Соңғы жылдары өңірімізде мал шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында тауарлы-сүт фермаларының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Есіл ауданына қарасты Тораңғұл ауылында “Азия Тораңғұл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл бағытта мақсатты жұмыс істеп жатыр. Қыркүйек айының соңында шаруашылық жаңа кәсіпорынды іске қоспақшы.
“Азия Тораңғұл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауарлы-сүт ферманың құрылысын 2022 жылдың күзінде бастады. Үш ғимараттан тұратын кешен араға екі жыл салып бой түзеді. Шаруашылықтың басшысы Петр Гольцердің айтуынша, екі нысан ірі қараға арналса, үшіншісінде сауын цехы орналаспақ.
– Мемлекеттің қолдауы арқасында тауарлы-сүт фермасын тұрғыздық. Жобаның құны – 3,5 млрд. теңге. Оның 2 млрд. теңгесі игеріліп, қажетті құрал-жабдықтар мен 500 симментал тұқымдас сиыр сатып алынды. Ірі қараны Германия мен Аустриядан әкелдік. Қазір қондырғыларды орнатып жатырмыз, – дейді серіктестік директоры Петр Гольцер.
Тораңғұлдағы тауарлы-сүт фермасы 800 ірі қараға шақталған. Бүгіндері жеткізілген 500 бас жаңа қораға жайғастырылды. Кешеннің құрылысы толыққанды аяқталмаса да, сиырлар күніне үш рет сауылады.
– Сауылатын 300 сиырдан күніне 1000 литрден астам сүт аламыз. Сауын үрдісі автоматтандырылған. Шикізатты Петропавлдағы сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізіп отырамыз, – деді сауыншы Арина Чеснокова.
Әзірге фермада тұрақты жұмыспен 25 адам қамтылған. Олардың орташа жалақысы 250 мың теңгені құрап отыр.
Серіктестіктің бас зоотехнигі Михаил Волошконың айтуынша, Еуропадан жеткізілген Зеңгі баба төлі теріскейдің тосын табиғатына тез бейімделген. Суықта да, ыстықта да күйін жоғалтпайды. Жыл соңына қарай шаруашылық тағы 300 ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде кешеннің жұмысы да толық қуатына көшіп, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.