“Ұлы дала жорығы” халықаралық марафон-бәйгесі Айыртау ауданынан бастау алды. Шабандоздар облыс аумағын басып өтіп, Астанаға жол тартты. Аламанға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген 17 команда қатысты.
Адамзат баласы алғаш атты ауыздықтап мінген – Ботайдан, ел жүрегі Астанаға дейінгі 500 шақырымды артқа қалдырмақ. Дүбірлі доданың атақты Құлагердің тұяғы тиген аққайыңдар өлкесінен басталуы тегін емес. Басты мақсат – шет мемлекеттерден келгендерге қызырлы Қызылжардың әсем табиғатын паш ету, тарихты жан-жақты таныстыру. Бұл қоныста жабайы жылқы тұңғыш қолға үйретілгенін ұқтыру.
“Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде ұлттық спорт дамып келеді. Соның бір айқын дәлелі – ел астанасында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтейін деп жатыр. Дүбірлі дода арқылы шетелдіктер Қазақстанның тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін көре алады”, – деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Шабандоздардың арасында Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Ресейдің Қарашай-Черкес, Қабардин-Балқар, Татарстан аймақтары және сонау Орталық Еуропада орналасқан Мажарстан елінен келген өкілдер бар. Ал ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу облысының құрамалары қорғайды. Қырғызстаннан келген спортшы Ержан Тоқбермергенов бұл бәйгеге өз елінде тыңғылықты дайындалған екен. Қазақстанға келгеніне төртінші күн ғана болған.
Бір ерекшелігі, дүбірлі додаға қыздар да қатысып жатыр. Бірі – Маңғыстаудан келген “Суын” командасы болса, екіншісі – Ақмола облысының “Томирис” құрамасы. Ал Иран елінен келген шабандоздар мұндай айтулы іс-шараға бірінші рет қатысып отыр.
“Қазақстанда бұрын болған емеспін. Бізді жақсы қарсы алды. Қазақтарды қонақжай халық деп естуші едім, соған көзім жетіп отыр. Жарысқа келетін болсам, 4 ай дайындалдық. Сіздердің елдеріңізге ерте келдік. Себебі, бізге климатқа үйрену керек. Бұл – спорттағы аса маңызды фактор. Басты мақсатымыз – чемпион болу”, – дейді Ираннан келген Амин Рахшон.
Іс-шараны “Amanat” партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев ашып, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау сөзін оқып берді.
“Дүбірлі дода көшпенділердің тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрі мен мәдениетін бүкіл әлемге паш етеді. Түбі бір түркі жұртының жауынгерлік өнері мен мәдени құндылықтарын дамытады. Сондай-ақ бауырлас халықтар арасындағы достықты нығайтады”, – деді “Amanat” партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Содан соң сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловқа берілді. Ол “Ұлы дала жорығы” марафон-бәйгесін салтанатты түрде ашық деп жариялап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шара таң ағара басталса да, оны тамашалауға жиылған көрермендердің қарасы қалың болды. Ең бірінші болып жорыққа Қырғызстаннан келген шабандоздар аттанды. Із суытпай екі минуттан соң маңғыстаулықтар да жолға шықты. Барлық құрамалар Астанаға дейін 500 шақырымды еңсеруі тиіс. Әр 50 шақырым сайын тынығуларына мүмкіндік бар. Дүбірлі дода қыркүйектің 7-сі күні аяқталады. Жарыстың жеңімпазына 100 мың АҚШ доллары беріледі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.