«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құқықтары тең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Достық” үйінде әйелдердің қоғамдағы рөлі мен құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тренинг өтті.

Құқықтық сауаты төмен кейбір нәзік жандар түрлі кедергілерге тап болатыны жасырын емес. Ал бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелге қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Сондықтан бұл отырыс барысында гендерлік теңдік, әйелдердің саясаттағы рөлі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің құқықтық сауатын арттыру сынды бірқатар мәселелер талқыланды.

Қазақстандағы “БҰҰ әйелдері” құрылымының тренері Гүлбақша Мұсабаеваның айтуынша, үш күнге созылған шарада әйелдердің құқықтық сауатын арттыруға баса көңіл бөлінген. Ал “БҰҰ-әйелдері” құрылымы гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі ұйым болып табылады. Кейбір жұмыс орындарында қыз-келіншектерге қарағанда ер азаматтардың үлесі жоғары екенін алға тартқан маман алда болатын сайлау науқандарында нәзік жандардың үлесін арттыру көзделіп отырғанын жеткізді.

Басқосуға қатысып өзінің құқығын толықтай білуге келген жанның бірі – Толқын Ахметбекова. Ол мұндай тренингке бірінші рет қатысып отыр екен. Айтуынша, іс-шара өтетіні жайлы әлеуметтік желіден білген. “Қоғамның дамуы үшін ерлер мен әйелдердің құқығы бірдей болуы тиіс”, – дейді қала тұрғыны. Жалпы бұл шараға жиырмаға жуық қыз-келіншек қатысып, алдағы уақытта да осындай құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жиындар жиі ұйымдастырылса деген ұсыныстарын айтты.

Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp