Сыбайлас жемқорлық – азаматтардың билікке деген сеніміне селкеу түсіретін қауіпті құбылыс, демократия негіздеріне қауіп төндіретін зұлымдық және экономикалық өсуге тікелей әсер ететін әлемдік мәселе. Әділ қоғам құру үшін берік іргетас қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын бірнеше рет атап өтті.
Мемлекеттік қызмет жүйесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін көздеуге тиіс. Экономика мен адамдардың өмір сүру деңгейі осы тетіктердің жұмысының нәтижесіне тікелей байланысты. Ал алдын алу – бұл сыбайлас жемқорлықтың жаңа түрлерін болдырмауға бағытталған шаралардың жиынтығы. Бұл құбылыстың дамуына ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу маңызды рөл атқарады.
Алғашқы әрекеттер мемлекеттік органдарда және өзін-өзі басқару органдарында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталуы тиіс. Профилактиканың пәрменді жүйесін құру мемлекеттік қызметшілердің өзінің негізгі міндеті – заңды сақтай отыра халыққа қызмет етуін тиісінше орындауына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және оның кез келген көріністеріне “нөлдік” төзімділік қалыптастыру арқылы азаматтық қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді түрде тартылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін енгізу – бірінші кезектегі міндет. Бұл тек заңдар мен нормативтерді құруды ғана емес, оларды қатаң орындауды, сондай-ақ билікті бақылауға жұртшылықты тартуды қамтиды. Шынында да, мемлекеттің, азаматтардың және тәуелсіз институттардың бірлескен күш-жігерімен ғана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды қамтамасыз етуге және әділ, гүлденген қоғамның дамуына жағдай жасауға болады. Мемлекеттік органның қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында мемлекеттік сатып алу мониторингі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, бағыныстылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың жауапкершілігі, қоғамдық бақылау, НҚА сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сынды іс-шаралар жүргізеді. Басқарманың ресми сайтында осы бағыт бойынша ведомствоның қызметін жариялайтын “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл” айдары бар. Онда заңнамалық база, қызметкерлердің табысы туралы мәліметтер жарияланады.
Басқармада Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің мәтіні орналастырылған. Облыстық газеттердің беттерінде тоқсан сайын басқарманың басшысы мен орынбасарларының жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау кестесі, сенім телефоны жарияланады.
Басқарманың барлық қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мақсатында ерікті және саналы түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдады. Мемлекеттік органда қызметкерлер арасында тұрақты негізде жалпыға бірдей құқықтық оқыту өтті.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу қағидаларының 11-тармағына сәйкес талдау объектісінің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілердегі, сондай-ақ талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жұмыс атқарылды.
Өткен жылы 5 маусымнан 10 шілдеге дейінгі кезеңде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау өтті (2022 жылғы 5 қыркүйектен 2023 жылғы 5 маусымға дейінгі кезең). Ішкі талдау қорытындысы бойынша 12 ұсыныс әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелерін жария талқылау жүргізілді, ұсынымдар және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.
Біліктілікті арттыру шеңберінде өткен жылы екі қызметкер “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет” тақырыбында оқытудан өтті. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының “Documentolog” электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы “Академия” бөлімінде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін басқарманың 29 қызметкері онлайн оқытудан өтіп, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талабы” тақырыбында сертификат алды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді шараларының бірі мемлекеттік қызметтер көрсету үшін цифрландыруды енгізу болып табылады. Басқарма мемлекеттік қызметтің 20 түрін, оның 18-ін электрондық түрде көрсетеді.
Мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде көрсету тікелей байланыстарды азайтады. Осының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау тәуекелдері азаяды. Мемлекеттік қызметтер көрсетуде ашықтық елеулі түрде артады, артықшылық, жеке мүдделер мен туыстық байланыстар алынып тасталады.
Мемлекеттік сатып алу – мемлекеттік органның барлық сатыларын қамтитын сала. Әсіресе, тәуекелдер бір көзден сатып алу кезінде пайда болады. Мониторинг ұқсас шарттардың техникалық ерекшеліктерін салыстыру, сондай-ақ бірдей тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бағасының негізділігін тексеру мақсатында жүргізіледі. Мұнда негізгі міндет – бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болғызбау.
Нормативтік-құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы мәтіндердегі сыбайлас жемқорлық факторларының туындауы үшін жағдай жасауға ықпал ететін нормаларды анықтауға, олардың сыбайлас жемқорлық дәрежесін бағалауға, осындай факторларды жоюға бағытталған ұсынымдарды әзірлеуге бағытталған.
Сыбайлас жемқорлық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің алдын алу білім беру, ұйымдастырушылық және ақпараттық сипаттағы кешенді шаралар арқылы жүзеге асырылады.
Барлық мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының талаптарын мүлтіксіз сақтауға, сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне “нөлдік төзімділік” қағидатын ұстануға тиіс. Сыбайлас жемқорлықты жеңсек, бұл халықтың өмірінің барлық салаларына оң әсер етеді.
Мейрам МЕҢДІБАЕВ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы.