Петропавл қаласында Жедел медициналық жәрдем бригадаларының республикалық спартакиадасы өтті. Айтулы шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты.
– Денсаулық сақтауда жедел медициналық жәрдем қызметі ерекше орын алады. Қиын сәтте “Жедел жәрдем” қызметкерлері бірінші болып жетеді. Сондықтан науқастардың өмірі мен денсаулығы мамандардың кәсібилігіне байланысты. Ал мұндай шараларды өткізудің маңызы зор. 2020 жылдан бастап “Жедел жәрдем” орталығындағы көліктер 100 пайызға жаңартылды, – дей келе облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен өз ісіне шексіз берілуі жас мамандар үшін шынайы үлгі болатынын атап өтті.
Аталмыш спартакиада Жедел медициналық жәрдем бригадаларының арасында дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Былтыр Семей қаласында өткен сайыста жерлестеріміз бірінші орынды иеленген болатын. Сайыс тәртібіне сай, қатысушыларды биыл біздің өңір қарсы алды. Айтулы шараға еліміздің әр өңірінен жиналған 20 “Жедел жәрдем” бригадасы қатысты. “Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы” ШЖҚ РМК оқу-тренингтік орталығының жетекшісі Ғұмырбек Ағыбаев бұл шараның мақсаты – шұғыл жағдайда науқастарға көмек көрсету талаптарын пысықтауға бағытталғанын атап өтті.
– Медициналық мамандар шұғыл әрекет етпесе – өлім-жітім орын алуы ықтимал. Ол үшін “Жедел жәрдем” бригадалары белгілі тәртіппен жедел көмек көрсетуі тиіс. Бұл шараның аясында мамандар әртүрлі жағдайға тап болған науқастарға көмек көрсету бойынша білімдері мен біліктіліктерін сарапқа салады. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар орын алуы ықтимал. Ал мамандар науқастарға кез келген жағдайда медициналық көмек көрсетуге міндетті, – деді Ғұмырбек Ағыбаев.
Өткен жылы жеңіске жеткен бригадалар биылғы жарысқа қатыстырылған жоқ. Бұл – сайыс қана емес, мамандардың өзара тәжірибе алмасу алаңы іспетті. Өйткені, әр спартакиада сайын қатысушылардың легі алмасып отырады. Әр команда үш адамнан жасақталғанын айту қажет. Әсіресе, жас мамандардың үлесі басым.
Ал жерлестеріміздің командасында бір “Жедел жәрдем” дәрігері мен екі көмекші фельдшер өңір намысын қорғады. “Жедел жәрдем” дәрігері Ділмұрат Шавдунов бір ай көлемінде халықаралық талапқа сай арнайы жаттықтырушылармен дайындалғандарын, мұндай айтулы шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Олар түрлі жастағы адамдарға реанимациялық (соның ішінде нәрестелер де бар), әйелдерді босандыру, жарақаттанғандарға көмек көрсету сынды тапсырмаларды орындады.
Спартакиаданың қорытындысы бойынша 1 орынды Абай облысынан келген команда иеленсе, екінші және үшінші орындарға Солтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарының медициналық қызметкерлері жайғасты. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.