Өңірде биыл жалпы оқыту қорына 1480 млн. теңге бөлінген. Қазір тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар мектепке қажетті заттармен қамтылып жатыр.
Биылдан бастап жалпы оқыту қорынан көрсетілетін материалдық көмек мемлекеттік қызмет ретінде бекітілген. Біржолғы төлем – 43 мың теңге шамасында. Өңірде бұл көмек 11 мыңға жуық балаға беріледі. Олар – тұрмысы нашар, жетім және ата-ана қарауынсыз қалған оқушылар, тасқыннан зардап шеккен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары.
Берілген қаражатты оқу құралдарын алуға жұмсап, 10 күн ішінде ата-ана есеп беруі тиіс.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, бүгінге дейін 6498 балаға 281,6 млн. теңге төлем жасалғанын айтты. Бұдан бөлек, 37 мың оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту үшін 3,8 млрд. теңге бөлінген.
“Тамақтану сапасын бақылау мақсатында мектептерде бракераждық комиссиялар құрылды. Сонымен қатар барлық аудандарда ведомствоаралық сараптамалық топтар жұмыс істейді. Олардың құрамына ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Биыл асханалардың жабдықтары, жиһаздарын жаңартуға, бейнебақылау орнатуға 424,3 млн. теңге бөлінді, бұл былтырғыдан шамамен 3,5 есеге көп”, – дейді Татьяна Протопопова.
Маманның айтуынша, биыл 1-сыныпқа 7,3 мың бала қабылданды, жалпы 75 мың оқушы бар. Сабақ 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Балалар әдеттегідей үш ай демалады. Сондай-ақ биыл 3-сыныптан бастап шет тілі, еңбек және бейнелеу өнері пәндері енгізіледі.
Осы жылы 285 елді мекеннен 2,5 мыңнан астам бала өзге елді мекенде оқымақ. 1,8 мыңнан астам оқушыны күнделікті тасымалдау қажет болса, қалғаны интернатта жатып оқып, үйлеріне апта соңында барып отырады. Бұл мақсатқа білім ордаларының балансында 147 автокөлік бар. Жыл сайын мектептердің автобус паркі жаңартылып келеді. Өткен жылы 29 мектеп автобусы сатып алынды. Биыл тағы 38 жаңа техникамен толықты.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы да назардан тыс қалмады.
“Биыл біз 47 пәндік кабинет алдық, оның 38-і ауыл мектептеріне жөнелтілді. Сондай-ақ 1 STEM-зертхана, 1 робототехника кабинетін сатып алдық. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,4 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылдан 2 млрд. теңгеге көп.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 167 мектепте интернет жылдамдығы 100 Мбит/с дейін артты, оның ішінде 138 мектеп Starlink орнату нәтижесінде сапалы интернетке қол жеткізді”, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Биыл облыста 53 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізілді. 6,1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде: “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 2,7 млрд. теңгеге 22 нысан, облыстық бюджеттен 3,4 млрд. теңге сомасына 31 нысан жөнделді.
“Негізінен кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шатыр, терезе блоктары ауыстырылды, жылыту жүйесін жөнге келтірдік, электрмен жабдықтау, ішкі және сыртқы жұмыстар атқарылды.
Барлық жұмыстарды оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жылыту маусымына дайындық та назарда. Биыл қазандықтар мен қазандық жабдықтарын сатып алуға 1,6 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 86 қазандық және 78 қазандық жабдығы сатып алынып, орнатылып жатыр. Жылыту маусымына 98,1 мың тонна көмір сатып алынады, ол үшін 1,5 млрд. теңге бөлінді”, – дейді Татьяна Протопопова.
Облыстағы 24 колледжде 11 мыңға жуық студент білім алады. 1 курсқа 3,5 мың талапкер қабылданады. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарға 1870 адам, басқаларына – 1500 адам алынады. Құжат қабылдау 29 тамызға дейін жалғаспақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.