«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір жұртшылығына Сабыр Сеңкібаевтың есімі етене таныс. Біздің облыста ғана емес, ежелден ауылы аралас, қойы қоралас Көкшетау өңірінде де бұл азаматтың есімі ерекше құрметпен аталады. Саналы ғұмырын педагогикаға арнап, білім саласын жетілдіруге бар қарым-қабілетін жұмсап жүрген жерлесіміздің ғылымға сіңірген еңбегі аз емес.

“Әркімнің өз жері – Мысыр шаһары” демекші, Сабыр Тәли­ұлы үшін туған жер – алтын қа­зық. Кір жуып, кіндік кескен, бал дәурен – балалық шағы өткен Киров ауылын ол жақұт мекенге балайды. Сабыр Сеңкібаев 1954 жылы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Арғы аталары аталмыш аудандағы “Украин” кеңшарына қарасты Молалы де­ген жерде түтін түтетіпті. Атасы Сеңкібай туған-туысқандары­мен бірге өткен ғасырдың 50-ші жылдары Киров ауылына қоныс аударған. Елді мекен алға­шын­да Молалы, “Аңшылар артелі”, “Қызыл партизан”, кейін “Киров” ұжымшары деп аталған. Бүгінде бұл ауылға Баймағанбет Ізтө­лин­нің есімі берілген. Сабыр Тәлиұлы туған ауылындағы се­гіз жылдық мектепті тамамдап, білім нәрімен сусындатқан Қари Сеңкібаев, Болат Әлкебаев, Серікбай Қоныспаев, Жұқаш Темірханов сияқты көптеген ұстаздың алдын көрді. Ал 9-10 сыныпты Жамбыл орта мек­тебінде оқиды. Мектепті бітірген соң Кировта еңбек жолын бастап, бастауыш сынып оқу­шы­ларына сабақ берді.

Отбасына арнаған естелік кітабында Сабыр ағамыз әкесі жайлы: “Тәли Сеңкібайұлы 1907 жылы туған. Кеңес үкіметіне де­йін талай оқиғаларды басынан кешті. Аштық, репрессия сынды қолдан жасалған зұлматтарға куә болды. Алайда ол қиындық­тарға мойыған емес, жақсы өмір сүрді”, – деп жазған. Анасын да сә­би көңілмен еске алады. “1937 жы­лы нағашы атам “ха­лық жауы” деген жаламен тұтқында­лып, итжеккенге 10 жылға кет­кен. Ал 16-ға толмаған шешемді Қарағандының көмір шахтасы­на жіберді. Онда екі жыл болып қайтады. Анам 1931-1933 жыл­дардағы аштықты айтып, кейде көзіне жас алушы еді. “Керзі етік­пен қыста далада масақ, үсі­ген картопты теріп ас қылатын­быз” дейтін. Анам қазақтың кей­бір жыр, дастандарын жатқа айта­тын. Үйге келген қайсыбір кісіні шай ішкізбей жібермейтін. Қыс­та соғым сойған күні кешкі­сін міндетті түрде көрші-қолаң­ды, ағайындарды шақырып, омырт­қа беретін. Бір қызығы ауыл әйе­лі болса да, талғаммен киініп, тамақты да таңдап іше­тін. 2008 жылы 85 жасында дү­ниеден өтті”, – дейді кейіпке­ріміз.

Сабыр Тәлиұлы арман қуып Алатаудың баурайындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетіне атта­нады.

– 1971 жылы облыс орталы­ғы­­на келіп, пойызға билет ал­дым да “Алматы, қайдасың? деп жол­ғ­а шықтым. Сонда вагонда ал­ғаш рет Ербол Шаймерде­новпен таныстым. Оны сырттай білетін­мін. Облыстық “Ленин туы” (қа­зіргі “Soltüstık Qa­zaq­stan”) газе­тіне өлеңдері шығып тұ­ратын. Ақ­жарқын, әң­гімешіл еді. Бір-бірімізбен әң­гімелесе отырып, Алматыға қа­лай жет­ке­німізді де білмей қалдық. Түсе­рінде Ер­бол: “Заң­ды қайтесің, журналис­тикаға бар, жақсы ма­мандық”, – деген кеңесін айтты. Сол түрткі болды ма құжатта­рымды жур­налис­тикаға тапсыр­дым. Ал­ғаш­қы жылы жолым бол­май, елге оралып, келер жылы Қа­зақ мемлекеттік университе­тіне оқу­ға түскенім бар – дейді ол.

Алматы – мыңдаған жастың басын қосқан арман қала. Әсі­ресе, іргелі оқу орнының сту­денті атану – әркімнің еншісіне бұйырмайтын бақыт. Сабыр ағамыз сол бақытқа жетіп, аты­нан ат үркетін білікті мамандар­дың алдын көрді, география-геоморфология факультетінде білім алды. Универ­си­тетте Бай­мақан, Жұмағали, Болат, Ах­мет­­қал сынды тағдыр тоғыс­тыр­ған көптеген адал дос тап­ты. Оқу бітіріп елге оралған соң Пет­ропавлдағы педаго­гикалық инс­титутта, Әбу Дос­мұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатта еңбек ет­ті. Тәуелсіздіктің елең-алаң жыл­да­рында облыстық мұға­лім­дердің білімін жетілдіру және дамыту институты дирек­торы­ның орынбасары, кейін дирек­торы қызметтерін абы­роймен атқарды.

– Жаңадан бой көтерген қа­лалық классикалық мектепті бас­қаруға, облыстық білім де­партаментіне, тіпті білім ми­нистр­лігіне қызметке шақырған болатын. Дегенмен мен осы мұғалімдердің біліктілігін көтеру институтында жұмысымды ары қарай жалғастыра беруді жөн көрдім. Өйткені мені сол жыл­дары қазақ мектептерінің тағ­дыры қатты толғандырды. Білім беру сапасы төмен болды. Қазақ тілі пәнінен жоғары білімі жоқ мамандар дәріс берді. Жа­лақы дұрыс төленбейтін, не жы­лу, не жарық жөнді берілме­ген уақытта халық пе­дагогикасын көтеруді басты мақ­сат еттім, – деген Сабыр Сеңкібаев бүгінде “Өрлеу” бі­ліктілікті арттыру ор­талығы деп аталатын инсти­тутты қиын ке­зеңдерде басқару оңай болма­ға­нын атап өтті. Ол мұғалімдер институтының директоры ре­тінде тұралап қалған оқу ісін жан­дандырып, рес­пуб­ликада алғаш рет “Мағжан­та­ну” бағдарламасын халықтық педа­гогикаға енгізген. Алаш қайрат­керінің 100 жылдығына орай “Мағжан – азамат, ақын, ұстаз” тақырыбында өңірлік ғы­лыми-теориялық конференция ұйым­дастырғанын да айта кет­кеніміз жөн болар.

1994 жылы Мәлік Мұқанов, Жарасбай Сүлейменов сынды азаматтармен қатарлас бірінші шақырылған облыстық мәсли­хаттың депутаты, “Отан” (қазіргі “Amanat”) партиясы төрағасы­ның орынбасары болды. Депутат бола жүріп оқу, білім, ғылым салалары бойынша тұрақты ко­миссияның төрағасы қызметін қоса атқарды.

Көзі ашық, көкірегі ояу аза­мат ғылым жолын да назардан тыс қалдырмады. “Мағжан Жұ­мабаевтың шығар­ма­шылығы мен ағартушылық-педагогикасын оқу бағдарла­ма­сына ен­гізіп, оның тәлімдік ілім­дерін оқу-тәрбие ісінде пайда­лану жолда­ры” тақырыбында кан­дидаттық диссертация қор­ғады. Оның ғылым жолына ке­луіне Серғазы Қалиев, Өмірзақ Оз­ғанбаев, Махметғали Сары­бе­ков, Ғалым Мұтанов сияқты ғалым ұстаздар көп ықпал етке­нін айтып өткен жөн. Ол ақын­ның шығармашы­лы­ғын зерттей отырып, респуб­ликада тұңғыш Мағжанның ағар­тушы педагог екенін дәлел­деп, оның педаго­ги­калық ілімде­рін алғашқылар­дың бірі болып оқу-тәрбие үрді­сіне енгізді. Са­быр Тәлиұлы Мағ­жан педагоги­ка­сы­на арнап төрт монография, 10-нан астам оқу­лық пен оқу-әдіс­темелік құрал жаз­ды. Жүз­ден астам ғы­лыми ма­­қалалары бар. Көпте­ген ха­лықаралық кон­фе­ренция­ларға қатысты. Елі­міз­дің ғылым сала­сы­ның да­муы­на өз үлесін қо­сып, бірқатар жоғары білім оша­ғында студент­терге сабақ берді. Осы уақыттың ішінде 300-ден ас­там ғылым ма­гистрант­тары мен көп­те­ген ба­ка­лавр мамандарды даярлады.

Атақты педагог К.Д.Ушин­скийдің: “Егер мұғалім өз бо­йына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген бол­са, ол – кемел ұстаз” деген сөзі бар. Өзінің бойындағы іскерлігі мен білім-білігін шәкірт бойына дарытқан Сабыр Тәлиұлы ке­мел ұстаздың нақ өзі. Көкшетау қаласындағы бірнеше білім ор­да­сында да оқытушы болды. Әлі күнге дейін ол жақпен бай­ланысы үзілген жоқ. Өз білімін өзгелерге үйретуден ешқашан қашқан емес. Оның тәлімі мен тәрбиесін алған шәкірттері мен студенттері ұстаздарын әрқа­шан құрмет тұтады. Бүгінде олар әр салада табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлес­терін қосуда. Солардың ара­сын­да түрлі сала өкілдері, тә­лімгердің ізін жалғаған ғалым­дар да бар. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар.

Сабыр ағаймен әңгіме бары­сында бір кездері өзіне қолдау білдіріп, тілекші, ниеттес болған жандарды ризашылықпен еске алуын парасаттылықтың белгісі деп ұғындым. Ол өңіріміздің белгілі азаматтары Қарақат Ша­лабаев, Зейнолла Олжабаев, Жамбыл Тасеменов, Әлия Мал­дыбаева мен басқа да көптеген игі жақ­сының жылы сөзі жанға демеу екенін жеткізді.

– Мен Сабырды 1969 жыл­дан білемін. Біздің балалық, жас­тық шағымыз Жамбыл орта мек­тебінен басталды. Оқу бітірген соң жолымыз екі жаққа кетті. Кейін қолымызға диплом алған соң тағдыр бізді Қызылжарда қайта жолықтырды. Өзінің білік­ті­лігінің, табанды ұмтылысының арқасында осы биікке жетті. Оның абыройлы еңбегі – жас­тар­­ға үлгі. Сыныптастары мен за­мандастарының ара­сында сый­лы. Мінезі біртоға, сабырлы. Те­реңнен ойлайтын азамат, – дей­ді сыныптастары­ның бірі Жан­сары Мұржықов.

Педагогика ғылым­да­рының кандидаты, доцент, профессор Сабыр Тәлиұлы 70 жастың төрі­не шығып отыр. Мән­ді де мағы­налы ғұмырын адал еңбек­пен өрген ол ешқа­шан атақ-даңқ, ман­сап-марапат қу­ған емес. Десе де ұлағатты ұстаздың та­банды еңбегі еске­ру­сіз қалған жоқ. Қазақ КСР ха­лық ағарту ісінің үздігі, Қазақ­стан білім беру ісінің құрметті қыз­меткері, елі­міз­дегі жоғары оқу орындары­ның ең үздік оқы­тушы­сы сынды бірталай мара­пат­тары мен түрлі медальдары бар.

– Әкем маған өмір сүруге қа­жетті көп ақыл-кеңес берді. Сол ата-анамның тәрбиесі шеңбе­рінен шыққан жоқпын. Біреуге қиянат жасап, әлдекімнің ала жібін аттаған емеспін. Адал өмір сүріп, адал еңбек еттім. Өмірде соқпақты, бұралаң жол көп қой. Кездескен қиындықтарды әке-шешемнің ақылымен еңсердім, – деген азамат өзінің ұл-қызына да әке ақылын насихат етуде.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp