«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙ ТӘЖІРИБЕСІ: ҰЛЫТАУДЫҢ ҮЙРЕНЕРІ КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарға Ұлытау облы­сының әкімі Берік Әбдіғалиұлы баста­ған де­легация келді. Об­­­лыс әкі­мі Ғауез Нұрмұхам­бе­­­тов пен Ұлы­тау об­лы­сы­ның әкімі Бе­рік Әбдіғали­ұлы­ның қатысуы­мен өт­кен кез­де­­суде екі өңір ара­сында ауыл ша­руашылығы, өнер­кә­сіп және әлеуметтік сала­да­ғы ынтымақтастықты дамы­­­ту мәселе­лері талқыланды.

Қазір ел бойынша Солтүстік Қазақстан облысының сүт фер­ма­ларын салу қанатқақты жоба­сы таратылуда. Теріскей шаруа­ларының тәжіри­бе­сі басқа өңір­лерге де пайдалы болмақ. Осы­ған орай “Солтүстік” пен “Ұлы­тау” ӘКК ара­сында тәжірибе ал­масу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл өңірлеріміздің да­муына қосымша серпін бермек.

Жұмыс сапары барысында Ұлытау облысының делега­ция­сы Тайынша ауданында орна­ласқан “BioOperations” серіктес­тігіне барды. Мұнда жергілікті аг­роқұрылымдарда шығарылатын өнімдер көрсетіліп, сапа жағына айрықша назар аударылды. Ком­панияның бас директоры Евгений Келин заманауи қондырғылар­мен, бидай мен ұнды қалдық­сыз өңдеу, биоэтанол алу әдісімен таныстырды.

“Элеватор Тайынша” ЖШС-ның сыйымды­лығы 118 мың тон­наға жуық. Күніне 2 мың тоннаға дейін астық қабылдайды. Зертха­на озық тех­нология­ларға негізделген. 187 адам еңбек етеді.

Бұдан кейін ұлытаулықтар Ақ­қайың ауданы, Аралағаш ауы­лында 2022 жылы іске қо­сылған “Северный бройлер” ЖШС-ға аялдады. Құс фабрика­сының жо­балық құны – 5 млрд. 469 млн. теңге. Былтыр 1750 тон­на құс еті өндірілген. Жыл басы­нан бері 520 мың құс балапаны әкелінген.

Серіктестік басшысы Сергей Домаевтың айтуынша, жемге араластырылып берілетін про­теин Ресейдің Калининград қа­ласынан жеткізіледі. Эколо­гиялық жағынан таза өнімге сұра­ныс жоғары, Ресей, Польша, Бель­гия елдеріне жөнелтіледі. Құс фабрикасы мемлекет та­ра­пынан жүйелі түрде қаржылық қолдау тауып келеді.

Делегация мүшелерінің ат ба­сын тіреген келесі нысаны Ле­нинск елді мекеніндегі “Иван Зенченко” серіктестігі болды. Агроқұрылым жылына 6000 тоннаға жуық сүт өндіреді. Ірі қараның саны 2,5 мың басқа жеткізілген. 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

“Екі тарап меморандумға қол қоюға келістік. Озық тәжірибенің орнықтылығына көз жеткіздік. Кең ауқымды жобалар бәрімізді тәнті етті”, – деді ұжыммен кез­десуде пікір білдірген “Ұлытау” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясы” АҚ басқарма төрағасы Алмат Жөкебаев.

Сырт көзді таңдай қақтырар табыстар іскер азамат Біржан Шаймерденов жетекшілік ететін “Дайындық” шаруашылығында да аз емес. Осындағы тауарлы-сүт фермасында 700-ге жуық симментал тұқымды сиыр сауылып, жылына орта есеппен 3 мың тонна өнім әзірленеді. Жоба құны – 1,1 млрд. теңге. Орташа жалақы 230 мың теңгеден айна­лады. Ауыл да адам та­ны­мастай өзгерген. Тұрғындар үшін бар­лық әлеуметтік жағдай жасалған.

Ұлытаудан келген мейман­дар масағы кереқарыс бидай ал­қаптарын аралап, теріскейдің әсем табиғатын тамашалады. Қы­зылжар ауданы Чапаев ауылындағы “Қызылжар Сүт” серіктестігінің тыныс-тіршілігімен де танысып, ризашылық сезімде­­рін жасырмады.

Делегация облыс орталығын­да сүтті тереңдетіп өңдейтін “Масло дел” ЖШС-да болды. Кәсіпорын еліміздің ішкі нары­ғында ширек ғасырға жуық өнім­ді жұ­мыс істеп келеді. Был­тыр 104,8 мың тонна сүт өнімдері шыға­рыл­ды. Бұл – еліміз бойынша өнді­ріле­тін өнімнің 11,5 пайызы.

Ұлытау облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынас­тары басқармасының басшысы Қайрат Мутаев жаңадан құрыл­ған өңір үшін мұндай жүздесу­лердің пайдасы ұшан-теңіз еке­ніне тоқталды. Облыс ұн, нан, ет­пен ғана толық қамтамасыз етіл­ген. Азық-түліктің қалған 16 түрі импорт есебінен өтеледі екен.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp