Соңғы жылдары шетелге барып, қара жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны едәуір артты. Оған ол жақтағы жалақының көптігі басты себеп болып тұр. Айына ең кемі 500 мың теңгеден бастап 3 млн. теңгеге дейін табыс табуға болады екен. Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, қазір қазақстандықтар арасында сұранысқа ие мемлекеттердің көшін Оңтүстік Корея, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания бастап тұр.
Соңғы кездері жұрттың бәрі шетелге барғысы келеді. Жұмыс істеп, тұрақтап қалуды армандайтындар жетіп артылады. Ебін тапқандар заңды да, заңсыз да жолмен кетіп жатыр. Әсіресе АҚШ қоғамына кірігіп, еңбек етіп жүргендер көп, дәл сол сияқты осы елге өз бетінше ұрланып барып, ұсталып жатқандар да аз емес. Тіпті Telegram арнасында “Америкаға Мексика арқылы бару” деген арнайы чат та бар. Чатқа еліміздің мыңнан астам адамы тіркелген. Оған қоса “Орта Азиядан Мексикаға дейін маршрут ұйымдастырып, виза жасап береміз” деген алаяқтар да адамдарды айналдыратын көрінеді.
Американың грин-карта лотереясы – бақуатты өмірдің кілті деп жатады. Сондықтан жылына миллиондаған адам АҚШ үкіметі ұйымдастыратын ұтысқа қатысып, бақ сынайды. Лотереяға қатысып, жеңімпаз атанған қазақстандықтар саны артып келеді деген сөз жиі айтылады.
Грин-карта дегеніміз – АҚШ-тың шетел азаматтарының елде тұруына, жұмыс істеуіне рұқсат беретін ықтиярхаты. Оны алған адам АҚШ-та бес жыл тұрғаннан кейін азаматтыққа өтініш бере алады. Грин-карта деген құжат жасыл түсті болады. Green сөзінің өзі жасыл деген мағына береді. АҚШ грин-картаны жыл сайын бір миллионнан астам адамға береді.
Соңғы уақытта Орталық Азия елдері азаматтарының АҚШ-қа Мексика арқылы заңсыз өтуі жиілеген. Алдымен Богота, Панама және Манагуаға жетеді. Одан әрі қарай Никарагуа, Гондурас, Гватемала елдерін басып өтіп, Мексикаға табан тірейді. Жолы болса сол жерден Америкаға өтіп кетеді. Былтырғы жылы Өзбекстаннан 17 мың адам, Қырғызстаннан 7 мың адам, Тәжікстаннан 3 мың адам, Қазақстаннан 2,7 мың адам, Түркіменстаннан 2 мыңға жуық адам Америкаға заңсыз кірген.
АҚШ-та олар босқын мәртебесін алуға, бірнеше жылдан соң грин-картасына қол жеткізуге ұмтылады. Грин-карта оларға сол жақта тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бірақ Америкаға барғандардың ішінде алаяқтарға алданып немесе шекара заңын бұзғаны үшін ұсталып жатқандар аз емес. Ал соңғы асу деген Мексиканың өзінде түрлі келеңсіздікке ұшырап, тіпті із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар көрінеді. Таяуда АҚШ шекараны заңсыз кесіп өткендерді бірден шығарып жіберетін тәртіп енгізді. Бір шығарылған адам бес жыл бойы қайтып ол елге аяқ баса алмайды. Соның өзінде АҚШ-қа қарай анталаған жұрттың қарасы азаймай тұр.
Әлеуметтік желіде Жанат Шамиғанов есімді азамат туралы естімеген адам жоқ шығар. Тайынша ауданында дүниеге келген жерлесіміз алпауыт елге заңсыз жету хикаясын егжей-тегжейлі баяндап береді. Ол Орталық Американың жеті елін аралап өтіпті. Өте ұзақ жолдың 500 шақырымын жаяу жүрген. Ол алдымен Колумбияға барып, одан Панама шекарасына өткен. Сол жерде джунглиге кіріп, әрі қарай жаяу жүрген. Коста-Рика, Никарагуа, Гондурас, Гватемала жерлерін басып өтіп, Мексикаға жеткен. Жолының бәрі қауіп-қатерге толы болыпты. Қашып жүрген қылмыскерлер, кісі тонайтындар өткен-кеткендерді аңдып жүретін көрінеді. Тоналған қытайларды кезіктірген, жоғалып кеткен қырғыздар жайлы естіген. Әйтеуір жолы болып, Мексика арқылы Америкаға заңсыз өтіпті. Қазір орайы келген жұмысты істеп жүргенін айтқан. Жүрісі заңсыз болғандықтан, бір жерге рәсімделіп орналаса алмайды. Бірақ алдағы күннен үміті бар. Ол келе-келе грин-картаға қол жеткізсем, сол жақта жұмыс істеп, тұрақтап қалсам деген ниетпен барса керек. “Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің” демекші, Америкаға Жанат Шамиғановқа ұқсап тәуекелмен аттанатындар аз емес.
Мәселен, биылғы жылы Кариб теңізінің Колумбия жағалауында 20 мигрант мінген қайық аударылып қалған. “Voice of America” сайтының мәліметінше, қайықта Қазақстанның азаматтары да болған. Теңізге батқан қайықтағы бір мигрант қаза тауып, тағы төрт адам із-түзсіз жоғалған. Жағалау құтқарушылары 15 мигрантты аман алып қалған.
“Voice of America”-ның жазуынша, аман қалған адамдардың ішінде алты бала бар. Олардың екеуі – Қазақстаннан, үшеуі – Венесуэладан, бір баланың азаматтығы белгісіз. Қайықта Қазақстан, Колумбия, Эквадор, Иран, Никарагуа, Венесуэла азаматтары отырған екен. Мигранттар мінген қайық Никарагуаның шығысына қарай орналасқан Сан-Андрес және Провиденсия аралының маңында суға батқан.
Осындай жағдайларға қарамастан шетелге барып табыс тапқысы келетіндер толастар емес. Өзін ғана емес, толықтай отбасының басын қауіп-қатерге тігіп, заңсыз шекара асуды жоспарлап жүрген жауапсыздар жетерлік.
Қалтаны толтырудың жайын ойлап, шетелге заңсыз кетіп жатқан азаматтарымыздың жай-күйі алаңдатарлық. Себебі заңсыз жүрген олардың бас амандығына да ешкім жауапты емес.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.