Санаулы күндерден кейін күміс қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталады. Бұл – әр ел, отбасы, бала үшін маңызды сәт. Кез келген ел болашағын ұрпағымен байланыстырады. Ұрпағы білімді, саналы әрі тәрбиелі болса, сол елдің болашағы жарқын болмақ. Өңірде 458 білім ордасы бар, соның 344-і – шағын жинақты мектеп. Жаңа оқу жылында білім ұясына 75 мың оқушы барса, 7,4 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттайтын 1 сынып оқушылары.
Білімді ұрпақ – еліміздің болашағын айқындайтын негізгі фактор. Бұл жолда тынбай еңбек етіп, тер төгетіндер де – ұстаздар. Бүгінгі таңда өңірдің білім беру саласында 17 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан мұғалімдерді қолдау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл жайында таяуда өткен тамыз конференциясында айтылды.
Білім беру саласындағы әрбір жетістік тікелей ұстаздар қауымының еңбегімен байланысты екенін ескерсек, өңірімізде білім беруде жаңашылдығымен, ерекшелігімен көзге түскен педагогтар жетерлік. Соның бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға орта мектебінің география пәні мұғалімі Мұрат Ортамышев. 12 жылдық тәжірибесі бар ұстаз оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ойлап тапқан әдістемесін “Геофуд” деп атаған.
Сабақ барысында балаларға футбол алаңындағы ойыншылардың бейнесі бар онлайн тақта жасау ұсынылады. Бала өткен сабақты қаншалықты меңгергендігіне қарай өзін белгілі бір ойыншы ретінде белгілейді. Шабуылшы гол соғады, жартылай қорғаушы пас береді, қорғаушы қорғаныс туралы ойлайды, қақпашы голды өткізіп жібереді, қосалқы ойыншы – сырттан не болып жатқанын бақылайды. Рефлексиялық белсенділіктің алгоритмі – жеке бағалау және топта пікір алмасу.
– 2023 жылы “География және футбол” деген жоба әзірлеп, Алматы қаласында өткен республикалық байқауға қатыстым. Байқауға көптеген білікті мамандар жиналды. Бағым жанып, бірінші орын алдым. Жұмысым қазылар алқасына ұнады. Ойлап тапқан әдісіме жоғары баға берді, – дейді Мұрат Ортамышев.
Ол байқау кезінде қатты қобалжыған. Себебі байқауға екі күн қалғанда ұйымдастырушылар Астанаға барып 40-қа жуық оқушыға сабақ беру керек екенін хабарлаған. Маңызды сынға санаулы күн ғана дайындалған мұғалім елордаға жеткенде 40 емес төрт мың оқушыға сабақ беретінін білген. “Мен өмірімде осыншалықты көп балаға сабақ беріп көрмеппін”, – дейді ұстаз.
Жаңашыл ұстаз ұсынып отырған әдіс оқушылардың қызығушылығын оятып қана қоймай, тіпті нашар оқитын балалардың да ынтасын арттырады. Олар сабаққа белсене қатысып, тақырыпты меңгереді. Бұл әдісті тек география сабағына ғана емес, басқа пәндерде де қолдануға болады.
Мұрат Ортамышев баланың сабаққа деген ынтасын жоғалтып алмас үшін оқу барысына үнемі жаңалық қосып отыру қажет дейді. Себебі ізденімпаз мұғалімнің шәкірттері де оқ бойы озық болады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.