«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі облыс жұртшылығына жақ­сы таныс азамат Кемел Қа­рашаұлы Оспановты мен де көп­тен білемін. Оның туған ауылы Бұлақта сонау 1969-1971 жыл­дарда әскерде бірге болған, бү­гін­де туған бауырымдай болып кет­кен жан жолдасым Қадіржан Шопанаев тұрады. Сол Қадір­жанды қарапайымдылығын, адал­дығын, еңбекке деген құл­шынысын, ақ ниетін, пәк көңілін ба­ғалағаным шығар, жұрттан ерек жақсы көремін, сағынып тұ­рамын. Міне, жарты ғасырдан асты, Бұлаққа араға жыл салмай барып-жүруімнің бір себебі осы. Кездескен сайын Қадіржан: “Сен жур­налиссің ғой, мүмкін бір қа­жетіңе жарап қалар, жазарсың”, – деп, өз ауылының жақсы-жайсаң­дарын жіпке тізеді. Сөйтіп, сол кездері атақ-даңқы дүркіреп тұрған Бұлақтың біраз азаматтары менің сүйікті кейіпкерлеріме айналды. Қадір­жан ерлі-зайыпты Қараша, Қара­па деген адамдарды да аузынан тастамайтын. “Кешегі қан-майдан соғысқа қатысып, өңіріне ор­ден-медальдің неше түрін тағып оралған Қарекең өмірден ерте­рек кетіп қалды. Ал апамыз бер­тін қайтты. Екеуі де бүкіл ауылды аузына қаратқан қадірлі адамдар болды. Осы өңірге есімі кең жа­йылған атақты Оспан қажының ұрпағы ағамыз соғыстан кейінгі өмірін ұстаздықпен өткізсе, 9 ба­ланың анасы Қарапа да еңбектен қол үзген жоқ, кеңшарда есепші болды. Тілге шешен, өте өткір адам еді. Балаларына да жақсы тәрбие берді. Бір ұлы Кемел қа­лада әкімдіктің маңында қызмет істейді.

Кемелмен бертін қызмет ба­ры­сында жиі араласып жүрдік. Бі­рақ кең отырып әңгімелесудің, ақ­тарылып сырласудың сәті түс­пеп­ті. Қазақтың ұлы ақыны Мағ­жан Жұмабаевтың 125 жылдығы қарсаңында Түркияның Каста­мону және Анкара қалаларына жол түсті. Солтүстікқазақстан­дық­тар делегациясын сол кезде облыстық тiлдердi дамыту бас­қар­масын басқаратын Кемел бастап барды. Бірнеше күн бірге жүрдік. Бірақ бағдарламаға енгізілген мәселелердің көптігі де әсер еткен болар, шешіліп әңгі­мелесе алмадық.

Өткен жылы Қожаберген То­лыбайұлының дүниеге келгеніне 360 жыл және “Ақтабан шұбы­рын­ды, Алқакөл сұлама” кезе­ңінен сыр шертетін “Елім-ай” дас­танына 300 жыл толды. 2023 жыл­дың маусым айының алғаш­қы күндерінде Түркістанда осы да­та­ларға орай бірнеше шара ұйымдастырылды. Солтүстік Қа­зақстан облысынан Кемел екеуі­міз қатыстық. Міне, осы сапарда Кемелдің біраз сырына қанық­тым. Бұл жақта да онымен таныс-біліс азаматтар аз емес екен. Жал­пы Кемел – ашық, көпшіл, кі­шіпейіл азамат. Бәрі жүзінде тұр ғой. Оның үстіне елгезектігі, үл­кен­ді сыйлай білетін мінезі тағы бар. Біздің өңірге келе жүріп оның қамқорлығын көрген ағалары, үл­кен ғалымдар, жазушылар құ­шақтарын айқара ашып, жылы амандасып жатты. Солар­дың бірі сөз арасында: “Аман­шылық болса, сенің де мерей­тойың жақындап қалды ғой”, – де­ген еді. Кемел болса “иә, иә” деп күле берген. “Қандай мерейтой? Былай қарасаң, Кемел жап-жас”. Қонақүйге оралғаннан кейін осы әңгімені қозғадым.

– Ой, Жәке, біз де алпысқа иек артып қалдық қой, – деді ол жү­зіне күлкі үйіріліп.

– Қайдағы алпыс?!

– Рас айтамын. Жұмыс, жұ­мыс деп жүріп біз де уақыттың қа­лай тез өткенін байқамай қалып­пыз ғой?!

– Олай болса, сіз туралы бір ма­қала жазайын.

Ол ойланып қалды. Сәлден соң ғана “Ол қалай болар екен, сіздердің әріптестеріңіздің ара­сын­да шенеуніктер туралы қа­лам тартатындар мүлде сирек қой”,–деді. “Сіз ол қатарға жат­пайсыз, руханият, тіл жанашы­рысыз. Қамалып кабинетте отыр­ған адам емессіз, үнемі бұқара­лық шаралардың бел ортасында жүресіз. Сіздің бастамаңызбен өмір­ге келіп, орнығып қалған қан­шама жақсы жобалар бар…”

Осы сәтте менің ойыма Ке­мел Оспановтың бастамасымен өмірге келген республикалық “Мағ­жан көктемі” өнер фестивалі оралды. 2011 жылдың жазында көр­некті мемлекет және қоғам қайраткері, атақты қаламгер Әбіш Кекілбаев бастаған қазақ­тың жақсы-жайсаңдары Қызыл­жарға жиналды. Осылай мұнда ал­ғаш рет “Мағжан көктемі” рес­публикалық өнер фестивалінің жалауы желбіреді.

Қазы­лар алқасының төрағасы Әбіш Кекілбаев өзінің қорытынды сө­зінде: “Бүгінгі күн Қызылжар ас­па­нында жыр пайғамбарының рухы ерекше асқақтағанымен есі­мізде қалады. Ол үшін біз осы шараны ұйымдастырып, бәріміз­ге қуаныш сыйлаған Кемел ініміз­ге ақ жүректен шыққан алғысы­мызды арнауымыз керек”, – деп тебіренген еді.

“Мағжан көктемі” бұдан кейін де Кәкімбек Салықов, Ғалым Жай­лыбай, Серік Тұрғынбеков, Жәр­кен Бөдешев сынды ұлы ақынды қадір тұтатын жыр жүй­ріктерін Қызылжарда төрт рет то­ғыстырды. Солардың бәрінің ор­та­сында Кемел жүрді. Әрине бұл арада Кемел Оспановтың ұйым­дастыруымен өткен барлық ша­раларды тізіп шыға алмаймыз. Тек оның ұйымдастырушылық қа­білетінің, ұлттық құндылықтары­мызға, салт-дәстүрге деген құр­метінің Қазақ хандығының – 550, Қожаберген жыраудың 350 жылдығын мерекелеу, Кәкімбек Са­лықов, Герольд Бельгер, Сафуан Шаймерденов, Есләм Зікібаев сияқты дара тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арнал­ған республикалық шараларды өткізу кезінде де жарқырай көрінгенін айтқым келеді.

Кемел Қарашаұлының мемле­кеттік тілді дамытуға сіңірген ең­бегі – бір төбе. Ол облыстық тілдерді да­мыту басқармасына басшылық еткен жылдары 11 аудан жаңа атауға ие болды, 59 елді мекен­нің транскрипциясы өзгертіліп, жа­ңаша аталды, Петропавл қа­ла­сындағы 57 көшеге жаңа атау берілді, еліміздің көрнекті қай­раткерлерінің есімдерін 26 білім және мәдениет мекемесі ие­ленді.

Жоғарыда айтқанымдай, Ке­мел Қарашаұлымен сапарлас бо­лып, “ТҮРКСОЙ” ұйымдастырған шараларға қатыстық. Ол жай ғана қатысып қойған жоқ, Түркияның Анкара, Стам­бул университеттерінде ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің алдында терең мазмұнды баяндамалар жасап, тыңдаушыларын тәнті етті. Әзір­байжанның Баку қаласындағы жетекші универ­ситеттерде және ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штабпәте­рінде сөз сөйлегені – бөлек әңгіме.

Көзі қарақты оқырман жоға­рыда айтылғандардан-ақ Кемел Қарашаұлы кәсіби деңгейі жоға­ры, терең білімді, тәжірибесі то­лыс­қан, еңбексүйгіш, өз ісіне адал, жауапкершілігі зор маман, басшы деп ой түйеріне күмәнім жоқ. Бірақ оның біз білмейтін сыр­лары да көп екен. Түркістанда екеуара болған әңгімеден осыны аңғардым. Олай болса, патша кө­ңіл оқырман, осы әңгімені Ке­мел­дің өз аузынан естігендеріңіз жөн болар:

“Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов – менің туған на­ғашым, анам Қарапаның ағасы. Менің 4 жасар бала кезім болуы керек, “Оқжетпес” шипажайында дем алған Шамшыбану анамыз екеуі Бұлаққа соғады. Есік ал­дында ойнап жүрген мен наға­шымды бас салып құшақтай алыппын. Мені көтеріп үйге кірген бетте ол: “Қарапа, мына баланы ма­ған берсеңші”, – депті. Сол кез­де үнемі шаруамен жүретін әкем үйде болмаса керек, соған қара­мастан анам ағасының көңілін қи­май мені нағашыма ертіп жібе­ріп­ті. Сол кеткеннен мен ауыл­ға 3 жылдан кейін бір-ақ орал­дым. Мектеп табалдырығынан аттайтын кезім таяп қалған. Ауыл­да қалып қойдым. Нағашы әжем Жамал: “Әкең ренжитін бол­ды-ау?” деп Қызылордаға жал­ғыз кетті. Бұл кезде мен наға­шым­ды “папа”, Шамшыбану ана­мызды “мама” деп атап кеткем.

Нағашым жыл сайын елге ке­ліп тұрды. Мектепті Бұлақта бітір­дім. Бірде анам: “Балам, Жалел “Ке­мел Қызылордаға келсе, оқуын осында жалғастырса” деп сә­лем айтып жіберіпті, қалай қа­райсың?”–деді. Мен қарсы бол­ған жоқпын. Ақыры солай болды. Жоғары білімді Қызылордада ал­дым…”

Кемел Қызылордада, наға­шы­сының қасында өткізген күн­де­рін ерекше бір қимастық сезім­мен еске алған еді. Өйткені сол жылдары ол қазақтың Кәкімбек Салықов, Мақтай Сағдиев сынды арда азаматтарын, жезтаңдай әнші Роза Бағаланованы тұңғыш рет көргенін, солардың әңгімеле­рін тыңдағанын, аға-апаларының алдында Абайдың әндерін шырқағанын қалай ұмытпақ?!

Түбінде елге оралу нағашы­сының да ойында жүрсе керек, Кемел институтты тамамдаған­нан кейін ол кісі “елге барайық, сол жерде қызмет істейсің”, – деп әңгіме қозғай бастайды. Сөйтіп, жас маман Бұлақтың іргесіндегі Корнеевкадағы музыка мектебі­не орналасып, ұстаздық жолға тү­седі. Алайда сол күзде міндетті әскери борышын өтеуге шақыры­лып, Қиыр Шығыстағы Благове­щенка әскери горнизоны жас сар­баздарының қатарына қосыла­ды. Жауынгерлердің өмірі белгілі ғой: таңертеңнен кешке дейін жат­тығулар, басқаға мойын бұруға уақыт жоқ. Соған қарамастан Ке­мел өзінің әншілік өнерін шыңдау мақсатында көркемөнерпаздар үйірмесіне жазылады. Бұл жаңа­лық жауынгерлер арасына тез та­рап, Кемелге қолқалап ән айт­қы­затындар көбейеді.

Осылай күндер өтіп жатты… Бір күні жауынгер досы: “Ертең біз­дің бөлімге генерал-майор Шат­ковский келеді екен, Қиыр-Шығыс округінің ән-би ансамблі­не әншілер таңдайтын көрінеді, көр де тұр, Кемел сені де әкетеді”, – деді. Айтқандай, рота коман­дирі таңғы астан кейін Кемелді ко­миссияның алдынан бір-ақ шы­ғарды. Төрде отырған генерал “екі ән орындайсың” деді. Кемел өзінің сүйікті әні Абайдың “Көзім­нің қарасынан” бастады. Кезек орысша әнге келгенде де іркілген жоқ, өзі қызметтес жолдастарына күнде айтып жүрген “На сол­неч­ной поляночкені” шырқай жө­нелді.

Комиссия кеткелі де біраз бо­лып қалған, бірақ қандай шешім­ге келгендері белгісіз. Осылай ала-көңіл болып жүргенде Кемел Новосібірдің ән-би ансамбліне ба­ратыны жөнінде хабар алды. Осында ол генерал-майор Шатковскиймен екінші рет кездесті. Ге­нерал ансамблдің жетекші ди­ри­жері екен: “Кемел, сенің біздің ансамблдің жетекші әншісі бо­ла­тын мүмкіндігің бар, тек ол үшін жергілікті консерваторияның түс­кі курстарына қатысып, вокалдан сабақ алуың керек. Біздің ансамбльде 30 жылдан асты, қазақ болған емес”, – деді.

Сол жылдың күзінде консерва­торияда вокалистердің кон­кур­сы өтетін болды. Ұстаздарының қалауымен Кемел де қатысатын болды. Бұл жолы қазақ тілінде Абайдың және орыстың екі халық әнін орындады. Осы арада күт­пеген жерден қазылар алқасына басшылық етіп отырған әйел: “Балам, бері келші”, – деді. Жа­қындап барған Кемелге қойған алғашқы сұрағы – “Сенің ұлтың якут емес пе?” “Жоқ, мен қазақ­пын”. “Талабыңа нұр жаусын, дауысың өте жақсы екен”. Кемел не десін, “Рақмет” деді де шығып кетті. Оған дәлізде қарсы жо­лыққан Шатковский: “Сен кіммен сөйлескеніңді білесің бе?” – деді. “Жоқ”. “КСРО-ның халық әртісі Люд­мила Зыкина, атағы жер жар­ған, бүкіл әлемге әйгілі әнші! Осындай кісінің назарына ілігіп, жоғары баға алып жатырсың, ойлан”, – деді. Кемел гене­рал­дың нені меңзеп тұрғанын түсін­ді. Бұл кезде Кемелдің қызмет мер­­зімі аяқталуға таяп қалған еді. Генерал кездескен сайын оған “Ауылыңа барып не бітіре­сің, ансамбльдің құрамында қал” деп жүрген. Бұл әңгіменің шет жағын үйдегілерге де жеткізген. Бірақ олар қолдай қойған жоқ. Сөй­тіп, ол әскери борышын аб­ыроймен атқарып, ауылға оралды да, өзінің негізгі мамандығы бо­йынша қызметін жалғастырып кетті.

Оның тілдерді дамыту, өнер, қоғамның рухани құндылықтары тағы басқа өзекті мәселелерді қозғайтын сараптамалық мақа­лалары республикалық және об­лыстық бұқаралық ақпарат құ­ралдарында жиі жарияланып тұ­ра­ды. Осы ретте оны кәсіби қа­ламгер десек те қателеспейміз. Оған көз майын тауысып, уа­қыт­пен санаспай қадалып отырып тындырған Мағжан Жұмабаев­тың “Туған жер” өлеңдер жинағы (құрастырушы), суреттермен көр­кем безендірілген балаларға ар­налған “Батыр Баян” кітабы, сол сияқты СҚУ-дың ғалымдарымен бірлесіп шығарған Солтүстік Қа­зақстан облысына қарайтын ау­мақтық жер-су, елді мекен атау­лары тарихи және этнолингвис­тикалық тұрғыдан зерттелген “Атамекен атаулары” кітабы және Мағжан Жұмабаевтың 2 томдығы (құрастырғандар З.Тайшыбай, К.Оспанов, С.Мәлі­кова) толық дәлел бола алады. Осы арада Кемел Қарашаұлы­ның саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы­на, саяси қуғын-сүргін құрбанда­рына қатысты құжаттарды құпия­сыздандыруға және мұрағат ма­териалдарын жүйелеуге елеулі үлес қосып жүргенін де айта кету жөн.

Ол қарамағындағы қызмет­кер­лерді жүгіртіп қойып, жылы ка­бинеттте, жұмсақ креслода жан бағып отыратын басшы емес еке­нін, өзі де үнемі оқиғалардың ортасында жүретінін айттық. Әсі­ресе, атақты ғалым, академик Ма­наш Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақстан университетінде ұйымдастырылып жататын ғы­лыми-практикалық конферен­ция­лардан шет қалып көрген күні жоқ. Алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында Кемел Қарашаұлы­на осы университеттің “Құрметті профессоры” атағының берілуін осындай жансебіл еңбегінің өтеуі деп білеміз.

Бірде Кемелден атыңды кім қойды, неге осылай қойды деп сұ­рағаным бар. Ол: “Нағашы әжем Жамал қойыпты, соны неге бұ­лай қойған деп ешкімнен сұраған да жоқпын, қазақты білесіз ғой, ба­лаларын жайдан-жай атай сал­майды, жақсы адам болсын де­ген шығар”, – деп қысқа қайырған. Алғашында әкесі майданда бірге болған қаруластарының бірінің атын қойған болар деген ой да келген. Әжесі қойса, кемел бол­сын, еліне, халқына адал қызмет етсін, сыйлы болсын деп қойғаны анық. Ол сол үмітті ақтады.

Әдетте, кейбір әріптестерім әжептәуір дүние жазып соның та­қырыбын қоюға келгенде қина­лып жатады. Ондай жағдай өз ба­сымда да бар. Бірақ нақ осы ма­қалаға отырғанда аса қинал­ған жоқпын. Ауқымы кең, мағы­насы терең жалғыз ауыз сөз та­қырыпқа өзі сұранып тұрғандай көрінді. Демек, осы еңбегімнің та­қырыбын кейіпкердің өз аты деп қабылдасаңыз да, аза­мат­тың көп жылғы еңбегіне берілген баға екен деп түсінсеңіз де қателеспейсіз.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp