Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген соң мен медициналық қызмет сапасын жақсартуға қатысты айтылған тың ойларға ерекше назар аудардым. Медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Қазіргі таңда тұрғындар сақтандыру жүйесі бойынша қымбат тұратын медициналық көмекке қол жеткізуде. Алайда Президентіміз медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты бірқатар кемшіліктер орын алғанын атап өтті. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттарына тоқталған Мемлекет басшысы бұған жол беруге болмайтынын ескертті. Сондықтан алдағы уақытта мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау міндеті тұр. Ең бастысы тұрғындарға көрсетілетін кез келген қызмет сапалы әрі қолжетімді болуы тиіс.
“Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы бар. Ел дамуына серпін беретін маңызды құжатта бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттыру қажет екені айтылды.
Қазір елімізде сандық жүйе кеңінен қолданыста. Медицина саласын цифрландыруда да оң өзгерістер бар. Десе де әлі жетілдіретін тұстар аз емес. Алдағы уақытта бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасауға басымдық берілуі қажет. Бұл медициналық қызмет сапасын жақсартуға оң ықпалын тигізбек. Сондықтан Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен жөн. Еліміздің экономикалық дамуы, әлеуметтік ахуалы сіз бен біздің жұдырықтай жұмыла еңбек етуімізге байланысты екенін ұмытпауға тиіспіз.
Айна АЙСИНА,
№3 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері.