«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерте қамданған жөн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов Петропавл жылу электр орталығында болып, қысқы жылыту маусымына дайындық жұ­­мыстарымен танысып, жиын өт­кізді.

– Жылыту маусымы Мемле­кет басшысының жеке бақыла­уында. Бүгін дайындықты пысық­тау үшін қаланы жылумен, об­лысты электр қуатымен қамтама­сыз етіп отыр­ған жылу электр стансасында жиналып отырмыз. Инженерлік желілердің тозуы – басты мәселелердің бірі. Жылу желіле­рінің 75, электр же­лілері­нің 88, су­мен жабдықтау же­лі­ле­ріннің 60 па­йызы тозған. Мә­се­лені шешу үшін ауқымды қара­жат керек, – деді Ғауез Нұрмұхам­бетов.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы басқармасының басшы­сы Данияр Қуанышбаев баян­дама жасады. Басқарма басшы­сының сөзінше, қазір қазандық­тардың 98 пайызы қысқа дайын. Бюджеттік мекемелер үшін 140 мың тонна көмір дайындалған. Жеке үйлерге қажетті 209 мың тон­­на көмір әзір. Бұл жалпы қа­жет­­тіліктің 60 пайызы.

Өңір бас­шысы тұр­ғындар көмірді күн суытқанда емес, ерте қамдауы қа­жет екенін, осы бағыт­тағы ақпараттық жұ­мыс­ты күшей­ту керектігін айтты. Бүгінде қа­жет­ті қатты отын қоры бар.

Жиынға қатысқан Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев облыс орталығының қысқа дайындығы туралы баяндады.

– Бүгінде 1117 көпқабатты тұр­ғын үй орталықтандырылған жылу желілеріне қосылған. Атал­ған үйлердің 79 пайызының жы­лыту маусымына техникалық дайын­дығы расталды. Қысқа дайындық бойынша тұрғындар­мен кездесулер өткізілуде. Сонымен қатар желіге қосылған 167 әлеуметтік нысан бар. 100 бі­лім беру мекемесінің 95-і дайын­дық құжатын алды. Қалған бес мектептің төртеуі электр энер­гия­сымен, біреуі көмірмен жылытылады. 25 медицина нысаны­ның бәрі алдағы маусымға дайын. Мә­дени нысандар мен әлеуметтік маңызы бар орындарды техника­лық даярлау, құ­жаттарын алу жұ­мыстары жүргі­зіліп жатыр. Жылу желілерінің то­зуын азайту үшін 7,5 шақырым құбырды жөндеу жос­парланған, – деді Серік Мақсұтұлы.

“Севказэнерго” АҚ-ның бас ди­ректоры Анатолий Казановский мұржалардың жарамдылығы, кадр тапшылығы мәсе­ле­леріне тоқталды. Қыстың ал­дында жылу электр стансасында қазандық пен турбоагрегаттар жөнделген. Бүгінде жұмыс істеп тұрған 2 мұржаның 2025 жылдың жазына дейін жарамды екені тәуелсіз са­раптама нәтижесінде расталған. Ал үшінші мұржаның құ­рылысы жылыту маусымына кері әсер ет­пейді. Қарашаның орта­сына дейін аталған мұржаның биік­тігі 180 метрге жетіп, келесі жазда сырлау, керекті жабдықтар­ды ор­нату жұмыстары жүргі­зіледі. Осы­лайша келер жылдың қазанында мұржа іске қосылатыны айтыл­ды. Стансада көмір мен мазут­тың жеткілікті қоры бар. Биыл мұн­дағы жұмысшылардың ор­таша жалақысы 382 мың тең­геге жет­кен. Электр желілеріне қызмет көрсететін ма­мандардың табысы да өсіп, жаңа кадрлар тартуға сеп­тес­пек.

Бұдан бөлек, жиналыста аудандарды қыста жылу және қуат кө­зімен қамту, саладағы кадр тап­шылығын реттеу, жөндеу брига­даларының жұмысын ұйымдас­тыру туралы айтылды. Ал нысан­дарға тиісті ережеге сай ауа тем­пературасы 3 күн қатарынан 10 градустан төмен болғанда жылу беріле бастайды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp