Петропавлда имамдар мен теологтарға арналған оқыту семинары өтті. Бұл шараға дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысты.
Семинардың мақсаты – тұрғындар арасында теріс діни ағымның таралуына жол бермеу. Өңірге келген дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өз білгендерімен бөлісті. Іс-шараның ұйымдастырушысы облыстық дін істері басқармасының бас маманы Нұртас Нұрмағамбет исламтанушылардың біліктілігін арттыруға баса мән беріліп отырғанын жеткізді.
Қазіргі уақытта өңірлерде теріс діни ағымның арбауына түскен азаматтардың саны артуда. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін елімізде ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейтінін айтып өткен жөн.
– Білімді имам дүйім жұртқа салиқалы әңгіме айтады. Дұрыс діни ілім алған адам теріс ағымның жетегінде кетпейді. Мен семинар барысында масхабсыздық және оның төндіріп отырған қаупі туралы ой толғадым. Ислам шариғатын түсінудегі қателіктер жайлы да сөз қозғалды, – дейді “Нұр-Мүбарак” Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты Сүлеймен Асқаров.
Облыстық дін істері басқармасы өкілдері теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 1800-ге жуық іс-шара өткізген, нәтижесінде 12 мың адам білікті мамандардан ақыл-кеңес алған.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.