатқан момын қазақтың басқа біреуге жем болып кетпеуі жолында шыбын жандарын шүберекке түйе жүріп, қоғамдағы келеңсіздікті сынады. Соның ішінде қалың елі қазағының қамы үшін, мыңмен жалғыз алысқан Абайдың орны бөлек. Абайдың шығармашылығын оқып, бағамдаған сайын Абай әлеміне кіріп, ақынның әр сөзін, әр айтқанын жүрегіміздің түбіне терең бойлата алсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Заманымыздың заңғар жазушысы, көрнекті ғалым Мұхтар Әуезов ұлы Абай дәуірін былай суреттеген: “Мәдениет, өнер-білімге кенжелеп, артта қалған ел-жұрт бар. Қыс жұты, жаз індетімен аралас ел шаруасының құтын шайқап, барымта жасап, бақталастан туған әлек, лаң әкеліп, соны қалың ел ортасына пәле ғып жүрген, қанап, тонап, сорлатып жүрген атқамінер шонжар бар. Өздері надан, өздері ел тағдыры, халық қамы дегенді ойламайтын дүлей, қараңғы тап. Олар бастаған ел көшінің барар беті қараңғы екі талай тығырық”.
Міне, дала қазағының шынайы өмірі, сорақы сиықсыз келбеті, әлдінің әлсіздерге жасайтын зорлық-зомбылығы Абайды ақын етіп шығарды. Ақын өзі өмір сүрген ортаны жөндеу үшін, момын елдің көкірек көзін ашу мақсатында “Қалың елім қазағым” деп жырлады. Қалың елі қазағы үшін Абай мыңмен жалғыз алысты. “Абайдың мыңы кім?” – деген сауалға ойланбастан қара халық деп жауап беру лазым. Абайдың алға қойған негізгі мақсаты – халқының рухани-адамгершілік деңгейі жоғары, таным-түсінігі мол, білімді болғаны еді. “Білімсіздік – хайуандық” деп, оқымаған, тоқымаған адамдарды хайуанға балап, олардың оқу-білімге деген ой-санасын, намысын қайрай түсті. “Бір ғылымнан басқаның, кеселі көп асқанға” дейді. Ғылымның пайдасы зор екенін айтып, надан болсаң алдыңнан қараңғылықтың көлеңкесі қалмайды дегенге келтіреді.
“Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім”.
Ақынның айтар ойы мен берер ақылы ғылымды жас кезіңде оқып, бойыңа тоқып ал, ержеткен соң отбасы, ошақ қасы болған кезде уысыңа түспейтінін анық жеткізді. Жер ортасы жасқа келгенде бәрі кеш болатынын ескертіп отыр. Расында да жасың ұлғайған сайын оқу-білімнен алыстай түсерің қақ. “Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге”. Мұнда да оқы, біл, біреуді алдаудан, арбаудан келетін абырой болмайтынын айтып отыр. Ақынның нақылға айналған әрбір сөзі жас ұрпақты парасатты, иманды болуға жетелейді. “Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың” – дейді. Сол үшін де көкірек көзің ашық болуы үшін оқу керек, тоқу керек. Ақын туралы, ақынның айтқандарын бүгінгі саналы ұрпаққа жеткізіп, солардың көкірек көзін ашу – басты міндетіміз.
ХХІ ғасырдың жастарын Абай әлемімен әлдилеу үшін талай тер төгіп, еңбек ету керек. Осы істің бастауы – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналып М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты жанынан “Абайтану” ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы.
Абай мұрасы және қазақ қоғамы аясында ұлттың әдебиеті мен тарихын, рухани-мәдени мұраларды, ақыл-ой тұжырымдамаларды отандық, түркілік, әлемдік санатта зерделейтін деңгейге жеткізу көзделіп келеді. Абайтануға қатысты сан қырлы аспектілерге зерттеулер ұйымдастыру, Абай тұлғасы мен мұрасын жаңа қырынан танытып, әлемдік кеңістікке таныстыру – алдымызға қойған басты мақсаттарымыздың бірі.
Алты Алашқа ғана емес, адамзатқа ортақ ойшыл, Абай хакімді өз деңгейінде ұлықтау – біздің бұлжымас парызымыз. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында айрықша атап өткен болатын. Бағдарламалық мақалада айтылғандай, ақын мұралары ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен насихатталып жатыр.
Абай халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Атап айтқанда: “Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек”, – деді. Абай өлеңдері арқылы қазақстандық қоғамдық сананы рухани жаңғырту “Абайтану” ғылыми-зерттеу орталығының алға қойған басты мәселесі.
Абайдың тағылымды туындылары – Қазақстанның рухани жаңғыруының бірден-бір мотиваторы. Абай өзінің қарасөздерін афоризмдермен және халықтық мақал-мәтелдермен қаныққан, қолжетімді бейнелі формада жазған. Абайдың өлеңдері, әндері, қарасөздері – қазақстандықтардың эстетикалық талғамын жоғарлатып, ой-өресінің өсуіне, өмірді қабылдау философиясына, дүниетанымына оң әсерін тигізеді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерінің бойына Абайдың ұлылығы мен даналығын сіңіріп, шығармашылығын насихаттаудың негізгі принциптерін көрсетеміз.
Абайдың адамгершілік, әділеттілік және білімге деген ұстанымдары қазіргі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістері мен моральдық құндылықтардың маңызды аспектілерін қамтиды. ХХІ ғасырда адамгершілік құндылықтарды сақтау мен дамытудың маңызы, Абайдың этикалық ойлары осы мәселелерді шешуде бағыт-бағдар бола алады.
ХХ ғасырдың басында-ақ Алаш арыстарының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы Абайға “қазақтың бас ақыны” деп, ал Мағжан Жұмабайұлы “хакім ақын” деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров “ақындар пайғамбары” деп лайықты бағаларын берген. Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде бірінші болып ғылыми ой айтқан адам – Әлихан Бөкейханов. “…Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ”, – деп ең алғаш жоғары баға береді. Абай шығармашылығына шынайы әдеби талдау жасап, алғаш Абай ақындығына көркемдік тұрғыдан зерделі ой айтып, ғылыми құнды мақала арнаған А.Байтұрсынұлы. Ол “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласында: “Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибрагим) Құнанбаев, онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ”, – дейді. Бұл ең жоғары баға және үлкен құрмет десек артық айтқандық емес.
Абайдан соңғы ақындар шығармашылығы туралы қазақ әдебиеті тарихында алғаш ғылыми мақала жазған – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ол “Абайдан соңғы ақындар” атты мақаласында Абайдың ақындық өнерін жалғастырып, дәстүрін сабақтаған Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан поэзиясына талдау жасайды. Бұл мақалада ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ поэзиясындағы Абайдың ақындық дәстүрі сөз болып, кеңінен қарастырылады.
“Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идеяны-сананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген”, – деген пікір білдіреді академик Рымғали Нұрғали. Қазақ әдебиетіндегі Абай салған даңғыл жолды Алаш қаламгерлері жалғады. Ақынның қоғамдық үні олар үшін үнемі алдыға бастар бағдаршамдай болды. Ақын поэзиясының үні, өзекжарды мәселелері мен идеялық мақсаты олардың шығармаларында өрістеп дами түсті. Абайдың азаматтық үнінен қуат алған олар бүкіл Алаштың басын біріктіруді міндет етті.
“…Абайдың “үміт еткен жасөспірім достары” ойланды және сол Абай аңдатқан рухани бостандықты ту етті де мұқым ұлттық мүддені “Алаш” деген ұранға біріктірді. …Мұндай азаттық бостандыққа, рухани тәуелсіздікке ұшқын түсірген Абайдың ойлы сөзі еді. Азаттық жолына біржола түскен тұсында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мұхамеджан Тынышбаев пен Міржақып Дулатовтың, Сұлтанмахмұт пен Мағжанның Абайды терең зерттеуі соған дәлел. Демек, Абай қазақтың ұлттық рухын өлтірмей, өсер ұрпаққа тірі жеткізген елінің ұлы ұлтжанды тұлғасы”, – деген ғалым Тұрсын Жұртбайдың сөзінің астарында терең тарихтың сыры жатыр.
“Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық, сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық”, – деген ақынның нақылын өмірлік серік етіп, ғылыми-зерттеу орталығы арқылы заман жастарын ұлы ақынның, сал-серілердің, ақын-жыраулардың таза мінсіз асыл сөздерімен қаруландырып, таным дүниесін кеңейтіп, білімге-ғылымға деген қызығушылықтарын арттырып келеміз десек артық айтқандық емес.
Өз заманында Абайды тереңінен зерттеп, кеңінен жазған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов “Абай түбі жоқ телегей теңіз, мен сол теңіздің суынан шөмішпен ғана іштім”, – деген екен. Мұхтардай ғұлама шөміштеп қана ішсе, біз әлі сол теңіздің жағасына жете алмай жүргеніміз шындық.
Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың “Абайтану” ғылыми-әдістемелік орталығының ғылыми қызметкері.