2014 жылғы тамыздың 14-і күні Президент Жарлығымен Салық комитеті мен Кедендік бақылау комитетін біріктіру жолымен Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Мемлекеттік кірістер органдарын құру мемлекет үшін маңызды қадам болды. Себебі еліміздің экономикалық даму кезеңінде салық-кеден саясатын жүргізуде мемлекеттік аппарат пен бизнестің өзара іс-қимылын реттеу арқылы төлемдер мен салықтарды жинау міндеттері арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік кірістердің тиімді бірыңғай жүйесін құру қажеттілігі туындады.
Он жыл бұрын пайда болған органның басым бағыттары негізінде мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кедендік ресімдеу мен бақылау технологияларын жетілдіруге серпін берді. Сонымен қатар елдің көркейіп, әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуі, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тәртіп пен өзара береке-бірліктің ұштасуы, қоғамдағы адамдардың өмір сүру ахуалының жоғарылауы, ұлттық стандартқа жету – мұның бәрі салық түсімдеріне байланысты.
Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің үйлесімді және жүйелі жұмысының арқасында 10 жыл ішінде мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 354 пайыз өсу қарқынымен 56 млрд. теңгеден 194 млрд. теңгеге дейін артты.
Цифрландыру мемлекеттік кірістер органдары жүйесінде үлкен серпінге әкелді. Ол соңғы онжылдықта көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету және салық жинауды арттыру бойынша басты құралдардың біріне айналды.
Цифрландыру камералдық бақылаудың тиімділігіне де әсер етті. Бүгіндері электронды түрде хабарлама ала отырып, салық төлеушіге заң бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығы беріледі. Біздің департамент 2014 жылдан бастап облыстық деңгейде камералдық бақылаудың барлық функцияларын орталықтандыру жөніндегі қанатқақты жобаға қатысқан жалғыз департамент болды.
Хабарламаларды пысықтаумен облыстық департаменттің жоғары білікті мамандары айналысады. Бұл жұмысты жүйелеуге, барлық салық төлеушілерге бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Цифрландыру мемлекеттік қызметтерді дамытуға және енгізуге ықпал етті. Қазіргі уақытта онсыз өмірімізді елестету қиынға соғып отыр. Бүгінде біздің департаменттің облыстық және аудандық деңгейлерінде мемлекеттік қызметтердің 34 түрі көрсетіледі. Оның ішінде 31 қызмет электрондық нысанда іске асырылды. Автоматтандырылған режімде салық есептілігі нысандарын қабылдау бойынша қызметтердің үлесі 99,9 пайызды құрайды.
Бүгінгі таңда кез келген салық төлеуші электронды түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алады. Сондай-ақ акцизделетін тауарларға лицензия алуға мүмкіндігі бар. Қарыздың жоқтығы немесе бар екендігі туралы ақпаратты біле алады. Бұдан бөлек, салық есептілігін тапсыруға және қайтаруға болады.
Негізгі қызметтен бөлек, департамент мамандары белсенді саламатты өмір салтын ұстанады, мәдени шаралардан қалыс қалмайды. Кейбір қызметкерлеріміз халықаралық жарыстарға қатысып, жеңіске жетіп жүр. Мереке қарсаңында департаменттің дамуы мен қызметіне өз үлесін қосқан және Мемлекеттік кірістер органдары құрылуының бастауында тұрған құрметті салық, кеден қызметінің ардагерлерін ерекше атап өткім келеді. Олардың қатарында Судаков В.С., Овденко Н. Ф., Шәкенова К. С., Есенов С.Б., Құлжанов Б.Н., Уакпаев С.К. бар.
Төлеген ҚАБДӨШЕВ,
облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.