Қызылжарға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бастаған делегация келді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының қатысуымен өткен кездесуде екі өңір арасында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Қазір ел бойынша Солтүстік Қазақстан облысының сүт фермаларын салу қанатқақты жобасы таратылуда. Теріскей шаруаларының тәжірибесі басқа өңірлерге де пайдалы болмақ. Осыған орай “Солтүстік” пен “Ұлытау” ӘКК арасында тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл өңірлеріміздің дамуына қосымша серпін бермек.
Жұмыс сапары барысында Ұлытау облысының делегациясы Тайынша ауданында орналасқан “BioOperations” серіктестігіне барды. Мұнда жергілікті агроқұрылымдарда шығарылатын өнімдер көрсетіліп, сапа жағына айрықша назар аударылды. Компанияның бас директоры Евгений Келин заманауи қондырғылармен, бидай мен ұнды қалдықсыз өңдеу, биоэтанол алу әдісімен таныстырды.
“Элеватор Тайынша” ЖШС-ның сыйымдылығы 118 мың тоннаға жуық. Күніне 2 мың тоннаға дейін астық қабылдайды. Зертхана озық технологияларға негізделген. 187 адам еңбек етеді.
Бұдан кейін ұлытаулықтар Аққайың ауданы, Аралағаш ауылында 2022 жылы іске қосылған “Северный бройлер” ЖШС-ға аялдады. Құс фабрикасының жобалық құны – 5 млрд. 469 млн. теңге. Былтыр 1750 тонна құс еті өндірілген. Жыл басынан бері 520 мың құс балапаны әкелінген.
Серіктестік басшысы Сергей Домаевтың айтуынша, жемге араластырылып берілетін протеин Ресейдің Калининград қаласынан жеткізіледі. Экологиялық жағынан таза өнімге сұраныс жоғары, Ресей, Польша, Бельгия елдеріне жөнелтіледі. Құс фабрикасы мемлекет тарапынан жүйелі түрде қаржылық қолдау тауып келеді.
Делегация мүшелерінің ат басын тіреген келесі нысаны Ленинск елді мекеніндегі “Иван Зенченко” серіктестігі болды. Агроқұрылым жылына 6000 тоннаға жуық сүт өндіреді. Ірі қараның саны 2,5 мың басқа жеткізілген. 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
“Екі тарап меморандумға қол қоюға келістік. Озық тәжірибенің орнықтылығына көз жеткіздік. Кең ауқымды жобалар бәрімізді тәнті етті”, – деді ұжыммен кездесуде пікір білдірген “Ұлытау” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ басқарма төрағасы Алмат Жөкебаев.
Сырт көзді таңдай қақтырар табыстар іскер азамат Біржан Шаймерденов жетекшілік ететін “Дайындық” шаруашылығында да аз емес. Осындағы тауарлы-сүт фермасында 700-ге жуық симментал тұқымды сиыр сауылып, жылына орта есеппен 3 мың тонна өнім әзірленеді. Жоба құны – 1,1 млрд. теңге. Орташа жалақы 230 мың теңгеден айналады. Ауыл да адам танымастай өзгерген. Тұрғындар үшін барлық әлеуметтік жағдай жасалған.
Ұлытаудан келген меймандар масағы кереқарыс бидай алқаптарын аралап, теріскейдің әсем табиғатын тамашалады. Қызылжар ауданы Чапаев ауылындағы “Қызылжар Сүт” серіктестігінің тыныс-тіршілігімен де танысып, ризашылық сезімдерін жасырмады.
Делегация облыс орталығында сүтті тереңдетіп өңдейтін “Масло дел” ЖШС-да болды. Кәсіпорын еліміздің ішкі нарығында ширек ғасырға жуық өнімді жұмыс істеп келеді. Былтыр 104,8 мың тонна сүт өнімдері шығарылды. Бұл – еліміз бойынша өндірілетін өнімнің 11,5 пайызы.
Ұлытау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат Мутаев жаңадан құрылған өңір үшін мұндай жүздесулердің пайдасы ұшан-теңіз екеніне тоқталды. Облыс ұн, нан, етпен ғана толық қамтамасыз етілген. Азық-түліктің қалған 16 түрі импорт есебінен өтеледі екен.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.