«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫЛМАС ЖАРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1991 жылдың 29 тамызында табиғат пен адамзатқа орасан зор қасірет әкелген Семей поли­гонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылған еді. Бұл – ядролық қарудан бас тартқан тәуелсіз елдің тарихи қадамы. Міне, со­дан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, алапат зардабын халық әлі ұмыта қойған жоқ.

Қазаққа зор қасірет төндірген жойқын қарудан бас тарту – шы­нымен еліміз үшін үлкен жетістік. Өйткені, Семей полигонындағы сынақтардың 40 жылға созылға­ны белгілі. Өткен тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1947 жыл­дың тамызында КСРО министр­лер кеңесінің шеші­мімен шарт­ты түрде “№2 оқу полигоны” деп ата­латын атом по­лигонын құру туралы қаулы қабылданды. По­лигон құрылысы үшін Семей қаласының батыс беткейіндегі 140 шақырым жер­де арнайы ау­мақ таңдалған. Тарихшылардың айтуынша, аталмыш полигонды салуға соғыстан оралған жа­уынгерлер көптеп тартылыпты. Бұл жерде қатаң тәртіп орнаған. Өйткені, көптеген дерек құпия түрде сақталған.

Алғашқы атом бомбасы (дұ­рысы заряд) сыналған уақыт – 1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы жеті. Дегелең тауы етегінде басталған ядролық қару сынақтары Семей өңірін сар­саңға салғанына тарих куә. Әскерилер ес­телігіне сүйенсек, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақанның үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдам­дықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, сосын аспанға көте­рілген. Отты шар көз жетер жер­дің топырағын ыстық күлге ай­налдырып жібер­ген.

Се­мей ядролық сынақ поли­гоны­ның жалпы ауда­ны 18000 шар­шы шақырымды құ­рады және ол бұрынғы Семей об­лы­сындағы Абыралы ауданы мен Павлодар және Қарағанды об­лыстарының кейбір жерлерін қамтыды. Кеңестік атом бомба­сының сынағы ұлы Абай атамыз дүниеге келген қасиетті мекенде жасалуының өзі ұлтқа зор қауіп төндірді. Бұл жерде кемінде 468 ядролық сынақ жүргізілді, жары­лыстың 100-ден астамы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасал­ды.

Тарихи мәліметтерде 1949-1963 жылдары жүргізілген сынақтардың ядролық қуаты Хи­росимаға тасталған атом бом­басынан 2,5 есе артық болғаны айтылады. Семей полиго­нын­дағы сынақтан 1,3 миллион адам зардап шеккен. Ал есепке алынбаған, күні бүгінге дейін зардап шеккен адам қаншама? Жойқын жары­лыстың салда­рынан қоршаған орта радиоак­тивті газбен лас­тан­ды. Еліміздің Шығыс айма­ғында радиация кесірінен өлім-жітім деңгейі жо­ғары болып, балалар арасында түрлі туабітті аурулар көптеп тарады. Тұрғындардың тағдыры көкпарға салынған өлкеде қа­терлі дертке шалдығу көрсеткіші де осы жойқын жарылыстың кесірінен көбейді. Сондықтан Семей поли­гонын жабу кезек күттірмейтін мәселе еді. Семей полигонында атом бомбасының кезекті сына­ғынан кейін 1989 жылы 12 ақпан­да жердің жары­ғынан радиоак­тивті газдар ауаға бөлініп шық­қан екен. Екі күннен кейін сынақ жасалған эпи­центрден 110 ша­қы­рым жерде радиоактивті фон өте жоғары болған.

Бұл жайт елде антиядролық қозғалыстың құрылуына серпін берді. Оны Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, ғалым әрі ақын Олжас Сүлейменов бас­қарды. “1989 жылдың қазан айын­да біздің акцияларымыз Семей полигонындағы сынақ­тарды тоқтатты, 1989 жылы жоспарланған 18 сынақтың 11-і тоқ­татылды. Ал 1991 жылы та­мызда Семей полигоны ресми түрде жабылды. Елестетіп кө­ріңізші, біз әлемдегі ең қуатты әскери-өнеркәсіптік кешенге қарсы шығып, жеңдік! Бұл – тә­уелсіздікке деген маңызды қа­дамдардың, халықтық демокра­тияның алғашқы көріністерінің бірі болды, – депті Олжас Сүлей­менов бір естелігінде.

Жерлесіміз Асхат Төлепбер­генов – Семей қасіретінің куәсі. Ол 1970-1972 жылдары Семей полигонында №14387 және №65538 бөлімдерде әскери боры­шын өтеген. Еліміздің әр өңірінен тепсе темір үзетін, сайдың тасындай жігіттер Се­мей, Қарағанды, Павлодар об­лыстарының орта тұсында орна­ласқан Дегелең тауының ете­гін­де орын алған жайттарды бір сәт те есінен шығарған емес.

– Темір балқып, таудың тас­та­ры жарылыстан кейін қып-қызыл бо­лып күйіп кетеді. Әрине, оның ті­рі жан баласының денсау­лы­ғына зиян тигізгенін айтып жет­кізу мүмкін емес. Мә­селен, сапта тұрған сарбаздар есінен танып, құлап қалатын. Әске­рилер күн сәулесінің әсері деп мәселенің мәнісін ашық айт­пайтын. Аптап ыс­тық болатын­дай Семей еліміз­дің оңтүстігінде орналаспаған. Сондықтан бұл жағдай бізге кү­мән туғызды. Бас­тапқы кезде Де­гелең тауында болған жары­лыстың мәнісін түсінбедік. Екі жыл бойы сол жердің ауасымен тыныстап, суын іштік. Өкініштісі сол, яд­ролық жары­лыстардан ауаға тараған радиа­ция салдарынан борышын өте­ген көп сарбаз айықпас дертке шалдықса, кей­бірі өмірден жас кетті, – деген “Семей полигоны” қоғамдық бір­лестігі облыстық филиалының төрағасы Асхат Төлепбергенов бүгінде аталмыш ұйым құра­мында 235 адам бар екенін айт­ты. Жалпы біздің облыстан Се­мей полигонына қатысқан 500-ден астам адам тіркеуде тұр. Соның ішінде 130 адам облыс орталы­ғында тұрады. Қолында жары­лыс орын алған жерде болғанын растайтын құжаты бар 28 адам ғана мемлекеттен жәр­демақы алып отыр. Олар тегін жолақы­мен қамтамасыз етіліп, жыл сайын сауықтыру ке­шен­деріне барып ем қабылдайды, үш жылда бір рет тістерін емде­теді. Алайда қоғамдық бірлестік төрағасы Семей полигонында болған өңірдегі барлық адамға бірдей жағдай жасалып, бәрі мемлекеттік жәрдемақы алға­нын қалайды.

Облыстық мемлекеттік мұра­ғаттың ұйымдастыруымен өткен “Семей ядролық полигоны: жа­рылыссыз 35 жыл” атты “дөңге­лек үстел” барысында осы мә­селені ортаға салған Асхат Төлепбергенов жа­рылыстан зар­дап шек­кен аза­маттардың мәр­тебе алуы мұңға айналғанын атап өтті.

– Барлығымыз азаматтық боры­шымызды бір әскери бөлім­де өтеген соң өзге­лерінің де жеңілдікке ие бол­ға­нын, ар­нау­лы мәртебе беріл­генін қалай­мын. Себебі, оларға да қымбат дәрілер, госпиталь­дерде ғана алуға болатын ем-дом шара­лары қажет. Ал мені­мен бірге әскери борышын өтеген кей­бір жігіттер әлі күнге дейін үкімет тарапынан жеңілдік ала алмай жүр, – деді ол. Бұл орайда по­ли­гонда денсаулығына зақым ти­ген азаматтардың құқығын қор­ғау, мемлекет тарапынан белгі­ленген жеңілдіктерге қол жеткізу­ге көмектесу мақсатында еліміз­дің көптеген облыс­та­рында “Се­мей полигоны” қоғам­дық бірлес­тіктері құрылған. Мұн­дай ұйым өз жұмысын біздің облысымызда 2016 жылы бастаған болатын. Бүгінде Шал ақын, Қызылжар, Есіл, Жамбыл, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тайынша ауданда­рында да аталмыш ұйымның филиалдары жұмыс істейді. Бір­қатар ауданда Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шек­кен ардагерлерге арналған ес­керткіш те бой көтергенін айтып өту қажет. Алайда мәселе ес­керткіш қоюмен шектелмейді. Олардың бәріне мемлекеттік мәртебе берілсе орынды болар еді.

Аталмыш полигонда әскери қызметте болған “Семей поли­гоны” қоғамдық бірлестігі Ақ­қайың аудандық филиалының төрағасы Юрий Дьяков та – сол сынақтың қасіретін басынан өткерген жан. Ол радиацияға ұшыраған адамнан ауыр дертке шалдығу қаупі келесі ұрпаққа да берілетінін айтып, 14 жастағы қызының бойынан генетикалық ауру анықталып, айдың-күннің аманында баласынан көз жазып қалғанын өкінішпен жеткізді. Он жыл бойы қызының өмірін сақтап қалу үшін күрескен әкенің ай­туынша, бұл – полигон зардабы. Өкінішке қарай, мұндай жағдай­лар жетіп артылады. Сондықтан өскелең ұрпақ бейбіт күннің қадірін біліп, халқымыздың ба­сы­нан небір ауыр сынақтар өт­кенін ұмытпауы тиіс. Семей по­лигонына қатысқан азаматтарға да лайықты құрмет көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp