«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК МАЙДАНЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жамбыл ауданы – тек ақын-жазушылардың ғана емес, есімі елге танылған еңбек адамдарының да туып-өскен жері. Солардың бірі – Социа­листік Еңбек Ері Төлебай Мұстафин. 21 тамыз күні ағамыз топырақтан тысқары болғанда 95 жасқа келер еді.

Төкең 1929 жылдың 21 та­мы­зында Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы Кен­же ауылында дүние есігін аш­қан. Шежіре бойынша Иманәлі­ден тарайды. Одан бері қарай Жұмадан Бейсен, одан Мұста­фа ақын (1870-1936) туған. Мұс­тафадан Әмірхан, Жанмұқан, Хайдар, Әмірханнан Бағыт, Тө­лебай тараған. Төлебайдың ана­сы – Күнбөпе. Төлебайдан Ес­ләм, Дәукен, Орынбай, Ора­зым­бет, Ораз туған. Төкең – жа­зушы, сыншы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Нұрта­зин­нің аталас ағайыны.

Облысқа белгілі өлкетану­шылар Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев “Бір әу­леттің тарихы” деген жинағын­дағы “Сәдуақас пен Сейтахмет Көкеновтер” атты деректі мате­риалында Төлебайдың әкесі Әлти қажының, кейін Сәдуа­қастың шаруашылығында жұ­мыс істеп, ең сенімді адамда­ры­ның бірі болғанын жазады. Ал­дымен бала кезінде атқосшы бо­лып кірген Әмірхан кейін шаруашылығын басқарған екен. Осы жұмыста Сәдуақас бай ретінде тәркіленіп, жер ауда­рылғанша істепті. Әсіресе Әлти қажының өзінің баласындай ұс­тағанын жиі айтып отыратынды. Жазушы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебінде” жазғанындай төңкеріс кезінде Сәдуақас әке­сі­нің айтуымен малдарын, бас­қа да қымбат дүниелерін Қорған қаласындағы банкілер арқылы алтынға айналдырады. Сол ал­тынды Сәдуақас пен Әмірхан екеуі ешкімге сездірмей жасырын бір жерге тығыпты. Қанша алтын, қай жерге тыққандарын сұраған балаларына “Қайтесің” деп тіс жармайды екен. Осы­дан-ақ Әмірхан әкеміздің сырға берік болғанын көреміз.

“Сәдуақас жер аударылар алдында әкеме еңбегің деп бі­раз көмек жасапты. Әкем аңшы болатын, немістің қолға түсе бермейтін қымбат тұратын мылтығын, ат әбзелдерін (қамыт-сай­ман), өзінің мініп жүретін арбасын, тағы басқа үй ішілік қымбат бұйымдарын беріп ке­тіпті. Осылардың кейбіреуінің жұрнақтары осы уақытқа дейін бар. Сәдуақасты жер аударған соң “Әлтидің құйыршығы” деп әкемді қудалай бастайды, қо­рыққан әкем Краснояр жағына көшіп кетіп, сол жақта 5-6 жыл жүріп келуге мәжбүр болады”, – деп Төкең әкесі туралы айтып жүруші еді.

2000 жылдың 13 мамырын­да Барлыбайдың ұрпақтары мен Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев Әлти қажы қыстауы­ның орнын, бейітін көруге бар­ғанда Төлебай ағамыз ерекше бір ықыласпен қарсы алған еді. Жолбасшы болып Әлти қажы­ның Петровка ауылының оңтүс­тік-батыс жағында 4-5 шақырым жерде орналасқан “Бибалай” қыс­тауына, кейін 2-3 шақырым жердегі Тәбей қыстауына, Әлти қажы жерленген “Бертіс зираты” деп аталған үлкен қорымға, Ал­жыған, Тәбей, Көкен Барлы­баевтар жерленген, Петровка­ның оңтүстік жағында екі-үш ша­қырым жерде тас жолдың сол жақ бетінде жер болып кетудің алдында тұрған үлкен қорым “Баян” зиратына да, одан қалды “Әзберген” көліне де апарыпты.

“1954 жыл. Бес-алты тракторшы жер жыртып келе жа­тып осы зиратқа тірелдік. Қа­зақ­тар жағы зиратты жыртуға бол­майды, орап өтейік дедік. Алдымызда келе жатқан буынның жетекшісі тың көтеруге келген орыс жігіті айтқанымызға көнбей “Соңымнан еріңдер!” – деп, зираттың үстін жыртып ала тартты. Сөйткенше болған жоқ көп ұзамай тракторының қара түтіні бұрқ етіп, моторы сөніп қалды. Содан бері осы зират­тың тұсынан өткен сайын сол оқиға есіме түсіп, дұғамды оқып өтемін. Осы зиратта Абылай ханның қалың қолын мінер ат­пен, ішер тамағымен жабдық­тап отырған ең сенімді адам­дардың бірі болған керей руы­нан шыққан Баян бай жатыр. Ке­зінде бұл төңіректе Баян байдан асқан бай болмаған және ха­лықтан “жомарт бай” деген атты қосып алған деседі. Тәбей, Итемір, Тәштит(Тәшмұхамед) Бар­лы­баевтар қиын уақытта халық­қа қамқор болған адамдар. Міне, осындай адамдардың бейіттері төбешік болып елеусіз жатуы тарихымызды табанмен басқанмен бірдей ғой. Тым бол­маса, маңайын орлап, осындай адамдар жерленген деп есімде­рін тасқа жазып қою көп қаржыны қажет етпес еді. Құдайға шүкір, осы адамдардың қазіргі ұрпақтары да баршылық. Баян бай­дан 13 бала болыпты, қазір ұрпақтары бар”, – деп айтқан Тө­лебайдың сөзі жерде қалмады. Бүгінгі таңда кесене тұрғызы­лып, тәу ететін киелі жерлердің біріне айналды. Әлти мен Мұстафаның досты­ғын Нағашыбай мен Ораздың жалғастырып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн болар.

“Еңбек ет те, міндет қыл”, – деу­ші еді бұрынғылар. Төкең оныншы бесжылдықтың бірінші жылының орағына екпінді қар­қынмен кіріскен. Сол бесжыл­дықта ағамыз өзіне бекітілген 120 гектар жүгерінің әр гектары­нан жыл сайын орта есеппен 234 центнерден өнім алған. Бұл жалпы кеңшар көрсеткішінен 103 центнер жоғары, өзінің МТЗ-50 тракторымен өткен бес жыл­да жер өңдеу жөнінде тоғыз жос­парды орындады. Сөйтіп 1967 жылы 19 сәуірде КСРО Жоғарғы кеңесінің жарлығымен Социа­лис­тік Еңбек Ері атағы ауылда­сым Құрманғали Сұрағанов пен Төлебай Мұстафин екеуіне бір кезде берілді. (Қ.Сұрағанов Еменәліден, Т.Мұстафин Иман­әлі­ден тараған. Еменәлі мен Иманәлі бір әкеден туған – С. Қ).

Алғаш рет Төлебай ағаны 1967-1968 жылдарда Баян ауы­лында Құрманғали ағамыздың үйінде бір тойда кездестірдім. Зор денелі, балуанға ұқсас кісі еді. 1928 жылы туған Құрман­ғали Сұрағанов екеуінің жас айырмашылығы бір жылға да жет­пейтін. Екеуі де – Еңбек Ері. Бір үзілісте Төлебай ағамызбен әңгімелесудің сәті түсті. Тілге ше­шен екенін, мәдениетті сөй­лейтінін, ескіше ата-бабалар әңгімесін және шежірені жақсы білетінін аңғардым. Сөз ара­сында өзіндік ерекшелігімен әзіл­дерін естігендер ішек-сілесі қатып күлетінді. Өзі де аңқыл­даған көңілмен ақтарыла күлуші еді.

– Қазақстан мемлекетке 1 мил­лиард 100 миллион пұт ас­тық өткізді. Соның ішін­де Құрманғали екеуіміздің де үлесіміз болды. Оны қалай сүйіспеншілікпен айтпаймыз? Отан алдындағы өзімізге алған міндетті жоспарды орындап, ел алдында абыройлы болып Ең­бек Ері атандық, – деген әңгіме­сі әлі менің жадымда жүр.

Ортақшыл ауылында тұрған аңшы, бүркітші Бөкеш Шаймер­денов деген әнші, сауықшыл жез­деміздің баласы Толыбай ауылындағы (қазіргі Богданов­ка) Тұраттың үйінде болған жиын­да да кездескен едік. Одан кейін 1970 жылдардың ішінде За­речныйда тұратын обкомның комендатурасында істейтін жер­лес туысы, Кенже ауылының тумасы Құлти Қалиевтің үйінде көрісіп, көп әңгімелеріне қанық болғанбыз.

2007 жылдың сәуірінде Тө­ле­бай ағамыз дүниеден өтті. Ор­тақшыл ауылының ескі жұртына жерленді. Ол зиратта Со­циалистік Еңбек Ері Есім Шай­кин де мәңгілік тыныстап жатыр. Жерлес жазушымыз Сафуан Шаймерденовтің “Ағалардың алақанында” еміс-еміс қана де­ректер жазылғаны болмаса, ауыл тарихы көмескіленіп қал­ғанды. Благовещенка ауылы­ның солтүстік-батысына қарай “Ортақшылға – 13 шақырым” белгісін қойса, тарихын қастер­леген жамағат еш адаспай ба­рып, қос бірдей Социалистік Еңбек Ерінің аруағына тағзым етер еді.

Мағжан Жұмабаев ауданы­ның Надежка селосына барып, тракторшылар даярлайтын курс­та оқыған соң алғашында Преснов, одан кейін Благове­щенка машина-трактор станса­ла­рында жұмыс іс­теген әкенің жолын қуған Есләм мен Дәукен де механизатор бо­лды. Екеуі де алты мың центнер астық бастырудың қаншалықты қиынға түсетінін жақсы білді. Бірі сүдігер жыр­туда, екіншісі жемшөп дайын­дауда жүреді екен. Екеуі де әке атына дақ түсірмей алдыңғы саптан көрінуге тырысатын. Өкі­нішке қарай, Есләм 2009 жылы дүниеден өтті. Дәукен – қазір зейнеткер. “Алма ағашынан алыс түспейді” дегендей Есләм­нің немересі Төлебек Оралұлы ауыл шаруашылығына қызығу­шылық танытып, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­си­тетін қызыл дипломмен аяқтап, Булаевта “Ноғайбай” ЖШС-ның агрономы болып қызмет етіп жүр.

Төкеңнің қарашаңырағын көз­дің қарашығындай сақтап отырған кенжесі Ораз “Айсұлу” шағын шаруа қожалығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Батырдың есімін ұмыттырмау мақсатында жұмыстар да атқарылып жатыр. 2020 жылы облыстық ономастикалық комиссиясының шешімімен Бла­говещенка ауылының Социалис­тическая көшесіне Төлебай Мұстафиннің аты берілді. Бұл игі іс-шара аудан орталығы Пресновкада да жалғасын табаты­нына кәміл сенемін.

Елге еңбегі сіңген азаматта­рымызды қазіргі заман жастарына айта отырып, тарихымызды те­реңдететінімізді естен шығар­майық. Ел деп еңбек еткен ер­лер ешқашан да ұмытылмайды. Сондай азаматтардың бі­ре­гейі – Төлебай Мұстафин еді.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp