Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында адалдық пен әділеттілікті бәрінен жоғары қоя отырып, әркім адал еңбек етіп, лайықты құрметке қол жеткізуге тиісті екенін, осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болатынын атап өткені белгілі. Қазақстан Республикасы Конституцияның 1-бабында ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені жазылған. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан берілген, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған орай анықталады. Республиканың азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Әркімнің құқық субьектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқылы. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге, сондай-ақ ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Ата Заңымыздың 83-бабында атап көрсетілгендей, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалар шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы және қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалған. 1948 жылы Бас Ассамблея қабылдаған декларацияда алғаш рет қорғалуы тиіс негізгі адам құқықтары жарияланып, халықаралық құқықтың негізі болып табылады. Соған орай әр мемлекет адам құқықтары саласындағы қандай бір міндеттемелер алып, оларды мүлтіксіз іске асыруға мүдделі. Қазақстан кең ауқымды демократиялық реформалар жүргізе отырып, адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін талапқа сай мүлтіксіз орындап келеді. Демократиялық даму, адам құқықтарын сақтау, заң үстемдігін нығайту бағытында қажетті заңнамалық актілер қабылданды.
Азаматтың құқығын қорғауда жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмау жауапкершілігінің мәні айрықша екенін БҰҰ жүйесі шеңберінде атқарылып жатқан кешенді шаралардан айқын аңғаруға болады. Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың кеңсесі мен оған тиесілі басқармалар адам құқықтарын қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерді бір арнаға топтастырып, әлем бойынша жауап береді. Адам құқықтары саласындағы заманауи мәселелер аясында ой-пікірлер алмасу, талдау және жауап беру форматында түрлі шаралар ұйымдастырады. Негізгі сала бойынша ғылыми зерттеулерді, білім беру, ағарту және ақпараттық сипаттағы іс-шараларды үйлестіріп отырады. Басты жауапкершілік елдердің үкіметтеріне түсетіндіктен, оларға сот төрелігін жүзеге асыру, заңнаманы реформалау және адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды іс жүзінде енгізу мақсатында техникалық көмектер көрсетеді.
Адам құқықтарының сақталуына әркім мүдделі болып, қоғам тарапынан қадағаланып отыруы керек. Бұл орайда құқық қорғау жүйелеріне белгілі талаптар жүктеледі. Үкімет өз азаматтарына қатысты әрекет ету еркіндігін қамтамасыз ететін ұлттық және халықаралық заңдарды басшылыққа алу арқылы құндылықтарды таратып, тәжірибеге енгізетін болса, сенім мен үміт те соғұрлым арта түсері сөзсіз. Адам құқықтарын қорғау туралы декларацияның 29-бабында адам баласының еркін және толық кемелденуіне мүмкіншілік беретін қоғам алдында міндеттері бары жан-жақты айқындалған. Адам өзімен қатар басқалардың да құқықтары мен бостандықтарын лайықты тануы демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіптің және жалпы әл-ауқаттың әділ талаптарына мойынұсынуды білдіреді.
Қазақстан адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық тетіктердің рөлін нығайтуды басты бағдар етеді. Елімізде адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты толыққанды жұмыс істейді, ол конституциялық мәртебеге ие. Бұдан бөлек, адам және бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған омбудсмен бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өтініш “e-Otinish” порталы арқылы жолданады. Іздеу жүйесінде “Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық” тіркелген. Құқықтардың бұзылуына соқтыратын мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен ұйымдардың әрекеттеріне немесе шешімдеріне кез келген уақытта шағымдануға болады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өтініштерді өз құзыреті шегінде келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде (қарау мерзімі 2 айға дейін ұзартылуы мүмкін) қарайды. Өтініш шеңберінде омбудсменге өтініш берушілердің өз құқықтарын қорғау үшін пайдаланылатын тәсілдері, сотқа талап-арызбен жүгіне алатыны, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мән-жайларды тексеру туралы сұрау салу құқықтары түсіндіріледі. Адам құқықтарының бұзылуына қарсы күресте қол жеткен оң нәтижелер көп. Дегенмен, алда атқарылуы тиіс қыруар міндеттер тұр. Өйткені, уақыт алға жылжыған сайын, әсіресе, бүгінгідей озық технологиялар кезеңінде Адам құқықтары декларациясының ережелерін мүлтіксіз сақтау үлкен басымдыққа ие болып отыр. Қазақстан БҰҰ-ның барлық негізгі конвенциялары мен хаттамаларын ратификациялауға, ұлттық деңгейде адам құқықтары саласындағы белсенді өзара іс-қимылдың жұмыс тетіктерін қолдануға белсене араласады. Соған орай елімізде құқық қорғау ұйымдарының, мекемелердің және басқа да субъектілердің алуан түрлілігі орнығып, азаматтардың шексіз тобының өкілдігі мен мүдделерін қорғаудың, инклюзивті қоғам идеясын ілгерілетудің оң өзгерістері аз емес. Президенттің “Адам құқықтары мен Заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы” Жарлығы осы іске ерекше серпін беріп, адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Алқабилер соты үшін істер санаттары кеңейтілді. Конституциялық сот Қазақстан азаматтары тікелей жүгіне алатын құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың аса маңызды тетігі ретінде қайта құрылып, конституциялық бақылаудың жоғары органы ретінде бекітілді. Өтініштерді беру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданып, азаматтарға онлайн-сұрау салу арқылы өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Мұндай тәжірибе Үкімет қызметінің ашық мониторингіне де енгізілді. Әлеуметтік кодекс қабылданып, азаматтардың осал санаттарын қолдауға бағытталды. Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлемақы қосылды. Өлім жазасының күші жойылып, сотталғандардың денсаулығын қорғау азаматтық функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына берілді. БҰҰ-ның балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы факультативтік хаттамалары ратификацияланды. Азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, оған қарсы күрестің алдын алу тетігі оңтайландырылды. Азаптау мен қатыгездікке заңнамалық анықтама беріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық бағытында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Мұндай жағдайларда тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды.
Облыстық қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде болғанымызда қылмыстық-атқару заңнамасының мақсаттары, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзету, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау талаптары талқыланды. Тәртіптік изоляторлар тексерілді. Қылмыстық-атқару заңнамасы Конституцияға және халықаралық құқықтық жалпыға бірдей танылған қағидаттар мен нормаларға негізделетіні, жазаларды орындау мен өтеудің тәртібі, қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шарттары түсіндірілді. Уәкіл кеңсесінің өкілдері өңірдегі бірнеше әлеуметтік мекемені аралады. Олардың қатарында Айыртау ауданына қарасты қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы, жастар үйі, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымы болды. Жатын бөлмелерге, медициналық кабинеттерге, асханаларға ерекше назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі және аурушаң балалармен әңгімелесіп, мекеме қызметкерлеріне ұсыныстар берілді.
“Қазақстанда адам құқықтарын қорғау бойынша мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігерін нығайту” жобасы аясында облыстық сотта құқық қорғау, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен “Кінәсіздік презумпциясы” тақырыбындағы тренингке қатысып, БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісіне сүйене отырып, қылмыстық заңдарды дұрыс қолдану әдістерін әзірлеу, адамдарды заңсыз айыптау мен соттаудан қорғау мәселелері жөнінде ой бөлістім. Адамның кінәлі екендігі заң күшіне енген сот үкімімен танылғанша жасалған қылмысқа кінәлі еместігіне, бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайтынына, өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуге құқы жоқтығына айрықша екпін түсірілді. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында болғанымызда бейнебақылау жүйесін жаңғырту, тұратын жерінен алшақ орналасқандықтан, азаматтарға қамаудан босатылғаннан кейін белгілі бір қолайсыздықтар туындайтыны ескертілді.
Жанат ЖҰМАБАЕВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі.