Бүгінде ауылдан қалаға көшу белең алуда. Оның түрлі себебі бар. Жастардың дені ауылда тұрақтап қалғысы келмейді. Жайлы өмір, жақсы тұрмысты кім қаламайды дейсің. Егер ауылдарда сол жастардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалса, елден береке кетпес еді деп ойлаймын.
Ауылдық жерлерде тиісті жағдай жасалмағанына көңіл құлазиды. Жас күнімізде тапшылық, жоқшылық көрсек те, қайтып келмес қайран күндеріміз қызыққа толы еді. Жұмыстан қолы босаған жастар ауылдағы клубта би кештері мен түрлі шаралар ұйымдастыратын. Ол кезде клуб жастардың басын қосатын үлкен орталық қызметін атқарды. Ауыл жастары түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін көрсетуге құштар болатын. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтарға байланысты мәдениет саласы тоқырап қалды.
Қазір ауылдардағы Мәдениет үйлері жөнделіп, бұл саланың дамуына көңіл бөлінуде. Десе де әлі атқарылуы тиіс шаруа шаш етектен. Жастардың болашағын ойласақ, біз ауыл мәдениетін көтеруге барынша жағдай жасауымыз керек. Ауылға мектеп, балабақша, дәрігерлік пункт қалай керек болса, Мәдениет үйі де соншалықты маңызды. Өскелең ұрпақты өнер, білімге тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруді қаласақ, алдымен мәдениет ошақтарын қалпына келтіруді қолға алу керек.
Қазір көп ауылда Мәдениет үйі санда болғанымен, санатта жоқ. Материалдық-техникалық базасы жасақталмаған, қажетті мамандармен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан журналистің көтеріп отырған мәселесі орынды. Облыстық мәдениет басқармасының мәліметі бойынша біздің облыста бірқатар руханият ордаларына жөндеу жүргізіліп, жаңғырту жұмыстары қолға алынған екен. Құптарлық іс. Алайда бұл іс жоқты бардай, барды нардай етіп көрсетумен шектелмеуі керек. Жасырып қайтейік, облыстың кейбір ауылдарында әлі күнге дейін Мәдениет үйі жоқ. Мысалы Айыртау ауданында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Бірлестік, Қарақамыс, Құмтөккен, Үкілі Ыбырай сынды ауылдарда Мәдениет үйі жоқ. Тіпті болмаған. Қазір Бірлестікте Мәдениет үйі салынуда. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өткен соң сең енді қозғалғандай. Ұрпағымыздың қазақтың өнерімен, төл мәдениетімен сусындап өскенін қаласақ, ауылдарда мәдени ошақтардың жұмысын жандандыру қажет.
Сәлима КЕНЖЕҒАЛИЕВА,
зейнеткер.