Өңіріміздегі балық шаруашылығы инспекциясы сауда орындарында күмәнді рейдтер жүргізген. Кейін анықталғандай, бұл іс-шаралар заңсыз болып шықты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл заң бұзушылықты әлеуметтік желіге жарияланған жазбаның арқасында анықтаған.
Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері полицейлермен бірлесіп, рейдтер жүргізген. Олар Петропавл және Астана қалалары, сондай-ақ Ақмола облысының сауда орталықтарында болған. Тексеру нәтижелері туралы Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бұл ақпаратты оқып, іс-әрекеттерінде заң бұзушылықтар бар деп тапқан.
– Желідегі жазбалардан рейдтер осы жылдың қаңтар, мамыр және шілде айларында болғанын байқауға болады. Мамандар балық аулауға тыйым салынған құралдарды тексерген. Осындай рейдтердің бірінде Әкімшілік кодекстің 389-бабы бойынша әкімшілік іс те қозғалыпты. Аталмыш бап жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін заңсыз сатып алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтауға қатысты, – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айдос Кеңбейілов.
Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына сәйкес, уәкілетті орган тексеру іс-шараларын тек тікелей балық шаруашылығы су айдындарында жүргізуге құқылы екен.
Сауда нысандарын тексеруге келетін болсақ, тыйым салынған құралдарды заңсыз сатуды анықтау үшін де инспекторлар бірқатар талаптарды сақтауы керек. Ең алдымен, олар тексерулерді тағайындау туралы актіні ұсынуға міндетті. Сонымен қатар құжат құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелуі керек. Алайда мұндай тіркеу болмаған. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада “рейд” немесе “рейдтік іс-шара” сияқты мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысаны жоқ.
Өз кезегінде отырысқа қатысқан балық шаруашылығы инспекция бөлімінің бас маманы Амангелді Қажығалиевтың айтуынша, бұл тек профилактикалық рейдтер болған. Инспекторлар тек жадынамалар таратып, қандай балық аулау құралдарын сатуға тыйым салынғанын түсіндіріпті. Алайда, балық инспекциясының әлеуметтік желілеріндегі жазбаларда “3-24 шілдеде Есіл облысаралық бассейндік инспекциясының мамандары Ақмола облысының сауда нүктелерінде, Астана және Петропавл қалаларында рейдтік іс-шаралар жүргізді. Ол тыйым салынған балық аулау құралдарының заңсыз саудасын анықтау және бұғаттауға бағытталды. Балық аулауға тыйым салатын шаралар анықталған жоқ” деп жазылған.
Шындық “тайға таңба басқандай” болғанымен, балық инспекциясының өкілі бұл жазбаның мағынасына түсініктеме бере алмады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы мамандары егер инспекторлар профилактикалық әңгімелер мен түсініктемелер өткізуді жоспарласа, онда бұл өз аумағында жүргізілуі керек екенін айтты. Сондай-ақ бұл жұмысты өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында жүргізуге болады.
Нәтижесінде Есіл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы қызметкерлерінің іс-әрекеттерінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу белгілері бар деп танылды.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы барлық жағдайды тексереді. Бұзушылық расталған жағдайда қадағалау органы кінәлі лауазымды адамдарды қатаң жауапқа тарта отырып, шаралар қабылдайтын болады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.