«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Батырлар рухы өшпейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздігімізді алып, халқы­мыз­дың рухани жан дүниесі жаңар­ған кезде әркім өзінің тарихи шежіре­сін кейінгі ұрпаққа мұра ету қамына кірісті. Бұл жас ұрпақтың туған жер­ге деген шынайы сүйіспеншілігін арт­тыруға, өлке тарихымен танысуға, жұрт біле бермейтін кейбір көмескі та­рихты, таңдаулы тұлғаларды тануға мүмкіндік берді.

Қазақ батырлары және олардың ел тағдырындағы тарихи орны жайлы айтқанда біз, біріншіден, олардың тереңнен тамыр тартқан туған жер, Отан, туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясын арқау етеміз.

Жамбыл ауданы Орталық ауылында Сүйіндік пен Жәнібек батыр, Баянауылында Мықтыбай Бекайдарұлы, Есіл ауданы, Өрнек ауылында Жанатай Жәңкеұлы, Айыртау ауданы, Орловка ауылында Жанатай Ақанұлы, дүниеге келгенін анықтап, басқа да батырлар жайында көптеген деректер, дәлелдер таптық.

Солтүстік Қазақстан облысында батырларға ескерткіштер, мүсіндер, мазарлар тұрғызылды. Біздің міндет – олардың ерлік істері туралы тарих тереңінен жеткен өлең-жырларды, аңыз-әңгімелерді жинастырып, зерттеп-зерделеп, тарихи оқиғаларды, елге еңбегі сіңген батырлардың есімдерін қалпына келтіру. Былайғы жұрт біле бермейтін шығар, Ашамайлы керейдің Еменәлі атасынан тарайтын Қантай сұлтан әрі би, әрі батыр болған екен. Ал сол Қантай – Ер Жәнібектің інісі. Жәнібек батыр Төлекұлы XVII ғасырдың басы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Еменәлі жалы қоны­сында өмірге келіп (қазіргі Архангел­ка ауылының орны), XVII ғасыр­дың үшінші жартысында сонда жер­ленген. Белгілі қолбасшы Толыбай батыр Дәуленұлының сардарының бірі. Еділ және жоңғар қалмақтарына қарсы ерлік көрсеткен. Үргеніш қа­ласындағы медреседе оқып, Құран хадистерінен басқа араб, парсы, ежелгі түрік тілдерін үйренген екен. Туған ауылына келген соң бала оқы­тумен де айналысқан. Жәнібек батырдың ұрпақтары қазіргі кезде Жамбыл ауданының Архангелка және Үлгі ауылдарында, біразы Петропавл қаласында тұрады. “Қабыл­дау”, “Хасан-Мариям” поэмалары­ның авторы, ақын әрі ағартушы Біржан Берденұлы да – Жәнібек батырдың ұрпағы. Қантайдың Жанғозысы­нан тарайтын Жолан батыр Сарман­тайұлы да – Жәнібектің жолын қуған туы­сы. Ол ХІХ ғасырда өмір сүрген. Солтүстік Қазақстан энциклопедия­сының 285-бетінде жазылған дерек­тер бұл сөздерімізге дәлел бола алады.

Толыбай сыншы Дәуленұлы (1603­-1680) заманында Қазақ, Ноғай (Қарағаш, Маңғыт рулары), Қарақалпақ, Сібір татары (Ескер, Барабы, Құралаш рулары, Шалабай естектерінің, Челябинск башқұрттарының) біріккен әскерінің ордабасысы болыпты. Барабы, Ескер, Құралаш руларының, Шалабай башқұрттарының жасағының қазақ әскерінің құрамында болуына оларға қазақ хандығының ықпалы басым болуы себепкер болған екен. Қожабергеннің өз әкесі Толыбай сыншы да, атасы Дәулен батыр да, бабасы Таузар сардар да өз замандарында үш жүздің әскербасылары және Орта жүз қазақтарының ардақты ел билеушілері болыпты. Оларды өздерімен тұстас ақын­-жыраулар өлеңдеріне қосып, ерліктерін жырларына арқау еткен. Жыраудың анасы – Ақбілек Баянауыл өңірін мекендейтін Орта жүз, Сүйіндік Арғын Айдабол бидің қызы екен. Толыбай сыншының өз анасы Жамал кезінде Самарқан шаһарын және оған қоса Самарқан уәлаятын билеп-­төстеген, сол шаһарда үлкен ғимараттар салуға үлес қосқан, медресе ашқан. Кіші жүз ішінде Әлімұлының Төртқара руынан шыққан әйгілі Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының (1576­-1656) туған апасы екен. Сол себепті Толыбай сыншы өзінің Майлы би, Өтежан, Өтегелді, Өтеген, Өтепберген, Өтеулі, Өтеміс, Қарабас, Әмір, Өмір, Темір, Батыр, Бабыр, Бадыр, Өтебай, Өтеғұл, Еділ, Жайық, Қожаберген есімді ұлдарын нағашылары Ақша би, Жалаңтөс баһадүрдің Самарқан, Үргеніш, Бұхара шаһарларындағы жоғары дәрежелі діни білім беретін медреселерінде оқытады. Толыбай сыншының жиырма төрт баласының он тоғызы аталмыш қалалардағы медреседе оқып, хадимше сауаттарын жетілдіріп, діни білімдерін толықтырып, көне түрік, араб, парсы, өзбек тілдерін жақсы үйреніп, сол оқу орындарын өте жақсы тамамдап шығыпты. Жәнібектің соғыста көрсеткен көзсіз ерліктерін жоғары бағалаған Жәңгір хан оны “Ашамайлының Ер Жәнібегі” деп атағаны да кей деректерде кездесе­ді. Шайқастарға Жәнібекпен бірге оның ағасы Қантай да қатысып, ба­тыр атанады. Жәңгір хандық құрған кез 1628-1652 жылдар аралығы де­сек, атақты Орбұлақ шайқасы да осы кезде болғаны белгілі. Жәнібек пен Қантайдың өмір сүрген жылдары да осы Жәңгір ханның хандық құрған кезеңіне сәйкес келеді. Жоңғарлармен соғыста әлденеше рет жекпе-жекке шығып, мерейі үстем болған ержүрек Ағынтай батыр да осы кезде өмір сүрген.

Мықтыбай батыр – Жамбыл ауданы, Баян ауылының мақтанышы. Қазақ ел сенген азаматтың адалдығы мен асылдығын, қажыр-қайраты мен қайсарлығын, қарапайымдылығы мен қайырымдылығын шынайы бағалаған кезде ақиық қыранға баулиды. Ел басына күн туған кезде өз қатарымен бірге атажұртын, туған-туысқанын, күндерін көріп отырған малдарын жаудан қорғауға атсалысты. Қазақ жерінің жайлымын кеңейтуді мақсат етті. Бұл кезде Мықтыбай және оның замандастары жау шапқыншылығына қарсы қолдарына қару алып, соғысқа үлкендермен бірге араласты. Мықтыбай талай жаудың батырларымен жекпе-жекте жеңіп, ерлік танытқан. Ел ішінде Мықтыбайдың қалмақтың батыры Едгонжукпен жекпе-жекке шығуы және оның жеңісі есте сақталған. Мықтыбай батыр қалмақтармен бірнеше жыл соғысқа қатысып, 29 жасында Орталық Қазақстанда жау қолынан қаза болған. Бүгінгі күнде бұл – тарих қойнауында қалған ақиқат.

XVIII ғасырдың 70 жылдары қазақ елінің Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі, ел бастаған хан, би-шешендері мен батыр-көсемдерінің халықты сыртқы жауға жанқиярлықпен қарсы соғысы, ел мен жердің тұтастығын сақтап қалудағы өшпес ерлігі есімізден мәңгі ұмытылмасы хақ. Сол бір зұлмат жылдары Абылай ханның қол бастаған сенімді серігі, батыры бола білген орта жүз Ашамайлы керейдегі Еменәлі батыр тармағындағы Дәулетімбет батырдың ұлы Сүйіндік батыр. Сүйіндік батырдың туған жері, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Орталық ауылындағы Сүйіндік көлінің маңайы. Солтүстік өңірді жау әскерінен босатқаннан кейін, Сүйіндік батыр Дәулетімбетұлы Абылай ханмен батыс өңірді де жау әскерінен босату жорықтарына қатысады, сол жақта жараланып, хәлі әлсіреген кезде, Абылай ханға Сүйіндік батыр “алай-былай болып кетсем, туған жеріме апарып жерлерсіз” – деп аманат еткен. Өзінің мықты қолбасшысының аманатын орындауға Абылай ханның тапсырмасымен серіктері Сүйіндік батырды әкеле жатқан кезде, Көкшетау өңірінде көз жұмады. Қаралы хабарды естіген Абылай хан айтты деген сөз қалған екен: “Бәйтерегім Сүйіндік, сен аттан түскенде, қалың ел болып күйіндік”.

Алдымен Сүйіндік батырдың жатқан жерін анықтамақшы болып, осы өңірдің тумасы Сәркен Мүтәлапұлы мен бірге ескі қорымға бет алдық. Шоқ тоғайлар, жарқыраған көлдер мен жыралардың бойын қуалаған даланың қым-қиғаш соқпақ жолдарымен жүріп келе жатқанымызда алыстан бір биік төбе көзге шалынды. Алайда жолымыз батпаққа тіреліп, қасиетті мекенге тура жету мүмкін болмады. Сөйтіп, біздің бірнеше шақырым айналма жолмен жүруімізге тура келді.

Көне қорым жағалауында құрағы жайқалған, айдынында үйрек-қаздары қалқыған екі көлдің ортасында орналасқан екен. Аумағы ауқымды, әр жерден қабір үстінен салынған тас тақталар мен күмбездер көзге шалынады. Қорымның ең ортасындағы қабірдің жанында жалғыз қайың өсіп тұр. Оның айналасында ондаған сарбаздар жерленген. Жергілікті ақсақалдардың айтуларынша, осы маңайдағы үлкен жазықта Сүйіндік батыр басқарған қазақ қолы жоңғарлармен шайқасқан. Бұл туралы деректі біз осы ауылдың тумасы С.Жолаушинның 2014 жылы шыққан “Орталық” деген кітабынан да кездестірдік. Бұл кітапта Керей руының шежіресі келтірілген. Оның ішінде Сүйіндік батырдың ата тегі мен ұрпақтары туралы мәліметтер де бар. Батырдың артында екі ұлы қалған екен. Олардан тараған ұрпақтар бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында және Ресейдің Қорған облысының шекаралас аудандарында тұрып жатыр. Сүйіндік батыр мен оның сарбаздары жерленген зираттан бірер шақырым жерде тағы бір үлкен қорым бар. Қабір үстіне салынған обалар мен тақталардың нобайы мұнда адамдар XVIII ғасырдан бастап жерленгенін көрсетеді. Бұл жерде біздің уақытқа тиесілі жас қабірлер де бар. Көне қорымның ортасында үлкен оба орналасқан. Үйіндінің пішініне қарағанда, оба ерте темір дәуірінде тұрғызылған. Қазақ даласында, оның ішінде Қызылжар өңірінде де, жаңа зираттарды ежелгі қорғандардың маңайынан салу дәстүрі орта ғасырлардан бастап болғаны белгілі.

Біз Сүйіндік батыр мен оның сарбаздары жерленген қорымды Қазақстанның киелі орындары тізіміне енгізу, бұл жерге ескерткіш орнатып, тарихи-экскурсиялық орынға айналдыру туралы ұсыныс жасадық. Біздің ойымызша, Қазақстанның шынайы тарихын жазу үшін өлкетанушылар мен тарихшылар әлі көп ізденіп, есімдері ұмыт қалған батыр бабаларымыздың аттарын анықтау, ерліктерін дәріптеу бағытында қажымай-талмай еңбек етулері керек. Ежелден қазақтың мекені болған Қызылжар топырағында қасиетті жерлер өте көп. Солардың бірі – қазіргі Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылының жанындағы Құлсары батыр жерленген адыр. Құлсары Абылай хан тұсында жауға қарсы қол бастаған батырлардың бірі болған және оның ержүректігімен қоса, әулиелік қасиеті жайында да аңыздар бар.

Бүгінде дендеріне шипа іздеген жандар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, әулиенің басына қонып, Алладан жандарына медет тілейді. Емделіп кетіп жатқандары да баршылық. Бұл – соңғы кездері ғана белең алған үрдіс емес, батырдың басына зиярат етушілер бұдан бұрын да болғанын ақсақалдар айтып отыр.

Қазақ елін жоңғар басқыншыларынан азат ету үшін болған шайқастарға қатысқан Жәңкеұлы Жанатай батырдың да ерлігін ұмытуға болмайды. Жанатай батыр қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы Өрнек (бұрынғы Жанатай) ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Жәңкеұлы Жанатай батыр бабамызға арналып облыстық конференция өтті. Оған бабамыздың ұрпақтары қатысты, 2022 жылы Жанатай батырдың ат үстіндегі мүсіндік композициясы Өрнек ауылының қақ ортасына орнатылды. Аудан орталығынан үлкен көшеге есімі берілді.

Жанбатыр САРТАЕВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академиясының академигі.

Әсемгүл ҚЫДБЕКОВА,

“Абылай хан резиденциясы” музей-кешені директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp