Қызылжар ауданынан түлеп ұшқан атақты спортшылардың қатары қалың. Ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген саңлақтардың бір шоғыры осы аудан өкілдері. Грек-рим күресінен әскерилер арасында әлем чемпионы Аманғали Бекболатов, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров пен Азияның үздігі Алексей Луценко – ел мақтаныштары.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортқа көп көңіл бөліп, ауылдық елді мекендерде арнайы спорттық кешендер салуды тапсырған болатын. Өткен жылы Қызылжар ауданының Знаменское, Бугровое, Налобино, Пресновка және Бескөл ауылдарында жергілікті бюджеттен бөлінген 73 млн. теңгеге шағын футболға арналған жасанды жамылғысы бар алаңдар тұрғызылды. Сондай-ақ Пеньково, Боголюбово, Виноградовка мен Подгорноеда спорттық алаңқайлар орнатылды. Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, тағы бес футбол алаңы салынып жатыр, аудан орталығында жабық хоккей кортының құрылысы басталды. 2025 жылы Бескөлдегі стадионды жаңарту жоспарда бар. Жалпы ауданда 226 спорттық нысан жұмыс істейді.
Ауылдық жердегі спорттық нысандардың көптеп салынуы саламатты өмір салтын ұстанатындар қатарының артуына сеп болды. Бүгіндері аудан тұрғындарының 44 пайызы, яғни 20668 адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Дегенмен, әлі де кейбір ауылдарда спорттық нысандар жетіспейді. Бұл мәселе аудан әкімінің де назарында. Дене шынықтыру және спорт бөлімі ауыл жастарын, жалпы тұрғындарды спортқа тарту үшін мектептердің залдарын пайдалануға ниетті. Бұдан бөлек, біз елді мекендердегі кәсіпкерлерді арнайы спорт кешендерін салуға үгіттеп келеміз. Жеке бизнес субъектілерінің демеушілігімен ашылған нысандар баршылық. Жарқын мысал ретінде Новоникольское ауылындағы “Зенченко және К” командиттік серіктестігін айтуға болады. Жомарт жанның қаражатына осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғындарға арналған спорттық кешен мен жүзу бассейні тұрғызылды. Қазір халық бос уақытында спортпен айналысады.
Қызылжар ауданында бұқаралық спорттың дамып келе жатқанының тағы бір белгісі – облыстық және республикалық жарыстардағы жерлестеріміздің жеңістері. Жыл басталғалы спортшыларымыз талай додаға түсіп, қанжығаларын майлап қайтты. Халықтық спорт ойындары бағдарламасына кіретін “Ақ бидай”, “Солтүстік”, “Қызылжар”, “Жастар” және “Үміт” спартакиадаларында жерлестеріміз жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Биыл “Солтүстік – 2024” қысқы спорт ойындары Бескөлде өткені мәлім. 13 ауданнан келген спортшылар бірнеше спорт түрінен сынға түсті. Финалдық кездесулердің басым бөлігі аудан орталығында ұйымдастырылды. Біздің командамыз жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді. Ал маусым айында облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен “Үміт” спартакиадасында да қызылжарлықтар жеңіс тұғырына көтерілді.
Ауданда ұлттық спорт түрлері да жақсы дамып келеді. Бескөлдегі “Құлагер” ипподромында жыл сайын түрлі бәйгелер өткізілетінін атап өткен жөн. Биыл жерлестеріміз шілденің 10-13 күндері аралығында Айыртау ауданында өткен “Қызылжар – 2024” ұлттық спорт спартакиадасына қатысты. Оның қорытындысы бойынша командамыз жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінді. Ал тамыз айының басында Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында “Ақ бидай” ойындары өтіп, ауыл спортшыларынан құрылған құрама күміс жүлдегер атанды. Ауыл жастарының спорттағы жұлдызы жарқ етіп жанатын шаралардың бірі – “Жастар” спартакиадасы. Осы жолы дәстүрлі жарыс Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл елді мекенінде өтті. Біздің жастар жалпы командалық есепте тағы да жеңіс тұғырына көтерілді. Халықтық спорт ойындары бағдарламасын түйіндейтін болсақ, Қызылжар ауданы осымен үшінші жыл қатарынан облыстың үздік спорттық ауданы атанып отыр.
Азамат КЕМЕЛОВ,
Қызылжар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.