Есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс азамат Кемел Қарашаұлы Оспановты мен де көптен білемін. Оның туған ауылы Бұлақта сонау 1969-1971 жылдарда әскерде бірге болған, бүгінде туған бауырымдай болып кеткен жан жолдасым Қадіржан Шопанаев тұрады. Сол Қадіржанды қарапайымдылығын, адалдығын, еңбекке деген құлшынысын, ақ ниетін, пәк көңілін бағалағаным шығар, жұрттан ерек жақсы көремін, сағынып тұрамын. Міне, жарты ғасырдан асты, Бұлаққа араға жыл салмай барып-жүруімнің бір себебі осы. Кездескен сайын Қадіржан: “Сен журналиссің ғой, мүмкін бір қажетіңе жарап қалар, жазарсың”, – деп, өз ауылының жақсы-жайсаңдарын жіпке тізеді. Сөйтіп, сол кездері атақ-даңқы дүркіреп тұрған Бұлақтың біраз азаматтары менің сүйікті кейіпкерлеріме айналды. Қадіржан ерлі-зайыпты Қараша, Қарапа деген адамдарды да аузынан тастамайтын. “Кешегі қан-майдан соғысқа қатысып, өңіріне орден-медальдің неше түрін тағып оралған Қарекең өмірден ертерек кетіп қалды. Ал апамыз бертін қайтты. Екеуі де бүкіл ауылды аузына қаратқан қадірлі адамдар болды. Осы өңірге есімі кең жайылған атақты Оспан қажының ұрпағы ағамыз соғыстан кейінгі өмірін ұстаздықпен өткізсе, 9 баланың анасы Қарапа да еңбектен қол үзген жоқ, кеңшарда есепші болды. Тілге шешен, өте өткір адам еді. Балаларына да жақсы тәрбие берді. Бір ұлы Кемел қалада әкімдіктің маңында қызмет істейді.
Кемелмен бертін қызмет барысында жиі араласып жүрдік. Бірақ кең отырып әңгімелесудің, ақтарылып сырласудың сәті түспепті. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы қарсаңында Түркияның Кастамону және Анкара қалаларына жол түсті. Солтүстікқазақстандықтар делегациясын сол кезде облыстық тiлдердi дамыту басқармасын басқаратын Кемел бастап барды. Бірнеше күн бірге жүрдік. Бірақ бағдарламаға енгізілген мәселелердің көптігі де әсер еткен болар, шешіліп әңгімелесе алмадық.
Өткен жылы Қожаберген Толыбайұлының дүниеге келгеніне 360 жыл және “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” кезеңінен сыр шертетін “Елім-ай” дастанына 300 жыл толды. 2023 жылдың маусым айының алғашқы күндерінде Түркістанда осы даталарға орай бірнеше шара ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан облысынан Кемел екеуіміз қатыстық. Міне, осы сапарда Кемелдің біраз сырына қанықтым. Бұл жақта да онымен таныс-біліс азаматтар аз емес екен. Жалпы Кемел – ашық, көпшіл, кішіпейіл азамат. Бәрі жүзінде тұр ғой. Оның үстіне елгезектігі, үлкенді сыйлай білетін мінезі тағы бар. Біздің өңірге келе жүріп оның қамқорлығын көрген ағалары, үлкен ғалымдар, жазушылар құшақтарын айқара ашып, жылы амандасып жатты. Солардың бірі сөз арасында: “Аманшылық болса, сенің де мерейтойың жақындап қалды ғой”, – деген еді. Кемел болса “иә, иә” деп күле берген. “Қандай мерейтой? Былай қарасаң, Кемел жап-жас”. Қонақүйге оралғаннан кейін осы әңгімені қозғадым.
– Ой, Жәке, біз де алпысқа иек артып қалдық қой, – деді ол жүзіне күлкі үйіріліп.
– Қайдағы алпыс?!
– Рас айтамын. Жұмыс, жұмыс деп жүріп біз де уақыттың қалай тез өткенін байқамай қалыппыз ғой?!
– Олай болса, сіз туралы бір мақала жазайын.
Ол ойланып қалды. Сәлден соң ғана “Ол қалай болар екен, сіздердің әріптестеріңіздің арасында шенеуніктер туралы қалам тартатындар мүлде сирек қой”,–деді. “Сіз ол қатарға жатпайсыз, руханият, тіл жанашырысыз. Қамалып кабинетте отырған адам емессіз, үнемі бұқаралық шаралардың бел ортасында жүресіз. Сіздің бастамаңызбен өмірге келіп, орнығып қалған қаншама жақсы жобалар бар…”
Осы сәтте менің ойыма Кемел Оспановтың бастамасымен өмірге келген республикалық “Мағжан көктемі” өнер фестивалі оралды. 2011 жылдың жазында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, атақты қаламгер Әбіш Кекілбаев бастаған қазақтың жақсы-жайсаңдары Қызылжарға жиналды. Осылай мұнда алғаш рет “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалінің жалауы желбіреді.
Қазылар алқасының төрағасы Әбіш Кекілбаев өзінің қорытынды сөзінде: “Бүгінгі күн Қызылжар аспанында жыр пайғамбарының рухы ерекше асқақтағанымен есімізде қалады. Ол үшін біз осы шараны ұйымдастырып, бәрімізге қуаныш сыйлаған Кемел інімізге ақ жүректен шыққан алғысымызды арнауымыз керек”, – деп тебіренген еді.
“Мағжан көктемі” бұдан кейін де Кәкімбек Салықов, Ғалым Жайлыбай, Серік Тұрғынбеков, Жәркен Бөдешев сынды ұлы ақынды қадір тұтатын жыр жүйріктерін Қызылжарда төрт рет тоғыстырды. Солардың бәрінің ортасында Кемел жүрді. Әрине бұл арада Кемел Оспановтың ұйымдастыруымен өткен барлық шараларды тізіп шыға алмаймыз. Тек оның ұйымдастырушылық қабілетінің, ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүрге деген құрметінің Қазақ хандығының – 550, Қожаберген жыраудың 350 жылдығын мерекелеу, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Сафуан Шаймерденов, Есләм Зікібаев сияқты дара тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық шараларды өткізу кезінде де жарқырай көрінгенін айтқым келеді.
Кемел Қарашаұлының мемлекеттік тілді дамытуға сіңірген еңбегі – бір төбе. Ол облыстық тілдерді дамыту басқармасына басшылық еткен жылдары 11 аудан жаңа атауға ие болды, 59 елді мекеннің транскрипциясы өзгертіліп, жаңаша аталды, Петропавл қаласындағы 57 көшеге жаңа атау берілді, еліміздің көрнекті қайраткерлерінің есімдерін 26 білім және мәдениет мекемесі иеленді.
Жоғарыда айтқанымдай, Кемел Қарашаұлымен сапарлас болып, “ТҮРКСОЙ” ұйымдастырған шараларға қатыстық. Ол жай ғана қатысып қойған жоқ, Түркияның Анкара, Стамбул университеттерінде ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің алдында терең мазмұнды баяндамалар жасап, тыңдаушыларын тәнті етті. Әзірбайжанның Баку қаласындағы жетекші университеттерде және ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штабпәтерінде сөз сөйлегені – бөлек әңгіме.
Көзі қарақты оқырман жоғарыда айтылғандардан-ақ Кемел Қарашаұлы кәсіби деңгейі жоғары, терең білімді, тәжірибесі толысқан, еңбексүйгіш, өз ісіне адал, жауапкершілігі зор маман, басшы деп ой түйеріне күмәнім жоқ. Бірақ оның біз білмейтін сырлары да көп екен. Түркістанда екеуара болған әңгімеден осыны аңғардым. Олай болса, патша көңіл оқырман, осы әңгімені Кемелдің өз аузынан естігендеріңіз жөн болар:
“Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов – менің туған нағашым, анам Қарапаның ағасы. Менің 4 жасар бала кезім болуы керек, “Оқжетпес” шипажайында дем алған Шамшыбану анамыз екеуі Бұлаққа соғады. Есік алдында ойнап жүрген мен нағашымды бас салып құшақтай алыппын. Мені көтеріп үйге кірген бетте ол: “Қарапа, мына баланы маған берсеңші”, – депті. Сол кезде үнемі шаруамен жүретін әкем үйде болмаса керек, соған қарамастан анам ағасының көңілін қимай мені нағашыма ертіп жіберіпті. Сол кеткеннен мен ауылға 3 жылдан кейін бір-ақ оралдым. Мектеп табалдырығынан аттайтын кезім таяп қалған. Ауылда қалып қойдым. Нағашы әжем Жамал: “Әкең ренжитін болды-ау?” деп Қызылордаға жалғыз кетті. Бұл кезде мен нағашымды “папа”, Шамшыбану анамызды “мама” деп атап кеткем.
Нағашым жыл сайын елге келіп тұрды. Мектепті Бұлақта бітірдім. Бірде анам: “Балам, Жалел “Кемел Қызылордаға келсе, оқуын осында жалғастырса” деп сәлем айтып жіберіпті, қалай қарайсың?”–деді. Мен қарсы болған жоқпын. Ақыры солай болды. Жоғары білімді Қызылордада алдым…”
Кемел Қызылордада, нағашысының қасында өткізген күндерін ерекше бір қимастық сезіммен еске алған еді. Өйткені сол жылдары ол қазақтың Кәкімбек Салықов, Мақтай Сағдиев сынды арда азаматтарын, жезтаңдай әнші Роза Бағаланованы тұңғыш рет көргенін, солардың әңгімелерін тыңдағанын, аға-апаларының алдында Абайдың әндерін шырқағанын қалай ұмытпақ?!
Түбінде елге оралу нағашысының да ойында жүрсе керек, Кемел институтты тамамдағаннан кейін ол кісі “елге барайық, сол жерде қызмет істейсің”, – деп әңгіме қозғай бастайды. Сөйтіп, жас маман Бұлақтың іргесіндегі Корнеевкадағы музыка мектебіне орналасып, ұстаздық жолға түседі. Алайда сол күзде міндетті әскери борышын өтеуге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Благовещенка әскери горнизоны жас сарбаздарының қатарына қосылады. Жауынгерлердің өмірі белгілі ғой: таңертеңнен кешке дейін жаттығулар, басқаға мойын бұруға уақыт жоқ. Соған қарамастан Кемел өзінің әншілік өнерін шыңдау мақсатында көркемөнерпаздар үйірмесіне жазылады. Бұл жаңалық жауынгерлер арасына тез тарап, Кемелге қолқалап ән айтқызатындар көбейеді.
Осылай күндер өтіп жатты… Бір күні жауынгер досы: “Ертең біздің бөлімге генерал-майор Шатковский келеді екен, Қиыр-Шығыс округінің ән-би ансамбліне әншілер таңдайтын көрінеді, көр де тұр, Кемел сені де әкетеді”, – деді. Айтқандай, рота командирі таңғы астан кейін Кемелді комиссияның алдынан бір-ақ шығарды. Төрде отырған генерал “екі ән орындайсың” деді. Кемел өзінің сүйікті әні Абайдың “Көзімнің қарасынан” бастады. Кезек орысша әнге келгенде де іркілген жоқ, өзі қызметтес жолдастарына күнде айтып жүрген “На солнечной поляночкені” шырқай жөнелді.
Комиссия кеткелі де біраз болып қалған, бірақ қандай шешімге келгендері белгісіз. Осылай ала-көңіл болып жүргенде Кемел Новосібірдің ән-би ансамбліне баратыны жөнінде хабар алды. Осында ол генерал-майор Шатковскиймен екінші рет кездесті. Генерал ансамблдің жетекші дирижері екен: “Кемел, сенің біздің ансамблдің жетекші әншісі болатын мүмкіндігің бар, тек ол үшін жергілікті консерваторияның түскі курстарына қатысып, вокалдан сабақ алуың керек. Біздің ансамбльде 30 жылдан асты, қазақ болған емес”, – деді.
Сол жылдың күзінде консерваторияда вокалистердің конкурсы өтетін болды. Ұстаздарының қалауымен Кемел де қатысатын болды. Бұл жолы қазақ тілінде Абайдың және орыстың екі халық әнін орындады. Осы арада күтпеген жерден қазылар алқасына басшылық етіп отырған әйел: “Балам, бері келші”, – деді. Жақындап барған Кемелге қойған алғашқы сұрағы – “Сенің ұлтың якут емес пе?” “Жоқ, мен қазақпын”. “Талабыңа нұр жаусын, дауысың өте жақсы екен”. Кемел не десін, “Рақмет” деді де шығып кетті. Оған дәлізде қарсы жолыққан Шатковский: “Сен кіммен сөйлескеніңді білесің бе?” – деді. “Жоқ”. “КСРО-ның халық әртісі Людмила Зыкина, атағы жер жарған, бүкіл әлемге әйгілі әнші! Осындай кісінің назарына ілігіп, жоғары баға алып жатырсың, ойлан”, – деді. Кемел генералдың нені меңзеп тұрғанын түсінді. Бұл кезде Кемелдің қызмет мерзімі аяқталуға таяп қалған еді. Генерал кездескен сайын оған “Ауылыңа барып не бітіресің, ансамбльдің құрамында қал” деп жүрген. Бұл әңгіменің шет жағын үйдегілерге де жеткізген. Бірақ олар қолдай қойған жоқ. Сөйтіп, ол әскери борышын абыроймен атқарып, ауылға оралды да, өзінің негізгі мамандығы бойынша қызметін жалғастырып кетті.
Оның тілдерді дамыту, өнер, қоғамның рухани құндылықтары тағы басқа өзекті мәселелерді қозғайтын сараптамалық мақалалары республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып тұрады. Осы ретте оны кәсіби қаламгер десек те қателеспейміз. Оған көз майын тауысып, уақытпен санаспай қадалып отырып тындырған Мағжан Жұмабаевтың “Туған жер” өлеңдер жинағы (құрастырушы), суреттермен көркем безендірілген балаларға арналған “Батыр Баян” кітабы, сол сияқты СҚУ-дың ғалымдарымен бірлесіп шығарған Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын аумақтық жер-су, елді мекен атаулары тарихи және этнолингвистикалық тұрғыдан зерттелген “Атамекен атаулары” кітабы және Мағжан Жұмабаевтың 2 томдығы (құрастырғандар З.Тайшыбай, К.Оспанов, С.Мәлікова) толық дәлел бола алады. Осы арада Кемел Қарашаұлының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттарды құпиясыздандыруға және мұрағат материалдарын жүйелеуге елеулі үлес қосып жүргенін де айта кету жөн.
Ол қарамағындағы қызметкерлерді жүгіртіп қойып, жылы кабинеттте, жұмсақ креслода жан бағып отыратын басшы емес екенін, өзі де үнемі оқиғалардың ортасында жүретінін айттық. Әсіресе, атақты ғалым, академик Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ұйымдастырылып жататын ғылыми-практикалық конференциялардан шет қалып көрген күні жоқ. Алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында Кемел Қарашаұлына осы университеттің “Құрметті профессоры” атағының берілуін осындай жансебіл еңбегінің өтеуі деп білеміз.
Бірде Кемелден атыңды кім қойды, неге осылай қойды деп сұрағаным бар. Ол: “Нағашы әжем Жамал қойыпты, соны неге бұлай қойған деп ешкімнен сұраған да жоқпын, қазақты білесіз ғой, балаларын жайдан-жай атай салмайды, жақсы адам болсын деген шығар”, – деп қысқа қайырған. Алғашында әкесі майданда бірге болған қаруластарының бірінің атын қойған болар деген ой да келген. Әжесі қойса, кемел болсын, еліне, халқына адал қызмет етсін, сыйлы болсын деп қойғаны анық. Ол сол үмітті ақтады.
Әдетте, кейбір әріптестерім әжептәуір дүние жазып соның тақырыбын қоюға келгенде қиналып жатады. Ондай жағдай өз басымда да бар. Бірақ нақ осы мақалаға отырғанда аса қиналған жоқпын. Ауқымы кең, мағынасы терең жалғыз ауыз сөз тақырыпқа өзі сұранып тұрғандай көрінді. Демек, осы еңбегімнің тақырыбын кейіпкердің өз аты деп қабылдасаңыз да, азаматтың көп жылғы еңбегіне берілген баға екен деп түсінсеңіз де қателеспейсіз.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері.