«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЛҒЫП-МҮЛГІП ОТЫРАТЫН ДЕПУТАТТАРДЫҢ ДӘУРЕНІ ӨТТІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сапар Сәниев – Уәлиханов аудандық мәслихатының төрағасы, №4 сайлау округі бойынша депутат, “AMANAT” партиясының мүшесі.

Не үшін депутат болдым?

Депутат – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Қай жерде не мәселе бар оның шешілу жолдары жөнінде жергілікті билікке халық атынан ұсыныс беруші. Олар мемлекеттік бағдарламаларды насихаттайды, аудандық комиссиялардың құрамында жұмыс істейді. Ұзын сөздің қысқасы, депутат – атқарушы органмен бірге халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бірлесе атсалысатын тұлға.

Мен Уәлиханов ауданында туып-өстім. Туған жерден табан аудармай атқарушы органдарда 20 жылдан астам қызмет атқардым. Аудан орталығында 8 жылдан астам әкім болдым. Жылдар бойы жинаған тәжірибемді жерлестерімнің мұң-мұқтажын орындауға пайдаланайын деген ниетпен өткен жылы “AMANAT” партиясы атынан өзімді депутаттыққа ұсынып, сайлаушылардың қолдауымен халық қалаулысы атандым.

Үстіміздегі жылдың ақпан айында әріптестерімнің таңдауымен мәслихат төрағасы лауазымына тағайындалдым. Бүгінгі күні шама-шарқымша туып-өскен жерімнің өркендеуіне, қоғамдағы көтерілген мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрмін.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болатынын айтты. Сондықтан депутаттар Мемлекет басшысының осы сөзін қаперде ұстаса игі. Бір анығы “Әділетті Қазақстан” құру жолында депутаттық мандатқа ие болғандардың қалғып-мүлгіп отырар дәурені өтті.

Сайлауалды бағдарламамда аудан бюджетінің тиімді жұмсалуы, жаңа инфрақұрылым тарту, сапалы ауызсумен қамту, жолдардың жағдайын жақсарту, абаттандыру мәселелері сынды халықтың өмір сүру деңгейін, әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қамтылған. Бұл орайда біздің басты міндетіміз – халыққа берген уәделерімізді сапалы орындап, сенімдерін нығайту.

Ауданда тұрғындардың тұрмыстық ахуалын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылуда. Халықтың талап-тілегі ескеріліп, әлеуметтік нысандардың құрылыстары, жол салу жұмыстары, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалар қарқынды жүзеге асырылуда.

Халық қалаулысы болудағы басты мақсат – елдің мұң-мұқтажын билік басындағыларға жеткізе отырып, соның шешу жолын табу. Қай халық қалаулысы болсын тұрғындардың көкейіндегі мәселесін шешуге ықпал етіп, елдің алғысын алса, оған одан артық баға керек емес. Менің басты ұстанымым – осы. Өзің жауапты сайлау аумағының түйткілді мәселесін көтеріп, ауыл тұрғындарының ойындағысын жеткізе алсаң және оның тиімді шешілуіне үлес қоссаң, халық лайықты бағаңды береді.

Қай уәдемді орындадым?

Ауыл тұрғындарын алаңдататын негізгі мәселелер – ауыз-сумен қамту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру. Бұл мәселелер ауданымызда біртіндеп шешілуде. Елді мекендердің 99,9 пайызы сумен қамтылған, көшелердің 95 пайызы жарықтандырылған. Мұндай көрсеткіштермен мақтанбауға болмайды.

Соңғы жылдары ауылдардың ішкі жолдарының сапасына қатысты орынды сын айтылды. Қазір бұл мәселе де біртіндеп шешімін тауып келеді. Биылғы жылы аудандық маңызы бар жолдар бойынша 560 млн. теңгеден астам сомаға 4 жоба жүзеге асырылуда. Өндіріс – Жұмысшы–Мырзағұл, Көктерек – Тоспа – Жасқайрат – Қайрат және Қоңдыбай ауылына кіреберіс, сондай-ақ Қулыкөл – Қаратал – Береке жолы – барлығы 86 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдар орташа жөнделуде.

Осындай жөндеу жұмыстары Ақбұлақ, Ақтүйесай, Бидайық және Телжан ауылдары ішіндегі жолдарда да жүргізіліп жатыр. Аудандық маңыздағы жолдардың, сонымен қатар ауыл ішіндегі жолдардың жөнделуі – ел тұрғындарының көптен күткен қуанышы.

Аудан тұрғындары әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де алаңдаулы. Биыл ауданда 1,5 млрд. теңгеден астам қаржыға 9 жоба іске асырылуда. Бұл қаржыға 250 орындық емхана, бассейн, Ақтүйесай ауылында ФАП салынып, Ақбұлақ, Бидайық, Ақтүйесай, Көбенсай және Жас ұлан ауылдарында су мұнаралары, аудандық кітапхана, Кішкенекөл №2 орта мектебі, Қайрат және Елтай орта мектептері ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, Кішкенекөл, Тілеусай, Мортық ауылдарының көшелері жарықтандырылуда. Бұл жобалардың іске асуы ауданның дамуына жаңа серпін беретіні хақ және менің сайлауалды уәделерімнің орындалуының кепілі болып отыр.

