«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бала балалығын жасайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы кезде балалар элек­троскутер, мопед дегенге әуес. Ауылда да, қалада да бір-бірімен жарысып жүрген балаларды көр­генде, солардың қауіпсіздігіне алаң­даймын. Мен облыс орта­лығының “Солнечный” шағынауда­нында тұрамын. Көршіміз он жас­тағы қызына электромопед әперді. Әлгі бала бес-алты жастағы сіңілісін мінгестіріп алып, көшеде әрлі-берлі жүреді. Көшелерде қаланың ор­тасындағыдай қаптаған көлік бол­маса да, автобустар мен жүк кө­ліктері жиі қатынайды. Есік алды­нан әлгі бала өткен кезде, үйіне аман-есен жетсе екен деп тілеп отырамын. Көрші баланың элек­тромопед мініп жүргенін көрген мына жақтағы көршімнің баласы да қыңқылдап жүргенін естігем. Бір күні ол да дегеніне жетті. Қазір ша­ғынауданда электромопед мінетін балалар топтасып, көше бойын кезіп жүр. Ауылдың “Whatsapp” ча­тында көлік жүргізушілері екі-күннің бірінде “балаларға жол жүру ере­жесін үйретіңіздер” деп байбалам салып жатыр. Себебі, жолдың орта­сына түсіп алып, автокөліктерге жол бермейтін көрінеді, не болмаса жан-жақтарына қарамай көшені кесіп өтеді екен. Құдай сақтасын, бірақ бір күні жазатайым оқиға болса, кім кінәлі болмақ? Ойын баласына көлік әперген ата-анасы емес, абайсызда қағып кеткен жүргізуші қылмыскер атанары анық.

Он жастағы балалар электро­мопедті қызықтаса, жасөспірімдер квадроцикл тізгіндейді. Кеше кеш­құрым есік алдында отырсам, бірінен соң бірі тізіліп 3 квадроцикл зу етіп өте шықты. Ортаңғы көшені басып өтіп, ауыл­дың сыртындағы көл жаққа кетті. Далада жүрген немеремнен “Мы­налар қайда кет­ті?” десем, жазық далаға шығып, ойлы-қырлы жер­лер­мен жүріп жат­тығатынын айтты. Қазіргі балалардан бұрын ата-аналарда ес жоқ па деп ойлаймын.

Олай дейтінім, осыдан жиырма шақты жыл бұрын бір танысым осындай мопедтің кесірінен жалғыз ұлынан айырылды. Баласы он беске толған кезде көптен бері сұрап жүрген мопедті әперген. Досын мінгестіріп алып көшеге шыққан әлгі баланы бірінші бұ­рылыста-ақ көлік қағып кетіп, сол жерде жан тап­сырды. Анасының “Осындай бола­рын сезіп едім. Көңілін қимадым” деп жылағаны әлі есімде. Іштегі күйікті басу үшін жетімдер үйінен бір қыз асырап алды. Қазір қызына электромопед түгілі велосипед әперуге қорқады.

Баланы жақсы көру оның бар­лық қалауын орындау емес. Бала балалығын жасайды, ал оларды жөнге салып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру ата-ана­ның міндеті ғой. Кішкентай кезімізде қолымызға қайшы ұстасақ, анамыз шыр-пыр болып жұ­лып алатын. “Балаға ұшы үшкір дүниелерді ұс­тауға болмайды, көзіңді шығара­сың, не болмаса бір жеріңе тығып аласың” деп сақ­тандыратын. Қазір бесіктен белі шықпаған баласына “көлік” мінгізіп, көшеге еш алаңсыз жібере сала­тын ата-аналарға қай­ранмын. Өз ба­ласының қауіпсіздігін ойламаған­дардың кесірінен өзге­лер жапа шегері анық.

Алма МАХМЕТОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp