«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА ТӘЛІМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімде, 2001 жылдың шілдесі болатын. Сол жазда қала жанында орналасқан орыс-қазағы аралас Прибрежное ауылына көшіп келдік. Оған балаларымыздың қалада тұруы, осы жерде білім алуы себеп болды. Көшіп келгеннен кейін жұмыс іздеп, аталған елді мекендегі орта мектепке бардым. Мектеп директоры елу бестер шамасындағы қазақтың азаматы екен. Өзін Айтбай Сіргебайұлы Бисары деп таныстырды.

Бұрын естуім бар және талай рет облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінен мақалаларын оқығанмын. Міне, сол уақыттан Айтбай ағаймен бірге бір ұжымда еңбек еттім. Аралас мектеп еді, дені орыс сыныптары болатын. Айтбай Сіргебайұлын қазақ сыныптарында жұмыс істейтін мұғалімдер “ағай” дейтінбіз.

Ағай – жұмыссыз бір отырмайтын, жасына қарамай өте пысық, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл адам. Сырттан келген кісі сыншы ғой, ағайдың шебер ұйымдастырушы, білікті басшы, өз ұлтын сүйген азамат екенін көрдім. Мектепте де, аудандық деңгейдегі жиындар болса да, ол жұрт алдына домбырасымен шығып, өзі шығарған өлеңін шын пейілімен орындап беретін. Қазақ мектебінде оқитын балалар үлкендерге: “Ассалаумағалейкум”, – деп сәлем беретін. Директор ағайдың қарапайымдылығы сондай – өз оқушыларымен қолдасып амандасатын. Осы ауылдың ұлттық болмысын ұмыта бастаған қазақтары өз дінін, тілін, салт-дәстүрін тануына ағай көп күш салған еді. Жыл сайын дәстүрлі түрде мектепте Наурыз тойына дастарқан жайып, жергілікті қазақтарды шақырып, астың соңынан аруақтарға дұға оқытатын. Айтбай ағай ұлт келешегі үшін де көп еңбек сіңірді. Балаларын қазақша оқуға бермек түгіл, бір сөз қазақша сөйлемейтін қандастарымызбен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, бұл жерде олардың ұлттық намысын оятып, балаларын қазақ сыныптарына бергізді. Мектепте өткізілетін оқу-тәрбие шараларына міндетті түрде ата-аналардың қатысуын қадағалайтын.

Айтбай ағай басқарған жылдары аталған мектепте әдеп сабақтары жүргізілді. Орысша сөйлейтін оқушылар үшін бұл сабақтың маңызы зор болды. Әдеп сабағында олар ұлтымыздың салт-дәстүрлері, имандылық ережелері туралы адамға керекті көп мағлұматтар алып, таным көкжиегін кеңейтті. Ағамыздың оқушылары Ж. Шериязданова, А. Ысқақова, А. Қабдөшев, Р. Шаймерденов, Г. Бейсенова қазір облысымызда қажырлы еңбек етуде.

Кезінде имандылық ережелерін бойларына сіңірген олардың көрген жерде амандықтары түзу. Өйткені, олар – Айтбай аға ұлағатын көріп өскен жандар. Ағамыз “Отан” партиясының (қазіргі “AMANAT” партиясы) Қызылжар аудандық филиалы төрағасының орынбасары болған кезде партияның қалыптасуына мол еңбек сіңірген еді. Ауданның бүкіл ауылдарын аралап, жұртпен сөйлесіп, халыққа партияның республика дамуындағы маңызын ұғындыра білді.

Осы қызметті де жан-тәнімен, уақытпен санаспай атқарды. Ақыры партия мүшелерінің саны қалыңдап, үлкен күшке айналды. Ағай партияға бір адам кірсе де қуанатын. Мақаланың басында айтқандай, ағамыз өте қарапайым еді. Өзінің мектеп басшысы болғанына қарамастан, тіпті, кейде қара жұмыстарға білек сыбана кірісіп кететін.

Ол мектептің жабдықталуына ерекше мән берді. Мектептің үш қабатына да адамгершілік жөніндегі ғибраты бар мақал-мәтелдерді жаздыртты. Төменгі қабатта көрнекті жерде тіл туралы асыл сөздер ілулі тұратын. Мектептің ішкі жабдықталуынан мектеп басшысының ұлттық тәрбиені қастерлейтіні көрініп тұрушы еді. Қабырға тақтайшаларын жасауда әріптерді өзі өлшеп, өзі қиюдан алдына жан салмайтын.

Ағамыз тек қана ауыл, мектеп мәселелерімен шұғылданбай, аудан, облыс, республика көлеміндегі болып жатқан көкейкесті жайттарға қатысты өз ұсыныстарын айтып, жазып жүретін. Ол аудандық, облыстық, тіпті кейде республикалық “Ана тілі” газеттеріне мақалаларын жолдайтын. Олар жарыққа шыққанда қатты қуанушы еді. Осындай тамаша адаммен еңбек еткеніме ризамын. Әттең абзал азамат өмірден мезгілсіз өтті. Өте өкінішті!

Әлі есімде, 2004 жылдың тамызы. Марқұммен қоштасу өзі еңбек еткен Озерный орта мектебінің кіреберісінде ұйымдастырылды. Айтбай Сіргебайұлымен бірге еңбек еткен адамдар, шәкірттері, туыстары бірінен соң бірі ортаға шығып сөз алып жатыр. Бәрінің жүзінде бір өкініш, бір қайғы…

Неткен зымыран уақыт десеңізші! Айтбай ағамыздың дүниеден өткеніне де 20 жыл болып қалыпты. “Артында бар оңалар”, – дегендей. Айтбай ағамыз бен Күлзи тәтеміз – жақсы ұрпақ тәрбиелеп өсірген жандар. Олардың екі ұлы, екі қызы бар. Өнегелі ата-ананың ұлағатты тәрбиесін көрген олар жақсы азамат болып қалыптасты. Балалары Күлзи тәтемізді қадірлеп, алақандарына салып, қамқор болып отыр.

Зейнеп ТӘНІБАЕВА,

зейнеткер.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp