«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адам құқығы – ең қымбат қазына

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­дың екінші отырысында адал­дық пен әділеттілікті бәрінен жо­ғары қоя отырып, әркім адал ең­бек етіп, лайықты құрметке қол жеткізуге тиісті екенін, осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болаты­нын атап өткені белгілі. Қазақ­стан Республикасы Конститу­ция­ның 1-бабында ең қымбат қа­зына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандық­тары екені жазылған. Адам құ­қықтары мен бостандықтары әр­кімге тумысынан берілген, олар абсолютті деп танылады, олар­дан ешкім айыра алмайды, заң­дар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған орай анықталады. Республиканың аза­маты өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мін­деттер атқарады. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құ­қық­тары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құры­лыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Әркім­нің құқық субьектісі ретінде та­нылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықта­рын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құ­қылы. Тегіне, әлеуметтік, лауа­зымдық және мүліктік жағдайы­на, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, наны­мы­на, тұрғылықты жеріне бай­ла­нысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге, сондай-ақ ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қа­тыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмай­ды. Ата Заңымыздың 83-бабында атап көрсетілгендей, Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқық­тары мен бостандықтарын қал­пына келтіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгеріле­туге ықпал етеді. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адам­дарға есеп бермейді. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағ­дайлардан басқа кезде, өз өкі­леттігінің мерзімі ішінде тұтқын­ға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкім­шілік жазалар шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тар­туға болмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы және қызметін ұйымдас­тыру конституциялық заңда айқындалған. 1948 жылы Бас Ассамблея қабылдаған деклара­цияда алғаш рет қорғалуы тиіс негізгі адам құқықтары жарияла­нып, халықаралық құқықтың не­гізі болып табылады. Соған орай әр мемлекет адам құқықтары саласындағы қандай бір міндет­темелер алып, оларды мүлтіксіз іске асыруға мүдделі. Қазақстан кең ауқымды демократиялық ре­формалар жүргізе отырып, адам құқықтарын қорғау жөніндегі ха­лықаралық міндеттемелерін та­лапқа сай мүлтіксіз орындап ке­леді. Демократиялық даму, адам құқықтарын сақтау, заң үс­темдігін нығайту бағытында қажетті заңнамалық актілер қа­былданды.

Азаматтың құқығын қорғауда жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмау жауапкершілігінің мәні айрықша екенін БҰҰ жүйесі шеңберінде атқарылып жатқан кешенді шаралардан айқын аң­ғаруға болады. Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың кеңсесі мен оған тиесілі басқармалар адам құқықтарын қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерді бір арнаға топ­тастырып, әлем бойынша жауап бе­реді. Адам құқықтары саласындағы заманауи мәселелер аясында ой-пікірлер алмасу, талдау және жауап беру форма­тында түрлі шаралар ұйымдастырады. Негізгі сала бойынша ғылыми зерттеулерді, білім беру, ағарту және ақпараттық си­паттағы іс-шараларды үйлестіріп отырады. Басты жауап­кершілік елдердің үкіметтеріне түсетіндіктен, оларға сот төрелі­гін жүзеге асыру, заңнаманы ре­формалау және адам құқықтары саласындағы халықаралық нор­малар мен стандарттарды іс жү­зінде енгізу мақсатында техника­лық көмектер көрсетеді.

Адам құқықтарының сақталуына әркім мүдделі болып, қоғам тарапынан қадағаланып отыруы керек. Бұл орайда құқық қорғау жүйелеріне белгілі талаптар жүктеледі. Үкімет өз азаматтарына қатысты әрекет ету ер­кіндігін қамтамасыз ететін ұлт­тық және халықаралық заңдар­ды басшылыққа алу арқылы құн­дылықтарды таратып, тәжірибе­ге енгізетін болса, сенім мен үміт те соғұрлым арта түсері сөзсіз. Адам құқықтарын қорғау туралы декларацияның 29-бабында адам баласының еркін және то­лық кемелденуіне мүмкіншілік беретін қоғам алдында міндет­тері бары жан-жақты айқындал­ған. Адам өзі­мен қатар басқа­лар­дың да құ­қықтары мен бос­тандықтарын лайықты тануы де­мократиялық қоғамдағы мо­раль­­дің, қоғам­дық тәртіптің және жалпы әл-ауқаттың әділ та­лаптарына мойынұсынуды біл­діреді.

Қазақстан адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық тетіктер­дің рөлін нығайтуды басты бағ­дар етеді. Елімізде адам құқықтары жөніндегі омбудсмен инс­ти­туты толыққанды жұмыс істейді, ол конституциялық мәртебе­ге ие. Бұдан бөлек, адам және бала құқықтары жөніндегі ом­будсмендер, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған омбудсмен бар. Адам құқықта­ры жөніндегі уәкілге өтініш “e-Otinish” порталы арқылы жолда­на­ды. Іздеу жүйесінде “Адам құ­қықтары жөніндегі ұлттық орта­лық” тіркелген. Құқықтардың бұзылуына соқтыратын мемлекеттік органдардың, лауазым­ды адамдар мен ұйымдардың әрекеттеріне немесе шешімде­ріне кез келген уақытта шағым­дануға болады. Адам құқықта­ры жөніндегі уәкіл өтініштерді өз құзыреті шегінде келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде (қарау мерзімі 2 айға дейін ұзартылуы мүмкін) қа­райды. Өтініш шеңберінде ом­будсменге өтініш берушілердің өз құқықтарын қорғау үшін пайдаланылатын тәсілдері, сотқа талап-арызбен жүгіне алатыны, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мән-жайларды тексеру туралы сұрау салу құқықтары түсіндіріледі. Адам құқықтарының бұзылуына қарсы күресте қол жет­кен оң нәтижелер көп. Деген­мен, алда атқарылуы тиіс қы­руар міндеттер тұр. Өйткені, уа­қыт алға жылжыған сайын, әсіресе, бүгінгідей озық техноло­гиялар кезеңінде Адам құқықта­ры декларациясының ережеле­рін мүлтіксіз сақтау үлкен ба­сымдыққа ие болып отыр. Қа­зақстан БҰҰ-ның барлық негізгі конвенциялары мен хаттама­ларын ратификациялауға, ұлт­тық деңгейде адам құқықтары саласындағы белсенді өзара іс-қимылдың жұмыс тетіктерін қол­дануға белсене араласады. Со­ған орай елімізде құқық қорғау ұйымдарының, мекемелердің және басқа да субъектілердің алуан түрлілігі орнығып, аза­маттардың шексіз тобының өкілдігі мен мүдделерін қорғаудың, инклюзивті қоғам идеясын ілгерілетудің оң өзгерістері аз емес. Президенттің “Адам құқықтары мен Заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары ту­ралы” Жарлығы осы іске ерек­ше серпін беріп, адам құ­қықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Алқабилер соты үшін істер са­наттары кеңейтілді. Конституциялық сот Қазақстан азамат­тары тікелей жүгіне алатын құ­қықтар мен бостандықтарды қорғаудың аса маңызды тетігі ретінде қайта құрылып, консти­туциялық бақылаудың жоғары органы ретінде бекітілді. Өті­ніш­терді беру және қарау тәр­тібін реттейтін заң қабылданып, азаматтарға онлайн-сұрау салу арқылы өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Мұндай тәжі­рибе Үкімет қызметінің ашық мониторингіне де енгізілді. Әлеуметтік кодекс қабылда­нып, азаматтардың осал санат­тарын қолдауға бағытталды. Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлемақы қосылды. Өлім жазасының күші жойылып, сотталғандардың денсаулығын қорғау азаматтық функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің қарауына берілді. БҰҰ-ның балалар мен мүгедек­тердің құқықтары туралы фа­культативтік хаттамалары ратификацияланды. Азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, оған қарсы күрестің алдын алу тетігі оңтайландырылды. Азаптау мен қатыгез­дікке заңнамалық анықтама бе­ріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық бағытында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Мұндай жағдай­ларда тараптардың қайта тату­ласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды.

Облыстық қылмыстық атқа­ру жүйесі мекемелерінде бол­ғанымызда қылмыстық-атқару заңнамасының мақсаттары, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түз­ету, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, қылмыстық құқық бұзушы­лықтардың алдын алу, болдырмау талаптары талқыланды. Тәртіптік изоляторлар тексерілді. Қылмыстық-атқару заңнамасы Конституцияға және халықаралық құқықтық жалпыға бірдей танылған қағи­даттар мен нормаларға негізде­летіні, жазаларды орындау мен өтеудің тәртібі, қылмыстық-құ­қықтық ықпал етудің өзге де шарттары түсіндірілді. Уәкіл кең­сесінің өкілдері өңірдегі бір­неше әлеуметтік мекемені аралады. Олардың қатарында Айыртау ауданына қарасты қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы, жастар үйі, әлеуметтік қызмет көрсету ұйы­мы болды. Жатын бөлмелерге, медициналық кабинеттерге, ас­ханаларға ерекше назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі және аурушаң балалармен әңгімелесіп, мекеме қызметкерлеріне ұсыныстар берілді.

“Қазақстанда адам құқық­тарын қорғау бойынша мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігерін нығайту” жобасы ая­сында облыстық сотта құқық қорғау, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен “Кінәсіздік презумпциясы” тақырыбындағы тренингке қатысып, БҰҰ Бас Ас­самблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісіне сүйене отырып, қылмыстық заңдарды дұрыс қолдану әдістерін әзірлеу, адамдарды заңсыз айыптау мен соттаудан қорғау мәселелері жөнінде ой бөлістім. Адамның кінәлі екендігі заң күшіне енген сот үкімімен танылғанша жасалған қылмысқа кінәлі еместігіне, бір құқық бұ­зушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайтынына, өзіне заңмен көз­делген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуге құқы жоқтығына айрықша екпін түсірілді. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында болғанымызда бейнебақылау жүйесін жаңғырту, тұратын жерінен алшақ орналасқандықтан, азаматтарға қамаудан босатылғаннан кейін белгілі бір қолайсыздықтар туындайтыны ескертілді.

Жанат ЖҰМАБАЕВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp