«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Аққудай аспандағы жүз құбылып”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі алты Алашқа жайыл­ған сазгер, әнші, ақын Бір­жан сал Қожағұлұлының кей деректерде 1831 жылы өмірге келгендігі айтылады. 1897 жылы дүние­ден озған. Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбек­ұлы, Қой­шығара Салғараұлы шығарған “Елтұтқа” атты кітапта: “Қожағұл­ұлы Біржан (1825-1897) – қазақ халқының әйгілі әнші-компози­торы, ақын. Туған жері – Сол­түс­тік Қазақстан облысының Жам­был ауданына қарасты Жаңа­жол ауылы. Ал Ақмола облысы­ның Еңбекшілдер ауданына қа­расты “Қожағұл бүркеуі” деген жерден топырақ бұйырған. Шық­қан тегі – Орта жүз Ақсары Ке­рей, оның ішінде Нұралы”, – делінген.

Біржан сал ел аралап жүріп Қарабұлақ деген жерде отырған Атығай елінің Ақкиік атасынан шыққан Салпық деген кісінің үйі­не кез болады. Салпықтың жез­десі Күрсары Керей Шаймолда ауылына жаңа көшіп келген кезі екен дейді. Салпық киген киімі­не, атына, ертоқымына, домбы­расына қарап бұл кісі жай жо­лау­шы емес екенін сезіп бәйбі­шесіне дұрыстап қонақ етуді ай­тады. Шай ішілгеннен кейін, Бір­жан домбырасын алып әндете­ді. Үй іші, көрші-қолаң ерекше ықыласпен тыңдайды. Әсіресе, әншіге қа­рап көзін алмай отыр­ған сұлу Айтбай Біржанның да көз қы­рына ілігеді. Халқымызда со­ңы­нан ұл тумаса қызға ер адамның есімін береді. Айтбай­дың аты да солай қойылған екен. Тыңдаушысы жаңа табыл­ған­дай Біржан да екіленіп жақ­сы ән­дерді бірінен соң бірін шырқай­ды. Өнер қуып дағды­лан­баған ауылға Біржан сияқты әншінің келуі үлкен оқиға бола­ды. Бір­жанды жібермей, ауыл бірнеше күн қонақ қылады. Ән салды­рады. “Айтбай” әнін сол жолы шы­­ғарса керек. “Айтбай­дың” шығу тарихы жөнінде әр­түрлі деректер кездеседі. А.Жұ­ба­нов­тың “Замана бұлбұлда­ры” еңбегінде “Біржан салдың “Айтбайы” – Айтбайға ғашық­тықтан ту­ған ән” деп көрсеті­леді. Ғалым Қ.Жұмалиевтің айтуынша, Біржан ғашық болып қана қоймай, ән шығарып, осы қызға үйленген.

Атымның қақ тұрады сауырына,

Қос тепкі салып келем бауырына.

Қолынан шай құйдырып ішейін деп,

Келемін Айтбай сұлу ауылына, – деп ат үстінде ән салған. Қасындағы Мамырбай деген өзінен жасы үлкен жол­дасына қарап:

Мамекең Айтбай десем күлімдейді,

Сұр жорға астымдағы сүрінбейді.

Аққудай аспандағы жүз құбылып

Сал Біржан ән салуға мүдірмейді, – деп Айтбайды Бір­жанның бұрыннан білетінін, оған арнаған әнді айтуға ерінбейтінін дәлелдейді. “Айтбай” – Біржанның кесек шығармасы­ның бірі.

Ахмет Жұбанов айтқандай “әнді тыңдағанда оның шалқы­ған кең тынысы, ешбір өлшем­ге сыймайтын еркін ырғағы, ән­нің кеудесінен басқа кейіпте жү­ретін қайырма­сы жай әдеттегі куплеттік ән­нің шеңберінен асы­рып жібе­реді, бұл терең музы­калық қа­сиетінің әсері” деген болатын.

Тұң­ғыш ұлы Ахметқали бір жастан жаңа асқан кезінде Айт­бай қат­ты науқастанып, (1860-1861 жыл­дардағы жұт кезінде) тө­сек тартып жатып қалады. Осы қиын жағдайға байланыс­ты қат­ты налыған, алай-дүлей за­пы­ранды күй кешкен ұлы ән­ші-ақын өзінің “Мешін-тауық” де­ген әнімен айтылатын атақты өле­­ңін шығарады.

Айтбай сұлуды Біржан сал үш құла жорға ат жегілген күй­меге отырғызып, Қызылжар аймағын мекендейтін Орта жүз Кө­шебе керейдің Бәйбіше баласы руының Жоламан атасынан шық­қан атақты қазы әрі мырза Итемір Байсал Балуан Қарсақ­байұлының (1826-1919 ж.ж.) ке­ліншегі Сарықыз балгерге қаратады. Сарықыз емші Айтбай аруды екі жарым ай емдейді. Кейін Айтбайды төркіні алып кетіп, өздері күтеді. Оның беті бері қарағанымен, бірнеше жыл ғана өмір сүреді.

Айтбай төркінінде болғанда Біржан сал Қожағұлұлы серілік құрып жүріп, той-думандардың бірінде әнші-ақын Әпіш Медеу­байқызымен танысады. Оны­мен уәде байласып, ақыры сол қызды алып қашады. Біржан салдың Әпіштен туған алғашқы балалары жастай ауырып қай­тыс бола берген. Әпіштен Асыл, Ақық, Мәра деген үш қыз, 1887 жылы туған Теміртас, 1896 жылы туған Қалкен деген екі ұлы болған. Теміртас (1887-1941 ж.ж.) жауырыны жерге ти­меген балуан, айтқанынан қайт­пайтын табанды, өжет кісі болыпты. Бірақ Теміртас ән сал­маған. Ал Қалкен (1896-1936 ж.ж) әкесі Біржан салдай асқан әнші болмаса да, жап-жақсы ән шырқайтын, тәп-тәуір домбыра тартатын болған. Қалкеннің кес­кі­ні әкесінен аумаған екен. Та­рихи деректердің бірінде Теміртас Біржанұлы “Жас кезімде әке­ме еріп той болып жатқан көр­шілес ауылға бардым. Сонда көпшіліктің сұрауымен “Айтбай” әнін айтады. Әнді айтып болған соң жұрттың ортасынан орта жасқа келген ажарлы сұлу әйел шығып, Біржанмен қалжыңда­сып: “Біржан-ай, өле-өлгенше атымды елге жайып кеттің-ау”, – депті. Артынан сұрастырып білсем, Біржан жас кезінде әнге арқау еткен Айтбай деген қыз осы кісі екен” деген дерек кел­тіріледі.

Біржан салдың 60-тан астам әні жеткен. Оның әндері нәзік се­зімді, сұлулықты жырлаған сыр­шыл “Ғашығым”, “Қаламқас”, “Ләйлім-шырақ”, “Айтбай”, “Ақтен­тек”, әлеуметтік мән-мазмұнды “Жанбота”, “Адасқақ”, “Көлбай-Жанбай”, “Шідер” ән­де­рі бар. Ақынның ән мұрасы жастарға тән ғашықтық, достық, махаббат сезім күйлері, сал-серілердің серігі сұлу ән, жүйрік ат, өзі өмір сүрген ортасын бей­нелейді. Біржанның әнін жеткі­зуге үлес қосқан Ғаббас Айт­баев, Қали Байжанов, Әміре Қа­шаубаев, Манарбек Ержа­нов, Жүсіпбек Елебеков, Қо­сымжан Бабақов, Қуан Лекеров, Темір­болат Арғынбаев, Ілияс Шай­мерденов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов болды.

Сал, сазгер, дүлдүл ақын көз жұмғанша әділдік үшін айқа­сып өткен күрескер, қазақ хал­қының ұлы перзенті Біржан сал Қожа­ғұлұлының есімін тәуелсіз Қазақстан халқы мәңгі есте сақтап, насихаттайтынына сенім зор.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp