Вирусты гепатит – қауіпті жұқпалы ауру. Бірінші кезекте адамның бауырына зақым келтіреді. Әлемдегі ең көп кең таралған аурулар қатарына жатады.
Вирусты гепатит әртүрлі вирустар тудырады. Олар латын алфавитінің А, В, С, D, Е, G әріптерімен белгіленеді. А вирусты гепатиті көбіне күзде басталады және көктемге дейін жоғары деңгейде болады. Жылдың бұл кезеңіндегі аурушаңдықтың артуы қорғаныш қабілетінің төмендеуіне, суық тиюге, тұрмыс жағдайына байланысты. Аталмыш вирусты гепатитпен ауырған адам таратады. Клиникалық белгілері (терінің, несептің сарылығы, бауыр тұсының ауыруы және т.б.) пайда болғанға дейінгі инкубациялық кезең айналадағы адамдарға қауіпті болып саналады. Көбіне осы кезеңде ауруды байқау қиын және де науқастар үйде, ұжымның арасында жүреді. Науқас адам вирусты қоршаған ортаға нәжіс, кейде несеп арқылы бөледі. Науқас қоршаған ортаның ластануына себепші болады. Әртүрлі заттар арқылы бөбекжай, балабақша, мектеп пен тағы басқа жерлерде топтасқан балалар бір-біріне инфекция жұқтырады. Бұдан басқа санитарлық-гигиеналық режім бұзылса, қолды жумай тамақ ішсе, инфекция жұқтырып алудың қаупі жоғарылайтынын айту қажет. Сондықтан қалалар мен елді мекендерде санитарлық талапты сақтап, балаларды ерте жастан тазалыққа дағдыландыру маңызды. Бұл аурудың алдын алу мен вирустың таралмауына мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аурудың алдын алу мақсатында 2 жастағы балаларға А гепатитіне қарсы екпе егілуде.
Әлсіздік, тез шаршау, тәбеттің болмауы, жүрек айнуы пайда болған кезде дәрігерге қаралу қажет. Ауызда ащы дәмнің сезілуі, оң жақ қабырғаның төменгі жағының шаншуы, несептің қараюы бауырдың зақымдалғанын білдіреді. Бұл жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауызда, теріде сарғаю байқалады. Вирусты гепатит арнайы зертханалық зерттеулерге негізделеді.
“В” және “С” (парентеральды) вирусты гепатит – жұқпалы ауру. Созылмалы бауыр циррозы мен обырдың дамуына әкеледі. Аталмыш гепатит адам ағзасында ұзақ уақыт сақталып, созылмалы ауру түрін қалыптастырады. Ең ауыр түрі “С” немесе посттрансфузиялық гепатит болып есептеледі. С гепатиті деп аталатын инфекция кез келген адамда болады, көбінесе жастарда кездеседі. Қазіргі кезде барлық донорлық қан міндетті түрде вирусты “В” және “С” гепатитінің бар-жоқтығына тексеріледі. Вирусты “С” гепатитінің тағы бір қаупі – қазіргі кезде дені сау адамды осы аурудан қорғайтын тиімді вакцина жоқ.
Инфекция жұққан адамның қан сары суы мен плазмасы бір немесе бірнеше аптадан бастап аурудың алғашқы клиникалық белгілері анықталғанға дейін қауіпті болып саналады және вирус ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.
Қамар ОРАЗАЛИНА,
Қызылжар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің жетекші маманы.