«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЕЖАЙДА МАМАН ТАПШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар халықаралық әуежайында 100-ден астам адам еңбек етеді. Соның ішінде ұзақ уақыт табан аудармай қызмет етіп келе жатқан аға буын өкілдері де баршылық. Мәселен, Евгений Аненков кеңес үкіметі тұсынан бері жұмыс істейді. Саналы ғұмырының 45 жылын әуежайда өткізген маманнан жастардың үйренері де аз емес.

– Біз өткен ғасырдың 90-шы жылдары әуе кемесімен Қазақстанның барлық шаһарын аралап қана қоймай, Ресейдің Сочи қаласына дейін баратынбыз. Мен өзім аптасына 1 рет шет мемлекеттерге барып тұратынмын. КСРО-ға кірген барлық елдерді аралап көрдім,  – дейді Евгений Аненков. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында білім алып, 1979 жылы әуежайға жұмысқа орналасқан маман сол уақыттан бері әуе кемесінің қауіпсіздігіне жауапты. Азаматтық авиация саласының ардагері жұмыс орнында көктегі ұшқышпен тікелей байланысқа шығады. Ұшақ ішіндегі адамдардың қауіпсіздігіне жауап беру жеңіл жұмыс емес.

Ішіне кірсең, өткен ғасырға тап болғандай әсер қалдыратын әуежай музейінде көненің көзіндей құнды жәдігерлер сақталған. Бөлмеге кіріп келген бетте ең алдымен көзге түсетіні – алып карта. Евгений Аненковтің айтуынша, өткен ғасырда жергілікті әуежай арқылы адамдар одаққа кіретін 15 елдің барлығына кедергісіз қатынаған.

– Авиацияда жұмыс істегеніме еш өкінген емеспін. Былтыр ғана зейнетке шықтым. Қазір диспетчер болып қызмет атқарамын. Әрине, үйде отырып демалуыма да болушы еді. Бірақ жұмысқа үйреніп қалдым. Жарты ғұмырым осы әуежайда өтті десем артық айтқандық емес. Менің ойымша, авиация –  ең қиын жұмыс. Жастар көп келе бермейді. Сондықтан да әуежайда кадр жетіспеушілігі бар, – дейді ол.

Әуежайда жұмыс істейтін жандар ағылшын тілін жетік білуі тиіс. Себебі, білікті мамандар ұшқышпен тек шет тілде сөйлеседі. Әуежайдағы мұнара  заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қызметкерлер осы жерден әуе кемелерін көріп қана қоймай, ұшақты тізгіндеген жанға алдында қандай кедергілер бар екенін айта алады. Аталған жұмыс асқан ұқыптылықты талап етеді. Әуежайда синоптиктер де жұмыс істейді. Олар диспетчерлерге бір күндік ауа райын баяндап отырады. Қызылжар халықаралық әуежайының синоптигі Іңкәр Ескендірова әр күн сайын алдағы 9 сағатқа ауа райын болжап отыратындарын айтты. 

Қызылжар әуежайы арқылы қазір өңір тұрғындары мен қонақтары Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жылдам жете алады. Ұшақтар елордаға күн сайын, ал Алатаудың баурайына аптасына 5 рет, шырайлы Шымкентке 2 рет қатынайды. Әуежай директоры Уәлихан Жылыспаевтың айтуынша, әуе көліктері келіп қонатын нысанда соңғы жылдары бірқатар жұмыс жүргізілген. 

– Әуежайдағы ұшу жолақтары барлық халықаралық стандарттарға сай. 2022 жылдан бастап нысанды толықтай жаңа техникалармен қамтамасыз еттік. Адамдарға да бағаны қолжетімді қылдық. Мұның барлығы мемлекеттік көмек арқылы жүзеге асты. Алдағы уақытта Алматы – Петропавл бағытында қатынауды жиілетпекшіміз. Қала тұрғындары мен қонақтары Астанаға – 15 мың теңге, ал Алматыға 30 мың теңге төлеп жете алады, – деді “Қызылжар” халықаралық әуежайы” ЖШС-ның директоры Уәлихан Жылыспаев.

 Нұрасыл ЕРЖАНҰЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp