«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ” ИГІЛІГІ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында қолдауға мұқтаж отбасыларға көрсетілетін көмек жайында айтылды.

“Мемлекет тарапынан тұр­мы­сы төмен отбасыларға түрлі қолдау шаралары ұсынылуда. Осындай санатқа жататындарға 10 сиыр беру қарастырылған. Кәсіп иесі 5 жылдың ішінде 12 басты мемлекетке қайтарады. Ал қалғаны өзінде қалады. Бұл жерде мемлекет те, ауыл тұр­ғыны да ұтылмайды. Тауарлық кре­дитті құс үшін де беруге бо­лады. Ауылдағы адамдарға мұн­дай да мүмкіндік ұсынылады”, – дейді ол.

Бұл ретте ауылдық округ әкімдеріне жауапкершілік жүгі артылып отыр. Олар малдың таратылуына, әрі қарай өсуі мен жағдайына бас-көз болуы тиіс. Осыны Ералы Тоғжанов баса айтты. Өңір басшысы Ғауез Нұр­мұхамбетов Премьер-министр кеңесшісінің сөзін жалғап, әкім­дерге зор сенім артылатынын мәлімдеді.

Өңірде мұндай тәсілмен жұ­мыс істейтін адамдар бар. Со­ның бірі – тайыншалық Шоқан Әлжан. Ол мыңдаған бас қой ұстайды. Қазір Шопан ата төлін қолынан іс келетін тұрғындарға таратып, ортақ табысқа кенеліп отыр.

“Біз 50 бас қой береміз. Одан екінші, үшінші және төртінші жылы 20 бастан қозы алып оты­рамыз. Қалған малдың барлығы кәсіп иесінде қалады”, – деді “Аманат” шаруа қожалығы­ның басшысы Шоқан Әлжан.

Осыдан бірер жыл бұрын елді мекендерде тракторшы табылмаса, қазір малшының өзі жоқтың қасы. Жиналыс соңында Ералы Тоғжанов ауқымды істің барлығы ауылдарды сақтап қалу үшін қолға алынғанын атап өтті. Бұдан кейін елордалық мейман­ның қатысуымен тағы бір басқо­су өтті. Оған мемлекеттік ор­гандардың, қаржы институтта­рының басшылары қатысты.

Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов Қызылжар ау­да­нындағы жергілікті кәсіпкер­лер­мен де кездесіп, “Зен­ченко және К” командиттік серік­тес­тігінің жұмысымен танысты. Ера­лы Лұқпанұлы Бескөл ауы­лындағы шағын құс ферма­сында болды. Сара Сатыбал­дина өткен жылы “Ауыл амана­ты” жобасы аясында 8 млн. тең­геден астам несие алып, 800 тауық сатып алған. Қазір кәсібі өрге домалаған.

“Бізге 2,5 пайызбен 8 млн. 85 мың теңге несие берді. Содан ке­йін арнайы қора салып, 800 лег­горн тұқымды тауық сатып ал­дық”, – дейді Бескөл тұрғыны.

Ферма күніне 500-600 жұ­мырт­қа өндіреді. Оны жеке кәсіпкер аудан орталығы мен қала дүкендеріне өткізеді.

Премьер-министрдің кеңес­шісі “Байділдаева” жеке кәсіпкерлігіне барды. Айман Бай­ділдаева былтыр “Ауыл амана­ты” бағдарламасы аясында несие алып, көлік жуу орталығын ашқан. Мұнда жүргізушілер те­мір тұлпарларын өздері жуады. Орталық күніне 15-20 көлік қабылдайды. Ералы Тоғжанов барған келесі нысан – Новони­кольское елді ме­кені. Премьер-министрдің кеңес­шісі ауылдың әлеуметтік нысан­да­рын арала­ды. Елді мекендегі білім орда­сын қайта қалпына келтіруге “Зенченко және К” коман­диттік серіктестігі 280 млн. теңге жұм­саған. Мектепте 360 бала тегін тамақта­нады. Бұған серіктестік жылына 27 млн. теңге жұмсай­ды.

Ералы Тоғжанов ауылдағы спорт сарайын да көрді. Әлеу­меттік нысанда бассейн және үс­тел теннисі, волейбол, баскет­бол алаңы бар.

Үкімет басшысының кеңес­шісі Қызылжар ауданынан кейін Есіл ауданына жол тартты. Ол Явленка ауылында “Механник” жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысты. Нысан “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында бір жыл бұрын ашылған. Іскер азамат Алмас Бейсенов көлік жуу және оны жөндеумен айналысады. Жа­қын жерде шағын сауда мар­кеті де тұр. Әзірге, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ералы Лұқпанұлы кәсіпкердің баста­масына оң бағасын берді. Бұдан кейін ол Корнеевка ауылында орналасқан “Атамекен Агро Кор­неевка” серіктестігінде болды. Мұнда тауарлы-сүт фермасы­ның құрылысы жүріп жатыр. Гер­маниядан голштино-фриз тұ­қымды 500 бас сиыр жеткізілген. Алдағы уақытта тағы 800-і әке­лінеді. Шамамен 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Кәсіпорын жұмысымен танысқан Ералы Тоғжанов тауарлы-сүт фермасын дамыту бойынша ұсынысын білдіріп, тұр­ғындарды барынша жұмыспен қамту қа­жеттігіне тоқталды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp