Тайынша ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар озық жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары шағын өндіріс орындары бой көтеріп, Шопан ата түлігі көптеп өсіріліп, тамшылатып суару әдісіне жете ден қойылған.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аудандағы жұмыс сапарын шаруашылықтарды аралаудан бастады. “Аманат” шаруа қожалығы 0,5 млрд. теңгенің инвестициялық жобасын қолға алған. Бүгінге дейін 4,5 мыңға жуық ұсақ мал сатып алынса, Қарағанды облысынан қосымша 600 бас әкелмек. Негізгі өнім Астанаға жөнелтіледі. Енді Катар мен Дубайға да экспорттау жоспарланып отыр.
Красная поляна елді мекенінде орналасқан “Зеленые Луга” шаруа қожалығының директоры Юрий Красноголовый “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 700 млн. теңгеге қаржыландырылып, 790 ірі қара сатып алынғанын жеткізді. Бұдан бөлек, 400 бас сауын сиырға шақталған ферманың құрылысы жүргізілуде. Нысан күзге таман пайдалануға берілетін болады.
Өңір басшысы “Таң” шаруа қожалығында болып, тамшылатып суару технологиясымен танысты. Биыл мұнда картоптың 7 түрі отырғызылыпты. Тіршілік нәрі бір гектар аумақты алып жатқан жасанды су қоймасынан жеткізіледі.
Ауыл тұрғындарының бірі Николай Шмидт ірі қара мен шошқа өсіреді. Оның айтуынша, қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндіктер жеткілікті. Жемшөп мол.
Ғауез Торсанұлы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен өткізген кездесуде егін орағының басталуына аз қалғанын айтып, аса жауапты науқанды қысқа мерзімде ұйымшылдықпен атқарудың маңыздылығын атап көрсетті.
Аудан әкімі Берік Әлжанов 122 мың гектар алқаптың шөбі шабылғанын, жемшөптің бір жарым жылдық қоры жасалатынын баяндады. 750 комбайн астық бастыруға әзір, оның 460-ның өнімділігі жоғары. 11 мың тонна жанар-жағармай қажет.
Ауданда жалпы ұзындығы 190 шақырым жолды қалпына келтіруге 4 млрд. теңге бөлінген. Келлеровка – Южное бағытындағы жолға орташа жөндеу жүргізіліп, 2025 жылдың мамыр айында іске қосылады.
Жоба құны – 590 млн. теңге. Заречное ауылында Шағалалы өзені арқылы жалғасатын көпірді қалпына келтіру қыркүйек айында аяқталады. Өңір басшысы көктемгі су тасқыны кезінде зақымданған Ясная Поляна – Тихоокеан – Шұңқыркөл – Көкшетау – Омбы жолдарын аралап көрді.
“Бұл жерлердің топырағын су шайып кеткендіктен, жөндеуге биыл 521 млн. 500 мың теңге бөлінді. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына бір жүк тиегіш, екі бульдозер, бір экскаватор жұмылдырылған”,– деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаев.
Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралап, жаңа оқу жылына дайындық және абаттандыру жағдайымен танысты. Красная поляна орта мектебіне 138 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. “Таза Тайынша” бағдарламасына 4300-ге жуық адам атсалысқан, 167 техника жұмылдырылған, 800 тоннаға жуық қоқыс шығарылған.
Ғауез Нұрмұхамбетов бұдан кейін орталық кітапханаға барды. Кітапханада және ауылдық мәдениет ошақтарында жиһаздар жаңартылған. Кітапханада жеңілдетілген несие және грант алушылар өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер назарына қолөнер бұйымдары мен киім-кешек түрлері ұсынылды. Олардың қатарында нан өнімдерін пісіруді қолға алған “Күміс алқа” иегері Сәуле Сәдібекова да бар.
Өңір басшысы №5 орта мектепте болып, білім беру ұйымдарының директорларына оқушыларды тасымалдайтын 8 шағын автобустың кілтін салтанатты түрде табыс етті.
“Екі аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Біз жыл сайын мектептердегі жөндеу жұмыстары мен материалдық-техникалық базаның нығаюына көңіл бөліп келеміз. Биыл 38 автокөлік сатып алынды”, – деді Ғауез Торсанұлы.
“Мектепке жол” республикалық акциясы аясында балаларға кеңсе тауарлары салынған сөмкелер берілді.
Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында тұрғындармен кездесіп, ауданның бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын талқылады.
5 елді мекенде су тарату желілері, 21 ауылда су тазартатын кешенді блок модульдері орнатылуда. 3 мектепте күрделі жөндеу аяқталды, Драгомировкада жаңа білім ошағы бой көтереді. Кезекте тұрғандар үшін 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ауылішілік жолдар мен тротуарларға асфальт төселуде.
“Жаңбыр не қар жауса, электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алып, жарық өшіп қалады. Арнайы бригада келгенше сарылып күтіп отырғанымыз. Бұрын электриктер бригадасы әр кеңшарда болатын. Ақауды тез қалпына келтіріп беретін. Осы дәстүрді жаңғыртуға ықпал жасауыңызды өтінеміз. Электр желілері де әбден тозған”, – десті жиында сөйлеушілер. Бұл сауалға “Көкшетау-энерго” компаниясының басшысы нақты жауап бере алмады. Түйткілді проблеманы бөлінетін қаржының аздығымен түсіндіріп бақты. Сондай-ақ кездесуде көмір бағасына, жол және сапалы медициналық қызметке қатысты да әңгіме өрбіді.
Өңір басшысы жиынды қорытындылап, көтерілген мәселелерді шешу үшін жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.