Петропавлдағы “Динамо” стадионында жасанды футбол алаңы пайдалануға берілді. Ол “ALAÑ” жобасы аясында толығымен жаңғыртылды. Жаңа алаңның сапасын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов пен танымал ойыншы Самат Смақов тексеріп көрді.
Қазақстан футбол федерациясы Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы “ALAÑ” жобасын іске қосты. Үш жылға арналған бағдарламаға UEFA қолдау көрсетеді. Оның аясында елде 20 футбол алаңы қайта жаңартылмақ. Бүгінде аталмыш іс республиканың 4 өңірінде тындырылды. Енді Петропавлдағы “Динамо” стадионы ел игілігіне берілді. Футбол алаңы UEFA-ның барлық халықаралық талаптарына сәйкес келеді.
“Мұнда ескі жабынды бөлшектеу жүргізілді, көп жерде шұңқырлар болды, сондықтан бәрін тегістедік. 300 тоннаға жуық инертті материал әкелінді. UEFA-ның барлық халықаралық талаптарына сәйкес келетін италиялық “Safitex” компаниясының заманауи көгалдары пайдаланылды. Бар жағдай балалардың шеберліктері шыңдалуы үшін жасалып жатыр. Алдағы уақытта Қызылжардан ел намысын әлемдік додаларда асқақтататын өрендер шығатынына сенемін”, – дейді “ALAÑ” жобасының жетекшісі Сергей Попов.
Жасанды футбол алаңының жаңартылуына 153 млн. теңгеден астам қаражат құйылды. Жобаның мақсаты – бұқаралық футболды дамыту. Бұл өз кезегінде жас футболшыларға жаңа мүмкіндік ашпақ.
“Петропавлға арнайы келіп, “Динамо” стадионындағы жаңа алаңды қолданысқа тапсыру салтанатының куәсі болдым. Петропавлда футболға құмар жастар аз емес. Оларды қолдауымыз керек. Жаңа нысан спортқа әуес жандарды шабыттандыра түседі. Инфрақұрылымға инвестиция салмасақ, бір жерде тұрып қаламыз. Атқарылған нақты істер ғана жемісті нәтижелерге ұласады”, – дейді Самат Смақов.
Қазіргі таңда Петропавлда орталық стадионды қайта құрудың екінші кезеңі жүріп жатыр. 4 елді мекен стадионы күрделі жөндеуден өтпек. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасатынын атап өтті.
“Өңірде 13 стадион, 491 футбол алаңы бар. Соңғы 5 жылдың ішінде облыс бойынша 127 жасанды жабыны бар футбол алаңы салынған. Былтырдың өзінде 22 шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар келе жылы да жалғасатын болады. Біз осындай нысандарды ауылдарға көптеп салуға баса көңіл бөліп отырмыз”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
“ALAÑ” жобасы – футбол индустриясын өркендететін ауқымды бағдарлама. Ол Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың бастамасымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
“Бұқаралық футбол болмаса, біздің кәсіби футболымыз дамымайды. Жобаның мақсаты жай алаң салу емес, оның балаларға қолжетімді болуын қадағалау”, – деді Әділет Барменқұлов.
Жиында бағдарламаның жұмысы таныстырылып, алаңның сапасы тексерілді. Бұдан соң, Ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің пасынан кейін жаңа алаңдағы алғашқы голды соқты. Ал ашылу салтанаты аяқталған соң, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов пен танымал футболшы Самат Смақов жаңа алаңда балалармен жаттығу өткізді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.