– Қымбат Гумарбайқызы, осыдан екі жыл бұрын іргелі ғылыми-өндірістік ұйым –“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 100 жылдық мерейтойы атап өтілгені белгілі. Ал оған қарасты облыстық филиалдың тарихы әріден тамыр жаятынын біреу білер, біреу білмес. Тарқатып айтып беріңізші.
– Иә, 1890 жылы қаланың биіктеу, ашық алаңқай жерінде орналасқан А.Аргутинский-Долгоруков дегеннің пәтерінде алғашқы метеостанция өз жұмысын бастаған. 1900 жылы болатты метеорологиялық қондырғы Явленкада орнатылған. Кейін ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің, құрылыстың дамуымен бірге гидрометеорологиялық ақпаратқа қажеттілік артып, бақылау пункттеріне агрометеорологиялық бақылау жүргізу міндеті жүктелген. Осыған орай ауыл шаруашылығы өндірісін мамандандыруда, өсімдік зиянкестерімен, түрлі аурулармен күрес шараларында кеңінен қолданылып келеді. Бүгінде материалдық-техникалық база әлдеқайда нығайып, білікті мамандармен толыққан мекеме қатарындамыз. Рейтинг бойынша республикада көш басындамыз. 11 метеорологиялық, 5 автоматты метеорологиялық станцияда, 19 гидрологиялық бекетте, 11 автоматты агрометеорологиялық, 41 атмосфералық ауаның ластануын бақылау пунктінде 140-қа жуық адам еңбек етеді.
– Олай болса, негізгі қызмет түрлеріне тоқтала кетсеңіз.
– Бізге өңірдің гидрометеорологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету талабы жүктелген. Басты мақсатымыз–тәулік бойы қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, ауа райын, су, топырақ және өсімдік әлемі сияқты әртүрлі ортадағы табиғат құбылыстарын бақылау, өзгерістерге ғылыми талдаулар жасау, табиғи апаттарды болжап, адамдардың өмірі мен мүліктерін қорғауға көмектесу. Бұдан бөлек, жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар бақылау желісін пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйі жайлы жүйелі әрі толыққанды гидрометеорологиялық ақпарат алу, гидрометеорологиялық және агрометеорологиялық болжамдар жасау негізінде деректерді жинау, қорыту да – негізгі міндеттер қатарында. Оған жер бетіндегі метеорологиялық, актинометриялық, агрометеорологиялық байқаулар, өзендерде, көлдерде (теңіздерде), су қоймаларында, арналарда және өзге де жер үсті су объектілері бойынша мәліметтерді өңдеу, сақтау, талдау, климаттың өзгеруін қоса алғанда, дауылды, тағы басқа табиғат құбылыстарын болжау, белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарды, ұйымдарды, заңды және жеке тұлғаларды тиісті ақпараттармен жедел қамтамасыз ету кіреді. Бұған қоныстану аумақтарындағы атмосфералық жауын-шашын мен қар жамылғысының химиялық, трансшекаралық өзендердің, жер үсті суларының, техногендік және табиғи радиоактивті ластану құрамын зерттеуді қоссақ, жұмысымыздың күрделене түсері анық.
– Бөлімшенің ауа райын болжауда, табиғи апаттардың алдын алуда, күнделікті экологиялық ахуалды айқындауда атқарып отырған қызметінен біршама хабардар болған сияқтымыз. Газет оқырмандары тарапынан ауа райына болжау жасағанда неге, қандай методологиялық негіздерге сүйенеді деген сауал жиі қойылады.
– “Қазгидромет” РМК 2013 жылдан бері ауа райының сандық болжамдары үшін атмосфераны модельдеудің ең әмбебап және заманауи жүйелерінің бірегейі болып табылатын WRF моделін пайдаланады. 2,4,13 және 18 шақырым моделі арқылы және 24-тен 168 сағатқа дейінгі алдын ала болжамдармен жедел режімде метеорологиялық шамалар шығарылады. Атап айтқанда, жердегі және әртүрлі биіктіктегі температураның, жауын-шашынның, жерге жақын қысымның, жел екпінінің, қатты аяз, жылу болжамдары, тағысын тағылар. Гидрологиялық нақты есептеулерді жақсарту мақсатымен Қазақстан өзендерінің су жинау бассейндерінің карталары әзірленді. Картада таулы аудандар, жыралар мен орман екпелері, сондай-ақ үлкен қар қоры жиналуы мүмкін аумақтар айқын көрінеді. Жазық өзендер үшін швед гидрометеорологиялық институты әзірлеген су теңгерімдік моделі іске қосылды. Оның көмегімен орташа тәуліктік ауа температурасы, жауын-шашынның тәуліктік мөлшері, орташа көпжылдық потенциалдық булану көрсеткіштері, интерактивті карталар дайындау және автоматтандыру нәтижесінде жер үсті суларының сапасын бақылау деректері жинақталады.
– Қазақ халқы аспан денелері мен табиғат құбылыстарын жіті бақылап, сонымен бірге жан-жануарлардың тыныс-тіршілігіне қарап күн райына қатысты нақты болжамдар жасап отырған. Мәселен, жылқы ішін тартса, қарға топтасып қарқылдаса, ауа райының бұзылатынын, суыр ініне ерте жатса, ай қораланса, қыс қатты болатынын, су бетінде шабақ шоршып ойнаса, шегіртке шырылын тоқтатса, жаңбыр жауатынын, мысық үйден шықпай бұйыға берсе, күн суытатынын білген. Бұл жөнінен қателеспеген. Осындай ұлттық дәстүрлер ескеріле ме?
– Қазір – озық технологиялар заманы. Соған орай өз құзыретіміздің шегінде қысқа және орта мерзімді ауа райы болжамдарын, дауылды ескертулерді анықтауда синоптикалық карталар, Еуропаның орта мерзімді ауа райын болжау орталығының жаhандық сандық жүйесі, Қытай метрологиялық агенттігі, “Планета” ҒЗО Росгидрометінің спутниктік суреттері, WRF мезоскалалық сандық моделі негізінде әрекет етеміз. Жергілікті синоптиктер ауа райын болжағанда міндетті түрде Қазақстанның барлық өңірлерінде орналасқан 260 жер метеостансаларынан, 8 ірі аэрологиялық стансалардан және жер серігі арқылы алынған жан-жақты мағлұматтарды бағдар етеді. Яғни ауаның температурасы, атмосфералық қысым, желдің бағыты мен екпіні, күннің бұлттылығы туралы деректер түгелімен арнайы синоптикалық картаға жинақталып, әр үш сағат сайын жаңартылып, түбегейлі өңдеуден өткізіліп отырады. Мұндай ақпараттар ауа райының алдағы уақыттағы өзгерістері, циклон мен антициклондардың орналасуы туралы кең көлемді мәліметтер береді. Осы арқылы әрбір циклон мен антициклонның нақты даму құбылыстары анықталады. Жылдамдығы қандай дәрежеде, ауа райының өзгеруіне қаншалықты әсер етті деген сияқты. Планетамызда орналасқан басқа да ауа райын болжайтын станциялардың ақпараттары да кеңінен пайдаланылады. Мәселен, Вашингтон және Рейдинг орталықтарынан келіп түсетін болжам карталары ауа райын 3-7 тәулікке дейін болжауға мүмкіндік береді.
– Бір аяғына пима, бір аяғына етік киген адамға қарсы жолыққан көршісі оның бұл қылығына аңтарыла қараса, әпенді оның таңданысын түсінсе керек, радиодан бүгін не қар, не жаңбыр жауатынын хабарлады деп жауап беріпті. Әзіл болса да, өмір шындығынан алынған секілді. Өкінішке қарай, ауа райының өзгерістері туралы болжамдардың ақиқатпен ұштаса бермейтіні кездеспей қалмайды.
– Ашығын айтсақ, озық тәсілдердің бәрін өндіріске енгізіп, қолданғанның өзінде ауа райын дәл болжау мүмкін емес. Оны болжау дәлдігі орта есеппен 78-80 пайызды құрайды. Ауа райының өзгеруі негізінен жер беткейінің бедерлеріне көп байланысты болғандықтан, болжамдарда қиғаштықтардың орын алуы заңды. Циклондардың салдарынан желдің немесе дауылдың бағыты күрт өзгеретін, басқа жаққа ауытқып кететін жағдайлар ұшырасып жатады. Жер бедерлері де ауа температурасының тәуліктік қозғалысына елеулі ықпал етеді. Сөйтіп, күннің бұлттанып, оның соңы жаңбырға ұласып кетеді.
– Десек те, ауа райын болжаудың дәлдік мерзімін анықтау, табиғаттың келеңсіз көріністерінен күні бұрын сақтандыру мүмкіндіктері бар ма?
– Гидрологиялық мониторинг Есіл өзені және оның салаларында, олардың бойында орналасқан су қоймаларында, басқа су объектілерінде 19 гидрологиялық бекет арқылы жүзеге асырылады. Бекітілген бақылау жоспарына сәйкес су деңгейі, ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, қар жамылғысы, күніне екі рет өлшенеді. Метеорологиялық станциялар атмосферадағы физикалық үдерістердің жай-күйі мен дамуының негізгі сипаттамаларына жауапты. Онда атмосфералық қысым, желдің орташа жылдамдығы, ауа температурасы мен ылғалдылығы есепке алынады. Ал тұрақты агрометеорологиялық бақылауда көктемгі кезеңде негізгі астық дақылдары мен жайылымдық алқаптар нақтыланып, топырақты өңдеу және өсімдіктерді егудің агротехникалық ерекшеліктері, дақылға күтім жасау, дала жұмыстарының сапасы, топырақтың егістік қабатының температурасы, ылғалдылығы сияқты көрсеткіштер бағдарға алынады. Биыл 78868 гектар аумақта 76 бағыттық зерттеу жүргізілді.
Маусымдық болжамдарда ауа температурасының және жауын-шашынның айлық мөлшерден ауытқуы, әдеттегіден көп немесе аз жауатындығы туралы деректер беріледі. Ауа температурасы мен жауын-шашынның көп жылдық орташа айлық мөлшері ұсынылады. Маусымдық болжамдар дәлдігінің орташа пайызы ауа температурасы бойынша – 68, жауын-шашынның мөлшері бойынша 50 пайызды құрайды. Әрбір жылдың маусымдық мерзіміндегі ауа райының біркелкі болмайтындығына және көптеген атмосфералық үдерістердің жиі алмасып отыруына байланысты ауа райының маусымдық болжамдары кеңес түрінде ғана түсіндіріледі. Ал қысқа мерзімді ауа райы болжамдары, мәселен, алдағы 1-3 күннің ауа райы болжамдары дәл болады. Гидрометеорология орталығында ауа райы тәулік бойы бақыланып отырады.
“Қазгидромет” РМК Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның мүшесі болғандықтан, халықаралық талаптармен үйлесетін ғылыми синоптикалық-статистикалық зерттеулерге барынша көңіл бөледі.
– Бір оқырманымыз апатты гидрологиялық құбылыстарды дәлдікпен болжап, алдын алуға, шығын мөлшерін азайтуға бола ма деген сауалын жолдапты. Шамасы, биылғы су тасқынын меңзеп тұрған сыңайлы. Ол жөнінде күні бұрын ескерте алдыңыздар ма?
– Апатты гидрологиялық құбылыстарға көктемгі су тасқындары, таулы өзендердің күрт еріген қар немесе қатты жауған жаңбырлардан тасуы, сел және қар көшкіні жатады.
2017 жылы да, биыл да қатты су тасқыны нақты есептеулер арқылы бірнеше ай бұрын ескертіліп, жұртшылық барынша сақтандырылды. Өзен сағаларында, алқаптарда қар қорының өте мол жинақталғаны, күн күрт жылынса немесе қалың жаңбырға ұласса, апатты ахуал қалыптасуы ықтимал екендігі дабыл ретінде қағылып, тиісті орындар назарына ұсынылды. Бұл болжамдар негізінде Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігі жедел қимылдап, қатерді еңсеру бағытында нақты шаралар жүргізді. Басқа аудандарға да қауіп бірнеше күн бұрын хабарланып отырды. Көктемгі мұз кептелісінің әсерінен, су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан болатын ықтимал апатты ахуалдар назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет елімізде орын алған бірқатар табиғи апаттарды алдын ала дәл болжап, тиісті өңірлердің әкімдіктері мен төтенше жағдайлар органдарына күні бұрын ескертулер жасап, нәтижесінде адам шығынына жол берілмеді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Оймақтай ой
“2017 жылы да, биыл да қатты су тасқыны нақты есептеулер арқылы бірнеше ай бұрын ескертіліп, жұртшылық барынша сақтандырылды. Өзен сағаларында, алқаптарда қар қорының өте мол жинақталғаны, күн күрт жылынса немесе қалың жаңбырға ұласса, апатты ахуал қалыптасуы ықтимал екендігі дабыл ретінде қағылып, тиісті орындар назарына ұсынылды”.
Өмірдерек
Туған жері: Ресей Федерациясы, Свердлов облысы.
Туған жылы: 26 мамыр 1979 жыл.
Қызметі: “Қазгидромет” РМК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры.
Марапаты: “Қазақстан гидрометеорологиялық қызметіне 100 жыл”, “Гидрометеорология саласының үздігі”, “Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгілерінің иегері.