Сайлаушылар кездесулерде айтқан барлық ұсыныстарды ескере отырып, жұмыс істеп жатырмыз. Осы уақыт аралығында 30-ға жуық депутаттық сауал жолдадым. Депутаттық сауалдарымның 27-сі сәтті орындалып, сайлаушылар мәселесі оң шешімін тапты. Қалған 3 депутаттық сауал жіті бақылауда.

Мәселен, депутаттық сауалдардың бірі – жүк автокөліктерінің салмағының шамадан тыс болуына тосқауыл қою. Жолдардың бұзылуы осы жүк автокөліктерінің емін-еркін жүруінен, бақылаудың жоқтығынан деп ойлаймын. Біз – депутаттық корпус осы мәселені қатаң бақылауымызға алып, шамадан тыс жүктің артылуымен де күресіп жатырмыз. Ақбұлақ ауылында орналасқан қиыршық тас карьерінен Ресейге жүк тасымалдайтын автокөліктерді транспорттық инспекция қызметкерлерімен бірге тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алдық.

Келесі айта кететін жайт, аудандағы мал шаруашылығын дамытуға қатысты. Елді мекен жанындағы жайылымдық жерлерді құжаттандыру мәселесі шешімін табуда. Аудандық жер бөлімі жерді түгендеп, бізге хабарламасын берді. Сонымен қатар мал азығын дайындау жөнінде шаруашылық құрылымдарымен келіссөздер жүргізілді.

Сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың осы кезге дейін 21 сессиясы өтті. Көптеген мәселелер бойынша 193 шешім қабылданды. Аудан әкімдігінің тиісті органдарының дайындаған құжаттары тыңғылықты зерделеніп, халық қалаулыларының қолдауын тапқан жағдайда мақұлданады. Сай­ланған 10 депутаттың 4-уі алдыңғы шақырылымнан келе жатқандар, қалғаны жаңадан сайланғандар. Яғни, депутаттық корпус 60 пайызға жаңарды деген сөз. 3 депутат – әйел болса, 2 депутат – жастар санатына жатады. Халық қалаулылары – түрлі сала мамандары. Кейде ел депутаттар айлық алмаса да, қандай да бір артықшылықтарға ие деп ойлайды. Бұл – жаңсақ ой. Сол депутаттардың ішінде тек мәслихаттың төрағасы, яғни мен ғана бюджеттен еңбекақы аламын. Қалғандары – өз саласындағы негізгі жұмысынан болмаса кәсібінен несібесін айы­рып жүрген азаматтар. Депутаттарға еңбекақы төленбейді және заңмен ешбір артықшылық қарастырылмаған.

Халық маған сене ме?

Депутаттардың тәжірибесі, еңбек ету қабілеті, белсенділігі, жұмыс өнімділігі бірдей емес. Сондықтан артылған сенімді депутат қаншалықты ақтап жүргенін сайлаушылар ғана біледі. Халықтың ұсынысы, тілегі орындалса, сайлауалды бағдарлама уақытылы жүзеге асса, сол сенімнің ақталғаны деп білемін.

Меніңше, депутат – халық сенім білдірген және өзі де белсенді жұмыс істеуге ынталы адам. Сондықтан мандат иесі үшін сенім, оның ішінде халықтың сенімі маңызды.

Депутаттардың жұмысы заңмен реттеледі. Құқығымен қатар міндеттері де бар. Уәлиханов аудандық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты ретінде бір жарым жылдық тәжірибеме сүйеніп, депутаттық мандатқа ие болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтқым келеді. Мен депутаттық мандатымды – сайлауалды бағдарламада айқындалған жоспарлар мен уәделерді орындау үшін берілген мүмкіндік деп есептеймін. Бұл бағытта аянып қалып жатқан жоқпыз. Аудандық мәслихаттағы әріптестерімізбен бірге түрлі мәселелерді көтеріп, тұрақты комиссия отырыстары мен сессияларда ұсыныстар айтып, пікір білдіріп, депутаттық сауалдар жолдаймыз. Жергілікті атқарушы орган біз ұсынған мәселелердің бірде-бірін назардан тыс қалдырған емес. Мұны атқарушы орган мен өкілді орган арасындағы үйлесімді әріптестік байланыстың көрінісі деуге болады.

“Халық айтса, қалт айтпайды”, – демекші, халықтан асқан сыншы да, әділ таразы да жоқ. Сондықтан әріптестерімнің халық сенімін ақтау жолындағы еңбегіне сәттілік тілеймін. Депутаттар адал еңбек етсе, мемлекеттің дамуына, жергілікті биліктің тиімді жұмыс істеуіне септесері анық.

Барлық мәселені бір уақытта шешу мүмкін емес, бірақ әрбір депутат халықпен байланысын үзбеуі қажет. Сайлаушыларымыздың өтініш-тілектерін тыңдай отыра, көтерген мәселелерді шешуге күш саламыз.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp