Шекарашылар – алдыңғы шепте тұрған жауынгерлер. Егер ел шетіне тұтқиылдан жау тисе, жердің тұтастығын сақтап қалу, басқа тиісті күштік құрылым жеткенше оларды шекарадан өткізбей ұстап тұру осы жауынгерлердің міндетіне жатады. Оның үстіне шекарашылар күні-түні қызмет етеді. Себебі шекара ешқашан күзетсіз қалмауы тиіс.
Шекара шебінде тұрған сарбаздарға қарап бой түзеп, Отан қорғаушы мамандығын таңдағандар аз емес. Сондай азаматтардың бірі – Әуелбек Жадрин.
Әуелбек Ғалиақпарұлы 1985 жылы Ақжар ауданындағы Ресейдің Омбы облысы, Полтавка ауданымен шекаралас Менжинское ауылында дүниеге келген. Ол елдің шетінде, желдің өтінде еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзетіп жүрген жауапты мамандық иелерінің қызметіне қызыға қарап, шекарашы болуды армандайды. 2001 жылы ауылдағы орта мектепті тамамдап, 2003-2005 жылдары Алматы қаласындағы Әуе қорғаныс күштері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келгесін, бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін құжат жинайды. 2006 жылы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара қызметіне келісімшарт бойынша жұмысқа қабылданып, еңбек жолын “Келтесай” шекара бөлімшесінде аға атқыш лауазымынан бастайды. 2008 жылы осы атқыштар бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Ел шебінде жүріп көзге түскен Әуелбек 2009 жылы “Баян Батыр” (бұрынғы атауы “Қарақоға”) шекара бөлімшесінің аға технигі лауазымына жоғарылап, бүгінгі күнге дейін осы қызметті абыроймен атқарып келеді. “Баян Батыр” шекара бөлімшесі Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан. Ауданның солтүстігі мен шығысы Ресеймен шекараласып жатыр. Шекара бөлімшесінің негізгі қызметі техника мен құрал-саймандарды жауынгерлік жағдайда ұстап, кез келген уақытта заңсыз шекара бұзушылардың жолын кесу болып табылады. Ал Әуелбек Жадриннің міндеті – жоғарыда аталған қызметтерді қадағалап, бақылауда ұстап отыру. Тәжірибелі шекарашы өзіне де, сақшыларға да талапшыл, тәртіпке қатал. Кез келген ұсақ-түйекке назар аударып, бұйрықтарды уақытында әрі бұлжытпай орындап отырады.
Білімді, қайратты жас командир қарамағындағы сарбаздармен күні-түні шекараны күзетіп, жылдың барлық мезгілінде егемен еліміздің беріктігі мен халқының тыныштығын сақтауда міндеттеріне адалдық танытуда. Әрине, барлық ынта-жігермен, жауапкершілікпен атқарған еңбек жемісті болатыны сөзсіз. Әуелбек Жадрин қызметке кіріскен жылдардан бастап бүгінге дейін шекараны заңсыз бұзып өтпек болған 167 азаматты ұстады.
– 2023 жылы 20 мамырда түнгі сағат 01.30 шамасында шекара бөлімшесінің бастығы дабыл қағып, командирдің “Қаруға!” деген пәрмені бойынша “Тосқауыл” тобының жетекшісі ретінде әскери көлікпен шекара шебіне жедел жеттік. №2877 шекара белгісінің аумағында Бангладеш республикасының 12 азаматын ұстадық. Шекараны заңсыз кесіп, Ресей Федерациясына өтпекші болған. Оларды шекара наряды байқаған. Шекарашылардың назарына іліккенін сезгендер жасырынбақ ниетте орманға қашқанымен, қарамағымдағы әскери қызметшілердің қырағылығы, қызметтік ит Рисананың көмегі және жедел жауынгерлік даярлықтың арқасында шекара бұзушыларды ұстап, шекара бөлімшесіне жеткіздік, – дейді Әуелбек Жадрин.
Әуелбек Жадрин аға техник ретінде бөлімшедегі МТЗ тракторы, УАЗ автокөліктері, қарда жүргіш техникаларға жауапты. Өзіне сеніп тапсырылған техника мен құрал-саймандардың үнемі жауынгерлік жағдайда болуы, заңсыз шекара бұзушылардың жолын кесу кезінде шекара қызметкерлерінің жедел әрекет етуі үшін сақадай сай тұруы оның міндетіне жатады.
– Әскери қызмет менің өмірімде маңызды орын алады. Екі жыл бойы әскери тәртіпке, жауапкершілікке және сабырлы, шыдамды болуға үйрендім. Жоғары жауынгерлік дайындықтан өтіп, әскери мамандықтың қыр-сырына қанықтым. Күні бүгін сол әскерден үйренгенімді тәжірибемен толықтырып келемін. Қазіргі жастарға қай саланы таңдаса да, ер жігіт алдымен еліне қызмет ету керек деп ағалық кеңесімді айтқым келеді, – дейді шекара қызметінің аға сержанты.
Тәжірибелі шекарашы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ІІ және ІІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, ІІІ дәрежелі “Ұлттық қауіпсіздік қалқаны” медальдарымен марапатталған.
“Әскери баспана” бағдарламасы бойынша пәтер алған шекарашы зайыбы Аңсағанмен 6 бала тәрбиелеп, қазіргі таңда өзі күзететін шекара аймағындағы Қарақоға ауылында тұрып жатыр.
Мемлекеттік шекараның беріктігі – елдігіміздің басты белгісі. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап еліміздің шекарашылары құрлықта, теңізде, өзендер мен өзге де су жолдарында мемлекеттік шекараны күзетеді. Сонымен қатар темір жол, автокөлік, теңіз, өзен, әуе жолы және өзге де жерлер арқылы өтетін шекара шептері Үкімет белгілеген өткізу пункттері арқылы айқындалады. Сондықтан шекара шебінен өтуге болмайтын жерлер арқылы контрабандалық жүк тасымалдау, тәуелсіз мемлекетімізге экономикалық зиян келтіруге бағытталған кез келген заңсыз әрекеттерге шекарашылар тосқауыл қояды.
Ендеше еліміздің тыныштығы мен шекарасының қауіпсіздігін қырағылықпен, жоғары жауапкершілікпен күзетіп жүрген Әуелбек секілді қырағы Отан қорғаушыларымыз аман жүрсін дейміз.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.