«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәртебелі мамандық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қыстың суығына, жаздың ыс­ты­ғына қарамай тер төгетін құ­рылысшылар қашан да құрметке лайық. Әсіресе, биылғы көктемгі су тасқынынан кейін құрылыс жұ­мысы қызып, осы саланың ма­мандарына сұраныс күрт артты. Баспана салуға да, оларды жөн­деуге де білікті мамандар жер-жерден тартылды. Об­лыс орталығы мен аудандарда­ғы баспаналарды жөндеуге “СК Евростой” ЖШС да кіріскен. Бү­гінге дейін бірнеше баспананы қалпына келтіріп, иелеріне тапсырып үл­ге­ріпті.

Ресми түрде серіктестік осы­дан төрт жыл бұрын құрылғанымен, оған дейін де шатырларды жаңғырту жұмыстарымен айна­лысқан. Кейін қызмет ая­сын кеңейтіп, баспананы толық жөн­деп бере алатын деңгейге көте­рілген. Олардың бұл біліктілігі су тасқыны кезінде су басқан үй­лерді қалпына келтіру­де ұтымды пайдаланылып жатыр. Құра­мын­да 80 адам еңбек етіп жатқан се­ріктестіктің құры­лыс бригадала­ры осы күнге дейін Петропавл қа­ласының За­речный, Ойқала, Ко­согор шағын­аудандарында және Қызылжар ауданының үш ауы­лында жұмыс істеген. Серіктестік басшысы Сақтаған Жақсы­лықтың айтуын­ша, әр үйді жөн­деу жұмысына 4-5 адамнан жұ­мыл­дырылған. Бір уақытта 15 бри­гада әр жерде жұ­мыс істеп жатыр.

Мәселен, қазір серіктестіктің құрылысшылары Тепличное ауы­лының тұрғыны Валентина Бого­родскаяның үйін қалпына келті­руде. 73 жастағы зейнеткердің бас­панасы шатырына дейін суда қалған. Қамыстан тұрғызылған үйдің іші-сыртына зақым келген.

– Үй жарты ай бойы су астын­да тұрды. Маусым айының ба­сында үйімізге келгенде қатты уайымдадым. Кейін әкімдіктен адамдар келіп, бағалау жұмыс­та­рын жүргізді. Бұл үдеріс те біраз уақытты алды. Қазір өзім қа­лада пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін, – дейді Валентина Бого­родская.

Құрылысшылар жөндеу жұ­мы­сын бірер күн бұрын ғана бас­тапты. Тұрғын үйді қалпына кел­тіруге 4 адам жұмылдырылған. Баспананың қабырғасы мен еде­нін толық ауыстыру керек. Бастан аяқ жөндеуді талап ететін үй тамыздың соңына қарай тапсы­рылады деп жоспарланып отыр. “СК Евростой” ЖШС-ның басшы­сы Сақтаған Жақсылық құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес және сапалы орындалуы үшін жұ­мысшылардың еңбегін лайықты бағалау керек екенін айтты. Себебі еңбекақысын уақытылы және көңілге қонымды көлемде алған маман адал еңбек етеді.

Ақжүніс МҰҚАТАЙ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp