“Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары” Жолдауында тариф саясатын түбегейлі қарап, жаңа әдістемесіне көшу, инвесторлардың қызығушылығын арттыру, соған сәйкес табиғи монополия субьектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізу міндеті қойылды. Президент баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға болатынын, қаржы ұйымдары кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алатынын атап өтті. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігі артатынын, бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдерін енгізу қажеттігін, осы арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы нақты ақпаратқа қол жеткізетінін қадап айтты.
Шынында да, энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп жүзеге асыру өте өзекті. Өйткені күнделікті тұрмыста электр қуаты, жылу және суға сұраныс артып келе жатқандықтан, барынша үнемді жұмсау тұтас экономикаға әсер етері анық. Келешекте, яғни 2029 жылға таман энергияны тұтынуға және энергия шығынына қатысты негізгі көрсеткіштерді кемінде 15 пайызға дейін азайту мүмкіндіктерін қарастыру Үкіметке жүктелді. Халықаралық сарапшылар мәлімдегендей жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы энергетика жобаларына бағытталатын көрінеді. Осы себепті “жасыл экономиканы” дамыту мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Оның түпкі мәні таза энергетикаға көшу болып табылады. Елімізде бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес. Жаңа Экологиялық кодекс және көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға өсті. Алдағы 3 жыл ішінде 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылса, энергетикалық теңгерімнің құрылымы түбегейлі өзгеріп, қуат көздерін өндіруден бастап, оны таратуға дейінгі үрдіс жаңаша сипат алары сөзсіз. Мемлекет басшысы алдымызға басты мақсат етіп қойған теңгерімді қуат көздеріне, энергияны шоғырландыру жүйелеріне басымдық беру үдерісінің бір мысалын монополиялы нарықтарда “Тарифті инвестицияға айырбастау” атты жаңа тариф саясатына көшуден байқауға болады. Бұл жаңалықтың ерекшелігі, тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторинг жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Сонда меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға мүдделі. Ынталандыру шараларының біріне шығыстың бір бөлігін тарифтік сметаның аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға еркіндік туатынын айтар едік. Тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен бас тарту ерікті түрде жүргізілетін болады.
Департамент өз қызметін “Табиғи монополиялар туралы” Заң шеңберінде тұтынушылар мен табиғи монополиялар субьектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу, табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін айқындау, реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың мүдделерін қорғау, мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру талаптарымен үйлестіріп отырады. Мекеме 65 реттеліп көрсетілетін қызмет бойынша 53 табиғи монополия субьектісінің қызметін реттейді. Оның ішінде 33-і – су және сарқынды су, 2-і – электр энергетикасы, 20-ы – жылумен жабдықтау,10-ы кірме жолдар саласына тиесілі. Тек былтырдың өзінде ғана 34 сот процесіне қатысып, тарифті белгілеу қағидаларын өрескел бұзған, ақыны негізсіз көтерген, инвестициялық бағдарламалардың орындалуын кешеуілдеткен, басқа да заңсыздықтар бойынша айыппұл, басқадай жаза қолданылды. Биыл жыл басынан бері мемлекеттік бақылау және реттеу бағытында 47 арыз-шағымның түсуі келеңсіздіктердің әлі де көптігін айғақтайды. Тексерулер барысында сумен жабдықтайтын “Қамқор 2023” ЖШС-ның түрлі бұрмалаушылыққа жол бергені белгілі болып, 516880 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Талдау жүргізу кезінде Тимирязев ауданы Тимирязев ауылында жоғары тариф негізінде суға ақы алу фактісі әшкереленді. Атап айтқанда, 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың тамызы аралығында уақытша өтемдік тарифті қолдану кезеңінде тұрғындарды сумен жабдықтау қызметі үшін бір текше метрге 59,79 теңгенің орнына 88,45 теңге (32 пайыз артық) төленіп келген. Асыра сілтеу бизнес субьектілеріне, бюджеттік ұйымдарға, басқа тұтынушыларға да қолданылған. Сөйтіп, монополист ұйым заңсыз әрекет арқылы 5,8 млн. теңге пайда тапқан. Қадағалау органының актісі негізінде уақытша өтемдік тариф мөлшері төмендетіліп, айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Мамлют аудандық коммуналдық кәсіпорны да 2019 жылдан бері су бағасын жөнсіз қымбаттатқан. Тұтынылатын бір текше метр суды 1318 теңгеге бағалап, бюджеттік мекемелерге бағаны әлдеқайда асырып жіберген. Оның мөлшері екі есеге дейін, тұрғындар үшін 190 теңгеден 99,24 теңгеге дейін кемітілді.
Табиғи монополиялар туралы заңнамаға қайшы келетін және басқа жеке немесе заңды тұлғаға, оның ішінде тарифті көтеру, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуға шарт жасасудан және орындаудан негізсіз бас тарту арқылы залал келтірген әрекеттер табиғи монополия субьектісінің залалдарды өтеуіне соқтыратын мысалдар аз емес. Уәкілетті органның, сондай-ақ оның лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз шешімдерімен, әрекеттерімен табиғи монополия субьектісіне залал келтірілген жағдайда, ол бұл шығындардың өтелуін талап етуге құқылы. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі экономикалық негізделген және пайданы айқындау жолымен бес, одан да көп жылға бекітіліп, тарифте есепке алынған шығындардың түрлері мен мөлшерлерін шектеу, шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды бекіту, тозуды есепке алудың тікелей әдісіне жүгіну, активтердің баланстық немесе қайта бағаланған құнын есептеу міндеттелгенімен, өкінішке қарай, смета шығындарының кей баптары орындала бермейді. Көп жағдайда даму басымдықтары және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері негізінде әзірленетін инвестициялық бағдарламаларды іске асыру бұрмаланып жатады. Оның қолданыстағы активтерді кеңейтудегі, жаңғыртудағы, жаңартудағы, жаңа активтер түзудегі, энергия тиімділігін арттырудағы әлеуетіне жете көңіл бөлудің орнына пайда, табыс қуушылық жетегінде кетеді. Табиғи монополиялар субьектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу үдерісінде және тарифті қалыптастыру тәртібінде тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалардың қатысуымен өтетін есеп берулердегі қолжетімділік пен ашықтық жария тыңдаумен ерекшеленеді. Жуырда департаментте жылу энергиясының тарифін өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Энергетиктер тарифтің тұрғындар үшін 11, ал бюджеттік ұйымдар үшін 3 пайызға не үшін көтерілетінін түсіндіруге тырысты. Былтыр қызмет құнының өсуі 4 пайызды құраған. Қоғамдық тыңдаудың басты мақсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғау болғандықтан, нақты қорытынды шығару тамыз айының аяғына қалдырылды. Иә, құрал-жабдықтар мен қондырғылардың тозуы Петропавл № 2 ЖЭО-да – 57, жылу жүйесінде 77,5 пайызға жеткені белгілі. Бірақ соны желеу етіп, көрсетілетін қызмет құнын әлсін-әлсін көтеру әділеттілікке жата қоймайды. Жыл басынан бері сотта қаралған 6 әкімшілік істің бірі “Севказэнерго” ЖШС-ға қатысты. Компания департаментке жолдаған қатынас хатында баға тарифін 7,8 пайызға көбейтуді көмірдің қымбаттауымен байланыстырған. Ұсыныс қанағаттандырылмады, оның ақыры Жоғарғы сотқа дейін кассацициялық шағым түсіруге негіз болды. Өз ұстанымымызды ақырына дейін абыроймен қорғап шығуымызға тура келді. 2021 жылдан бері өңірде тарифті өзгерту бойынша 80 өтініш түсіп, 50-уі қанағаттандырылған жоқ. 2022-2023 жылдары 17 монополист компанияның 230 млн. теңге табысты негізсіз алғаны анықталды. Тарифті 15 пайызға өсіру жөніндегі ұсыныс қабылданбады, 8 пайызға дейін ғана көбейтілді. Облыстық прокуратурамен бірлескен тексеріс нәтижесінде “Севказэнерго” кәсіпорнының инвестициялық бағдарламаны 987 млн. теңгеге кем орындағаны тіркелді. Осы әрекетсіздігі үшін 5 млн. теңге айыппұл салынды. Осылайша монополистердің ауқымды жобаларды тұтынушылар төлемі есебінен жүзеге асырмақ пиғылдарына қатаң тосқауыл қойылып отыр. 2023-2024 жылдары жылуға – 6,2 млрд., жарыққа – 4,5 млрд., сумен жабдықтауға 2,3 млрд., бұдан бөлек, жергілікті қазынадан 7,5 млрд. теңге көлемінде қосымша инвестициялық қаражат қарастырылған. Осынша мол қаржы материалдық-техникалық базаны амортизациялық жаңғыртуға мақсатты түрде жұмсалса, көп шаруаның басы қайырылар еді.
Негізсіз баға өсіміне жол бермеу, қос тарапты қанағаттандыратын шешім қабылдау басты міндетіміз болып қала береді.
Дамир ТОҚТАМЫСОВ,
облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы.