Жамбыл ауданы – тек ақын-жазушылардың ғана емес, есімі елге танылған еңбек адамдарының да туып-өскен жері. Солардың бірі – Социалистік Еңбек Ері Төлебай Мұстафин. 21 тамыз күні ағамыз топырақтан тысқары болғанда 95 жасқа келер еді.
Төкең 1929 жылдың 21 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы Кенже ауылында дүние есігін ашқан. Шежіре бойынша Иманәліден тарайды. Одан бері қарай Жұмадан Бейсен, одан Мұстафа ақын (1870-1936) туған. Мұстафадан Әмірхан, Жанмұқан, Хайдар, Әмірханнан Бағыт, Төлебай тараған. Төлебайдың анасы – Күнбөпе. Төлебайдан Есләм, Дәукен, Орынбай, Оразымбет, Ораз туған. Төкең – жазушы, сыншы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Нұртазиннің аталас ағайыны.
Облысқа белгілі өлкетанушылар Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев “Бір әулеттің тарихы” деген жинағындағы “Сәдуақас пен Сейтахмет Көкеновтер” атты деректі материалында Төлебайдың әкесі Әлти қажының, кейін Сәдуақастың шаруашылығында жұмыс істеп, ең сенімді адамдарының бірі болғанын жазады. Алдымен бала кезінде атқосшы болып кірген Әмірхан кейін шаруашылығын басқарған екен. Осы жұмыста Сәдуақас бай ретінде тәркіленіп, жер аударылғанша істепті. Әсіресе Әлти қажының өзінің баласындай ұстағанын жиі айтып отыратынды. Жазушы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебінде” жазғанындай төңкеріс кезінде Сәдуақас әкесінің айтуымен малдарын, басқа да қымбат дүниелерін Қорған қаласындағы банкілер арқылы алтынға айналдырады. Сол алтынды Сәдуақас пен Әмірхан екеуі ешкімге сездірмей жасырын бір жерге тығыпты. Қанша алтын, қай жерге тыққандарын сұраған балаларына “Қайтесің” деп тіс жармайды екен. Осыдан-ақ Әмірхан әкеміздің сырға берік болғанын көреміз.
“Сәдуақас жер аударылар алдында әкеме еңбегің деп біраз көмек жасапты. Әкем аңшы болатын, немістің қолға түсе бермейтін қымбат тұратын мылтығын, ат әбзелдерін (қамыт-сайман), өзінің мініп жүретін арбасын, тағы басқа үй ішілік қымбат бұйымдарын беріп кетіпті. Осылардың кейбіреуінің жұрнақтары осы уақытқа дейін бар. Сәдуақасты жер аударған соң “Әлтидің құйыршығы” деп әкемді қудалай бастайды, қорыққан әкем Краснояр жағына көшіп кетіп, сол жақта 5-6 жыл жүріп келуге мәжбүр болады”, – деп Төкең әкесі туралы айтып жүруші еді.
2000 жылдың 13 мамырында Барлыбайдың ұрпақтары мен Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев Әлти қажы қыстауының орнын, бейітін көруге барғанда Төлебай ағамыз ерекше бір ықыласпен қарсы алған еді. Жолбасшы болып Әлти қажының Петровка ауылының оңтүстік-батыс жағында 4-5 шақырым жерде орналасқан “Бибалай” қыстауына, кейін 2-3 шақырым жердегі Тәбей қыстауына, Әлти қажы жерленген “Бертіс зираты” деп аталған үлкен қорымға, Алжыған, Тәбей, Көкен Барлыбаевтар жерленген, Петровканың оңтүстік жағында екі-үш шақырым жерде тас жолдың сол жақ бетінде жер болып кетудің алдында тұрған үлкен қорым “Баян” зиратына да, одан қалды “Әзберген” көліне де апарыпты.
“1954 жыл. Бес-алты тракторшы жер жыртып келе жатып осы зиратқа тірелдік. Қазақтар жағы зиратты жыртуға болмайды, орап өтейік дедік. Алдымызда келе жатқан буынның жетекшісі тың көтеруге келген орыс жігіті айтқанымызға көнбей “Соңымнан еріңдер!” – деп, зираттың үстін жыртып ала тартты. Сөйткенше болған жоқ көп ұзамай тракторының қара түтіні бұрқ етіп, моторы сөніп қалды. Содан бері осы зираттың тұсынан өткен сайын сол оқиға есіме түсіп, дұғамды оқып өтемін. Осы зиратта Абылай ханның қалың қолын мінер атпен, ішер тамағымен жабдықтап отырған ең сенімді адамдардың бірі болған керей руынан шыққан Баян бай жатыр. Кезінде бұл төңіректе Баян байдан асқан бай болмаған және халықтан “жомарт бай” деген атты қосып алған деседі. Тәбей, Итемір, Тәштит(Тәшмұхамед) Барлыбаевтар қиын уақытта халыққа қамқор болған адамдар. Міне, осындай адамдардың бейіттері төбешік болып елеусіз жатуы тарихымызды табанмен басқанмен бірдей ғой. Тым болмаса, маңайын орлап, осындай адамдар жерленген деп есімдерін тасқа жазып қою көп қаржыны қажет етпес еді. Құдайға шүкір, осы адамдардың қазіргі ұрпақтары да баршылық. Баян байдан 13 бала болыпты, қазір ұрпақтары бар”, – деп айтқан Төлебайдың сөзі жерде қалмады. Бүгінгі таңда кесене тұрғызылып, тәу ететін киелі жерлердің біріне айналды. Әлти мен Мұстафаның достығын Нағашыбай мен Ораздың жалғастырып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн болар.
“Еңбек ет те, міндет қыл”, – деуші еді бұрынғылар. Төкең оныншы бесжылдықтың бірінші жылының орағына екпінді қарқынмен кіріскен. Сол бесжылдықта ағамыз өзіне бекітілген 120 гектар жүгерінің әр гектарынан жыл сайын орта есеппен 234 центнерден өнім алған. Бұл жалпы кеңшар көрсеткішінен 103 центнер жоғары, өзінің МТЗ-50 тракторымен өткен бес жылда жер өңдеу жөнінде тоғыз жоспарды орындады. Сөйтіп 1967 жылы 19 сәуірде КСРО Жоғарғы кеңесінің жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы ауылдасым Құрманғали Сұрағанов пен Төлебай Мұстафин екеуіне бір кезде берілді. (Қ.Сұрағанов Еменәліден, Т.Мұстафин Иманәліден тараған. Еменәлі мен Иманәлі бір әкеден туған – С. Қ).
Алғаш рет Төлебай ағаны 1967-1968 жылдарда Баян ауылында Құрманғали ағамыздың үйінде бір тойда кездестірдім. Зор денелі, балуанға ұқсас кісі еді. 1928 жылы туған Құрманғали Сұрағанов екеуінің жас айырмашылығы бір жылға да жетпейтін. Екеуі де – Еңбек Ері. Бір үзілісте Төлебай ағамызбен әңгімелесудің сәті түсті. Тілге шешен екенін, мәдениетті сөйлейтінін, ескіше ата-бабалар әңгімесін және шежірені жақсы білетінін аңғардым. Сөз арасында өзіндік ерекшелігімен әзілдерін естігендер ішек-сілесі қатып күлетінді. Өзі де аңқылдаған көңілмен ақтарыла күлуші еді.
– Қазақстан мемлекетке 1 миллиард 100 миллион пұт астық өткізді. Соның ішінде Құрманғали екеуіміздің де үлесіміз болды. Оны қалай сүйіспеншілікпен айтпаймыз? Отан алдындағы өзімізге алған міндетті жоспарды орындап, ел алдында абыройлы болып Еңбек Ері атандық, – деген әңгімесі әлі менің жадымда жүр.
Ортақшыл ауылында тұрған аңшы, бүркітші Бөкеш Шаймерденов деген әнші, сауықшыл жездеміздің баласы Толыбай ауылындағы (қазіргі Богдановка) Тұраттың үйінде болған жиында да кездескен едік. Одан кейін 1970 жылдардың ішінде Заречныйда тұратын обкомның комендатурасында істейтін жерлес туысы, Кенже ауылының тумасы Құлти Қалиевтің үйінде көрісіп, көп әңгімелеріне қанық болғанбыз.
2007 жылдың сәуірінде Төлебай ағамыз дүниеден өтті. Ортақшыл ауылының ескі жұртына жерленді. Ол зиратта Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин де мәңгілік тыныстап жатыр. Жерлес жазушымыз Сафуан Шаймерденовтің “Ағалардың алақанында” еміс-еміс қана деректер жазылғаны болмаса, ауыл тарихы көмескіленіп қалғанды. Благовещенка ауылының солтүстік-батысына қарай “Ортақшылға – 13 шақырым” белгісін қойса, тарихын қастерлеген жамағат еш адаспай барып, қос бірдей Социалистік Еңбек Ерінің аруағына тағзым етер еді.
Мағжан Жұмабаев ауданының Надежка селосына барып, тракторшылар даярлайтын курста оқыған соң алғашында Преснов, одан кейін Благовещенка машина-трактор стансаларында жұмыс істеген әкенің жолын қуған Есләм мен Дәукен де механизатор болды. Екеуі де алты мың центнер астық бастырудың қаншалықты қиынға түсетінін жақсы білді. Бірі сүдігер жыртуда, екіншісі жемшөп дайындауда жүреді екен. Екеуі де әке атына дақ түсірмей алдыңғы саптан көрінуге тырысатын. Өкінішке қарай, Есләм 2009 жылы дүниеден өтті. Дәукен – қазір зейнеткер. “Алма ағашынан алыс түспейді” дегендей Есләмнің немересі Төлебек Оралұлы ауыл шаруашылығына қызығушылық танытып, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін қызыл дипломмен аяқтап, Булаевта “Ноғайбай” ЖШС-ның агрономы болып қызмет етіп жүр.
Төкеңнің қарашаңырағын көздің қарашығындай сақтап отырған кенжесі Ораз “Айсұлу” шағын шаруа қожалығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Батырдың есімін ұмыттырмау мақсатында жұмыстар да атқарылып жатыр. 2020 жылы облыстық ономастикалық комиссиясының шешімімен Благовещенка ауылының Социалистическая көшесіне Төлебай Мұстафиннің аты берілді. Бұл игі іс-шара аудан орталығы Пресновкада да жалғасын табатынына кәміл сенемін.
Елге еңбегі сіңген азаматтарымызды қазіргі заман жастарына айта отырып, тарихымызды тереңдететінімізді естен шығармайық. Ел деп еңбек еткен ерлер ешқашан да ұмытылмайды. Сондай азаматтардың бірегейі – Төлебай Мұстафин еді.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.