Тимирязев ауданының жолдары қалыпқа келтіріліп жатыр. Бүгіндері Есіл ауылында ұзындығы 19 шақырымды құрайтын жолға қиыршық тас төселіп, Дружба және Целинное елді мекендерінде жұмыс қызған.
Тимирязев ауданына қарасты Есіл ауылының кіреберіс жолы жылдар бойы жөндеу көрмеген. Әбден тозығы жеткен жолды ретке келтіруге биыл 258 млн. теңге бөлініп, қиыршық тас төселді.
Тимирязев ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Болат Абдрахиевтің айтуынша, қазіргі уақытта аудандық маңызы бар Октябрь – Есіл – Ақсуат тас жолының жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталмыш шаруамен “Сотис-Групп” компаниясы айналысса, техникалық жағынан “Нұралем-Құрылыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қадағалап отырды.
– Дружба ауылына апарар жол соңғы рет 2019 жылы жөнделді. Аталмыш учаскеге 13 адам мен 11 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта 2 шақырымға асфальт жамылғысы төселді. Келісімшарт бойынша жоба құны 268 млн. теңгені құрайды. Мердігер компания жұмысты қыркүйек айының соңында аяқтамақ, – дейді Болат Абдрахиев.
Ұлан ЫДЫРЫС.