Егінге орақ түсер күн жақын. Биылғы басты міндет – өнімді шашау шығармай жинап алу. Көктемгі тасқынның салдарынан егіс науқаны жоспардан кеш басталды. Бұдан бөлек, жаз жауынды болғаны белгілі. Біраз әуре-сарсаңға түскен диқандардың еңбегінің өтеуі егіннің шығымына байланысты. Биыл 4,4 млн. гектарға тұқым себілген болатын. Оның 3,3 млн. гектары – дәнді және бұршақты дақылдар.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда өңірдегі дәнді дақылдар өсірілген алқаптардың 76,5 пайызы бітік шыққан, ал 23,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Теріскейлік диқандар жаппай күзгі жиын-терім жұмыстарына тамыз айының соңында кіріспек. Қазір кейбір кәсіпкерлер егінге орақ салған. Олар 16 мың гектар жердегі өнімді жинапты.
– Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері сапалы өнім алу үшін көктемгі-жазғы кезеңде ауқымды жұмыс жүргізді. Сортты жаңартты, арамшөптерге қарсы 3326,6 мың га, зиянкестерге қарсы 1178,5 мың га, ауруларға қарсы – 1104 мың га егін алқабы өңделді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Анастасия Харламова.
Өңірде егін жинау жұмыстарына 7,3 мың комбайн жұмылдырылмақ. Облыс бойынша астықты қабылдау және сақтау қызметін көрсететін 46 элеватор жұмыс істейді. Олардың сыйымдылығы 3,2 млн. тоннаны құрайды. Ал облыс бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарының жеке қоймаларын қоса алғанда жалпы сыйымдылық – 6,9 млн. тонна. Бұл өңірде өндірілген астықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.