Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Анна Стратан қола медаль еншіледі. Солтүстікқазақстандық балуан қызды жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды.
Мамлют ауданындағы Меңгесер ауылының тумасы Анна Стратан бұған дейін құрлықтық бәсекелерде өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген. Биыл ол жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде топ жарып, ұлттық құрама сапына алынды. Спортшы артқан сенімді ақтап, Амманда үшінші орынға табан тіреді.
Жеке бапкері Руслан Дәулетовтің айтуынша, соңғы жылдары Мамлют ауданында әйелдер күресі дамып келеді. Қазір қарамағында 35 балуан қыз жаттығады.
– Мамлют ауданында күрес түрлері бұрыннан дамыған. Соңғы уақытта әйелдер күресінен бақ сынайтындар қатары артты. Олардың бірі – Анна Стратан. Шәкіртімді әлем біріншілігіне дайындадым, көп жылғы жаттығулар жемісін берді. Енді көздегеніміз – жастар арасында чемпион атану, – дейді Руслан Дәулетов.
Анна Стратан 57 килограмға дейінгі салмақта өнер көрсетті. Бұрымды спортшы қола үшін күресте Грекия елінің өкілі Майри Маниден 5:1 есебімен басым түсті.
– Маусым айында Азия біріншілігінде қола еншіледім. Міне, араға екі ай салып, әлем чемпионатында үздік үштікке ендім. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз, – деді Анна Стратан.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.