«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заңсыз жүргізілген тексеріс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі балық шаруашылығы инспекциясы сауда орындарында күмәнді рейдтер жүргізген. Кейін анықталғандай, бұл іс-шаралар заңсыз болып шықты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл заң бұзушылықты әлеуметтік желіге жарияланған жазбаның арқасында анықтаған.

Есіл облысаралық бассейн­дік балық шаруашылығы инс­пекциясының қызметкерлері по­лицейлермен бірлесіп, рейдтер жүргізген. Олар Петропавл және Астана қалалары, сондай-ақ Ақ­мола облысының сауда орта­лықтарында болған. Тексеру нә­тижелері туралы Instagram әлеу­меттік желісінде жариялан­ған. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бұл ақпаратты оқып, іс-әрекеттерінде заң бұзушы­лық­тар бар деп тапқан.

– Желідегі жазбалардан рейдтер осы жылдың қаңтар, ма­мыр және шілде айларында бол­ғанын байқауға болады. Ма­ман­дар балық аулауға тыйым са­лын­ған құралдарды тексер­ген. Осын­дай рейдтердің бірін­де Әкім­шілік кодекстің 389-бабы бо­йын­ша әкімшілік іс те қозғалып­­­ты. Аталмыш бап жабайы жан­уар­лар мен өсімдіктердің түр­ле­рін заңсыз сатып алу, өт­кізу, тасы­мал­дау, әкелу, әкету, сақ­тау­ға қа­тыс­ты, – деп атап өт­ті об­лыстық кәсіпкерлер пала­тасының бөлім басшысы Айдос Кеңбейілов.

Кәсіпкерлік кодекстің норма­ларына сәйкес, уәкілетті орган тек­серу іс-шараларын тек тіке­лей балық шаруашылығы су ай­дын­дарында жүргізуге құқылы екен.

Сауда нысандарын тексе­ру­ге келетін болсақ, тыйым салын­ған құралдарды заңсыз сатуды анықтау үшін де инспекторлар бірқатар талаптарды сақ­тауы керек. Ең алдымен, олар тексерулерді тағайындау тура­лы актіні ұсынуға міндетті. Со­нымен қатар құжат құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелуі керек. Алайда мұндай тіркеу болмаған. Сондай-ақ қол­даныстағы заңнамада “рейд” немесе “рейдтік іс-шара” сияқты мемлекеттік бақылау мен қа­дағалау нысаны жоқ.

Өз кезегінде отырысқа қа­тысқан балық шаруашылығы инс­пекция бөлімінің бас маманы Амангелді Қажығалиевтың ай­туынша, бұл тек профилактика­лық рейдтер болған. Инспек­тор­лар тек жадынамалар таратып, қандай балық аулау құралдарын сатуға тыйым салынғанын түсін­діріпті. Алайда, балық инспек­ция­сының әлеуметтік желіле­рін­дегі жазбаларда “3-24 шілдеде Есіл облысаралық бассейндік инс­пекциясының мамандары Ақ­мола облысының сауда нүк­те­ле­рінде, Астана және Петро­павл қа­лаларында рейдтік іс-шаралар жүргізді. Ол тыйым салынған ба­лық аулау құрал­дарының заң­сыз саудасын анық­­тау және бұғат­тау­ға бағыт­талды. Балық аулауға тыйым салатын шаралар анық­талған жоқ” деп жазылған.

Шындық “тайға таңба бас­қандай” болғанымен, балық инс­пекциясының өкілі бұл жазба­ның мағынасына түсініктеме бере алмады.

Облыстық кәсіпкерлер пала­тасы мамандары егер инспек­торлар профилактикалық әңгі­мелер мен түсініктемелер өткі­зуді жоспарласа, онда бұл өз ау­мағында жүргізілуі керек екенін айтты. Сондай-ақ бұл жұмысты өңірлік кәсіпкерлер палата­сы­ның алаңында жүргізуге бола­ды.

Нәтижесінде Есіл облысара­лық балық шаруашылығы бас­сейн­дік инспекциясы қызмет­кер­лерінің іс-әрекеттерінде ла­уа­зымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және жеке кәсіпкер­лік субъектілеріне тексеру жүр­гізу тәртібін бұзу белгілері бар деп танылды.

Солтүстік Қазақ­стан облы­сы­ның прокуратурасы барлық жағ­дайды тексереді. Бұ­зушы­лық расталған жағдайда қа­да­ғалау органы кінәлі лауа­зымды адамдарды қатаң жауапқа тарта отырып, шаралар қабылдайтын болады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp