«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Санаулы күндерден кейін күміс қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталады. Бұл – әр ел, отбасы, бала үшін маңызды сәт. Кез келген ел болашағын ұрпағымен байланыстырады. Ұрпағы білімді, саналы әрі тәрбиелі болса, сол елдің болашағы жарқын болмақ. Өңірде 458 білім ордасы бар, соның 344-і – шағын жинақты мектеп. Жаңа оқу жылында білім ұясына 75 мың оқушы барса, 7,4 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттайтын 1 сынып оқушылары.

Білімді ұрпақ – еліміздің бо­лашағын айқындайтын негізгі фактор. Бұл жолда тынбай еңбек етіп, тер төгетіндер де – ұстаз­дар. Бүгінгі таңда өңірдің білім беру саласында 17 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Мемле­кет тарапынан мұғалімдерді қол­дау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл жайында таяуда өт­кен тамыз конференциясында айтылды.

Білім беру саласындағы әрбір же­тістік тікелей ұстаздар қауы­мы­ның еңбегімен байланысты еке­нін ескерсек, өңірімізде білім бе­руде жаңашылдығымен, ерек­ше­лігімен көзге түскен педагог­тар жетерлік. Соның бірі – Мағ­жан Жұ­мабаев ауданындағы Қа­рақоға орта мектебінің география пәні мұғалімі Мұрат Ортамышев. 12 жылдық тәжірибесі бар ұстаз оқу­шылардың пәнге деген қызы­ғу­шылығын арттыру мақсатында ойлап тапқан әдістемесін “Геофуд” деп атаған.

Сабақ барысында балаларға футбол алаңындағы ойыншы­лардың бейнесі бар онлайн тақта жасау ұсынылады. Бала өткен сабақты қаншалықты мең­гер­гендігіне қарай өзін белгілі бір ойыншы ретінде белгілейді. Ша­буылшы гол соғады, жарты­лай қорғаушы пас береді, қор­ғаушы қорғаныс туралы ой­лайды, қақ­пашы голды өткізіп жібереді, қосалқы ойыншы – сырт­тан не бо­лып жатқанын ба­қылайды. Реф­лексиялық белсен­діліктің алго­ритмі – жеке бағалау және топта пікір алмасу.

– 2023 жылы “География жә­не футбол” деген жоба әзірлеп, Алматы қаласында өткен рес­пуб­ликалық байқауға қатыстым. Байқауға көптеген білікті маман­дар жиналды. Бағым жанып, бірінші орын алдым. Жұмысым қазылар алқасына ұнады. Ойлап тапқан әдісіме жоғары баға берді, – дейді Мұрат Ортамышев.

Ол байқау кезінде қатты қобалжыған. Себебі байқауға екі күн қалғанда ұйым­дастырушы­лар Астанаға барып 40-қа жуық оқушыға сабақ беру керек екенін хабарлаған. Маңыз­ды сынға са­наулы күн ғана да­йын­далған мұ­ғалім елордаға жет­кенде 40 емес төрт мың оқушыға сабақ бере­тінін білген. “Мен өмі­рім­де осын­шалықты көп балаға сабақ беріп көрмеппін”, – дейді ұстаз.

Жаңашыл ұстаз ұсынып отыр­­ған әдіс оқушылардың қы­зы­ғушылығын оятып қана қоймай, тіпті нашар оқитын бала­лардың да ынтасын арттырады­. Олар сабаққа белсене қатысып, тақырыпты меңгереді. Бұл әдісті тек география сабағына ғана емес, басқа пәндерде де қолда­нуға болады.

Мұрат Ортамышев баланың сабаққа деген ынтасын жоғалтып алмас үшін оқу барысына үнемі жаңалық қосып отыру қажет дей­ді. Себебі ізденімпаз мұғалімнің шәкірттері де оқ бойы озық болады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp